Ұлытау облысы перзентханаларындағы нәрестелердің 6 пайызы шала туады екен. Осы санаттағы сәбилердің көру қабілеті төмен болу қаупі басым. Көз ауруларын дер кезінде анықтау үшін «Қазақстан халқына» қоры жаңа облыстағы көпбейінді ауруханаға маңдайбинокулярлық офтальмоскопты сыйлады. Заманауи медициналық құрылғымен жұмысі стейтін маман қор есебінен біліктілігін арттырған.
Шала туған балалардың көз ақауы тамырлардың жетілмеуінен пайда болады. Дер кезінде анықталмаса, соқырлыққа әкеледі. «Қазақстан халқына» қоры елдегі 30 шақты емдеу мекемесін осы дертті анықтап, емдейтін құрылғылармен қамтыды. Барлық құрал-жабдықтың жалпы құны 300 млн теңгеден асады. Ұлытау облысындағы жалғыз балалар көздәрігері Айгүл Хамитова, кішкентай пациенттерге сапалы қызмет көрсету үшін арнайы біліктілігін арттырып келген.
– Өмірге келген сәбилерді офтальмоскоп арқылы уақытында, екі аптадан бастап көздің тор қабықтарын тексере бастаймыз. Даму қарқынын тұрақты назарда ұстаймыз. Соған байланысты ретинопияның сатыларын анықтаймыз, ал бұл өз кезегінде соқырлықтың уақытында алдын-алуға негіз қалайды, – дейді жоғары санаттағы балалар офтальмологы А. Хамитова.
Өткен жылғы статистика бойынша, Қазақстанда 30 мыңға жуық шала туған нәресте тіркелген. Ұлытау облысында ай сайын 200 астам бала туса, олардың 6 пайызы мерзімінен бұрын дүниеге келеді дедік. Ал, биыл жыл басынан бері шала туғандар саны 38-ге жетіп отыр. Олардың барлығы жаңа аппаратпен тексерілді. Ешқайсынан ретинопия, яғни, көз ақауы анықталған жоқ. Десек те, бұл нәрестелер екі ай бойы дәрігердің қадағалауында болады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.