Былтырғы жылы Сәтбаев қаласының аумағына қоныс тепкен Ғ. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі басқармасының ғимараты жаңа үлгідегі кешенге айналып келеді. Трест директоры Қайрат Керімқұловтың бастамасымен басқарма ғимаратында еңбеккерлерге барлық жағдай қарастырылып, спорт залдың да жұмысы жолға қойылды.
Іскер басшының жұмысты ұйымдастыруымен қатар заманауи кешен қалыптастырудағы бастамасына трест ұжымы қолдау білдіргеннің нәтижесінде спорт залы жасақталды. Апта басында залдың ашылуы өтіп, трест басқармасы қызметкерлерінің арасында волейболдан өзара жарыс өтті. Оған трест директоры Қайрат Ұзақұлы да қатысып, салауатты өмір салтын ұстануды жастарға үлгі етті. Залда жүгіру жолағы, ауыр атлетикаға арналған жабдықтар мен үстел теннисі қарастырылған. Енді трест еңбеккерлері жұмыстан бос уақытты қалалық спорт кешендерінің залдарын жағалап жүрмей, басқармадағы спорт залында шынығатын болады.
Тағы бір айта кететін жағдай, трест аумағын абаттандыру жұмыстары да жүзеге асып жатқанына көзжетті. Шыршалар мен өзге де жасыл желекпен көгалданатын трест бара-бара еңбеккерлерүшін «жұмаққа» айналмақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.