Облыстың даму бағыттарын алға тартқанда көліктік инфрақұрылым жайын ауызға алмау мүмкін емес. Оның үстіне біздің өңірде жол мен жолаушылар тасымалына қатысты шешімін күткен өткір мәселелер аз емес. Осыған орай, жаңа құрылымдардың бірі «Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жомарт Сәбитұлы БЕГАЕВПЕН сұхбаттасуды жөн көрген едік. Ол бұл мекемені облыстық мекемелер жасақталған өткен жылғы маусым айының аяғынан бері басқарып келеді.
Ж. Бегаев еңбек жолын 2000 жылы «Қазақмыс» корпорациясы шахтасында электр слесары болып бастап, кейін Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін электрлендіру және электрмен жабдықтау мамандығы бойынша бітірді. Кейін Қарағандының «Болашақ» университетінде оқып экономистік дипломын алды. 2003 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Ұлытау ауданы әкімдігінде құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, осы бөлімнің басшысы, әкімнің көмекшісі, аудан әкімі аппаратының басшысы, Жезқазған қаласы әкімінің көмекшісі, аппарат басшысы, қала әкімдігіндегі тұрғын үй инспекциясының басшысы сияқты қызмет жолдарынан өткен. Қазіргі қызметіне тағайындалғанша Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары міндетін атқарды.
– Жомарт Сәбитұлы, әңгімемізді экономиканың күретамыры саналатын жол жағдайынан бастасақ. «Жол қадірін – жүрген біледі» демекші, көлік жүргізушілерінің Қызылорда жолына қатысты жанайқайын естіп келе жатқанымызға көп жыл болды. Алайда, жылда «әне, басталайын деп жатыр» деп жар салып айтылғанымен, аймағымыз үшін маңызы зор Жезқазған – Қызылорда жолының құрылысы қолға алынбай-ақ қойды. Осы жобаның бүгінгі жағдайы туралы не белгілі?
– Бұл республикалық маңызы бар жобамен негізінен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы айналысады. Біздің аймаққа қатысты жолдың 208 шақырымының техникалық-
экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобалау-сметалық құжаттары жасалғанына да біраз мерзім болды. Азия даму банкі арқылы құрылысқа қажетті 90 млрд. теңге қаржы мәселесі де шешілген болатын. Жолды қайта жаңарту 4 учаскеге бөлініп жүргізілмекші. Өткен жылы конкурсқа қатысып, жеңімпаз деп танылған Қытайдың фирмасы осы төрт учаске бойынша атқарылатын жұмыс көлемін есептей келе, 90 млрд. теңге жетпейді деген уәжбен жұмысты бастаудан бас тартты. Баға қымбаттап жатқаны бұған себеп болды. Азия даму банкісінің қаржыландырудағы талабы бойынша конкурсқа жылдық қаржы айналымы миллиондарды құрайтын халықаралық деңгейдегі мердігерлер қатысуы керек көрінеді. Қазақстанда ондай әлеуетті жол салатын фирмалар жоқ. Осы жағдайға байланысты «Қазавтожол» енді конкурсқа қазақстандық фирмаларды қатыстыру жөнінде Азия даму банкімен мәмілеге келу үшін жұмыс жүргізуде. Азия даму банкі көмектесетін болса сметалық жобалау құжаттарына түзетулер енгізілуге тиіс-тін. Бірақ, бүгінге дейін Қызылорда – Жезқазған жолының құрылысына қатысты конкурс әлі жарияланған жоқ.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет биыл Қарағанды – Жезқазған жолына қайта жаңғырту жұмыстары жасалады деген еді. Бұл бағыттағы жолды жөндеу жайы қалай болып жатыр?
– Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту бойынша сметалық-жобалау құжаттары дайындалған. Бұл жобаның да тапсырыс иесі – «Қазавтожол» ұлттық компаниясы. Биылғы жылы 510 шақырымдық автомагистралдың 40 шақырымының құрылысы басталады. Олардың қазіргі айтуы бойынша, биыл салынатын учаске бөлігінің 37 шақырымы біздің облыс аумағында, 3 шақырымы Қарағанды облысының аумағында. Жоба бойынша қайта жаңғыртылу барысында жол екі қатарлы бағыттағы қозғалысты қамтамасыз етеді. Бірінші дәрежелі жол деңгейінде болады.
– Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі Кешенді жоспарында республикалық маңызы бар Ұлытау – Арқалық автожолына орташа жөндеу жүргізу қарастырылған еді. Бұл жұмыстың биыл басталатын мүмкіндігі бар ма?
– Иә, бұл жол да өңір тұрғындары жиі көтеріп жүрген маңызды бағыттардың бірі. Жолдың 143-163 шақырымы аралығындағы 20 шақырымына биыл орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі шешілді. Тапсырыс беруші – «Қазавтожол». Тиісті қаржысы бөлініп, бүгінде конкурс жүріп жатыр. Мердігер анықталған соң жөндеу жұмыстары басталады. Ұлытаудан әрі қарай Көкбұлаққа дейінгі аралық қамтылуға тиіс. Жыл сайын осындай көлемде орташа жөндеу жұмыстарын жалғастыру көзделіп отыр.
– Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен қайта құру бойынша атқарылатын жұмыстар нақтыланды ма? Нақтыланса биыл қай бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі?
– Облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуда жергілікті маңызы бар жолдар бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылады. Өңірде туризмді дамытуға қатысты қолға алынған «Сәтбаев – Малшыбай – Жошы хан кесенесі – Домбауыл» жолының 19,5 шақырымын салу міндеті алда тұр. Бұл жобаның жалпы құны 6,1 млрд. теңге. Облыстық мәні бар жол құрылысының мердігері «Самға» ЖШС-і. Өткен жылы Қарағанды облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен 2 млрд. теңге қаржы, одан кейін біздің облыстық басқарма арқылы 1,4 млрд. теңге игерілген болатын. Енді биылғы жылға ұлттық қордан 1 млрд. теңге бөлініп отыр. Ал, келесі 2024 жылға 3,2 млрд. теңге қаржы бөлінбекші, оның 2,6 млрд. теңгесі мемлекеттің ұлттық қорынан, 624 млн. теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылады. Жоспар бойынша бұл жол 2024 жылы салынып бітуге тиіс.
Сол секілді облыстық мәнге ие Атасу-Қаражал автожолының 28 шақырымын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жалпы қашықтығы 90 шақырымдық бұл жобаны жүзеге асыру 2020 жылдан бері жүргізілуде. Мердігер «Прогресс KZ» ЖШС-і содан бері толық көлемде уақытша айналма жол салды, 11 су өткізетін құбыр орнатты, 13 шақырымға қиыршық тас төсеп асфальттады. Биылғы жылға бөлінген 1 млрд. теңге қаржыға осы жолдың көпірін салу көзделіп отыр. 2024 жылға 2,6 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарланған. Жұмыс әрі қарай жалғасады. Әсіресе, ауыл жағдайы үшін аса маңызды Сәтбаев – Малшыбай – Алғабас – Қаракеңгір жолы салынады. Былтырғы жылы Ұлытау-Қаракеңгір жолы салынған еді. Енді биыл конкурста ұтатын болсақ Қаракеңгірден әрі Алғабасқа қарай 10 шақырым, келесі жылы тағы 10 шақырым салынып қосыла бермекші. Осылайша бұл елді мекендерді бір-бірімен жалғастыратын жолды Малшыбай жолына қосу ойластырылуда. Сонда Сәтбаевтан шыққан жүргінші қалаған бағытымен жүру мүмкіндігіне ие болады. Бұл – 2025 жылы толықтай жүзеге асатын жоба.
– Облыс аумағы бойынша жолаушылар тасымалына қатысты ұсыныс-тілектер де аз айтылып жүрген жоқ. Бұрынғы Жезқазған – Қарағанды бағытында жү-ретін автобустар тоқтап қалды. Жүрдек пойыздар іске қосылғанмен, олар шағын станциялар мен разъездерге аялдамайтын болды. Осыған орай, өңір тұрғындарының жүріп-тұруын жақсартуға байланысты қандай шаралар қолға алынбақшы? Жалпы, жолаушылар тасымалының қазіргі ахуалы, алдағы белгіленген істер туралы не айтуға болады?
– Бұрынғы Қарағанды бағытындағы автобустардың барлығы коммерциялық бағыттағы тасымалдаушылар болатын. Облыс бөлініп, оларға субсидия төленбейтін болған соң тоқтады. Ендігі біздің мақсатымыз – жолаушылар тасымалы бойынша Жезқазған – Жаңаарқа бағыты бойынша автобус қатынасын жолға қою. Жолай бұрылып, 10 шақырым жердегі Ералиев ауылына кіріп-шығатын болуы керек. Осы шартпен бұл бағыт бойынша конкурс жарияланғанына біраз уақыт өтті. Бірақ, тілек білдірген қатысушы болмай отыр. Ауданмен, ауыл әкімімен де сөйлестік. Көлік тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер жоқ. Жезқазған – Қаражал бағыты бойынша автобус қатынасы ашылды. Жолда Жеңіс пен Жәйремге соғады. Қазір көлік иесі жол жүру бағасын өзі белгілеп, коммерциялық негізде жүріп жатыр. Осылайша екі айдай жүрген соң біз жолаушылар легін байқаймыз. Сосын комиссия арқылы жол жүру тарифін белгілейміз. Содан кейін барып әлеуметтік бағыт ретінде субсидиямен қолдау жасау мәселесі шешіледі. Негізінде автобус арқылы жолаушылар тасымалының барлығы өзін-өзі ақтамайды. Жезқазған – Сарысу ауылы бағытында да автобус қатынасы жолға қойылды. Сонымен қатар, бұрыннан қалыптасқан Жезқазған – Жезді – Қарсақбай, Жезқазған – Ұлытау бағытындағы көліктер өз жұмыстарын жалғастырып, жолаушылар тасымалымен ойдағыдай айналысуда.
Қаражал қаласының халқы облыс орталығына қатысып тұруға қолайлы жағдай туғызу үшін 2 вагон сұрап отыр. Қазір облыстық бюджеттен осы екі вагонның қосымша шығынына субсидия төлеу мәселесін шешкелі отырмыз. Сәтін салса, екінші жартыжылдықта бір купе, бір плацкарт вагоны Жаңаарқа арқылы Қаражалға қатынайтын болады. Ал, Тальго, «Марал-Нұр» ЖШС пойыздарының разъездерге тоқтамайтындығы рас. Күнара жүретін Жезқазған-Қарағанды пойызы жұмысын жалғастыруда. Шағын елді мекен тұрғындарының осы пойызға отыру мүмкіндігі бар. Әуе қатынасының жайын да айта кетейін. Жезқазған – Қарағанды аралығында 10 мың теңге билет бағасымен «Южное небо» ұшағы жолаушылар тасымалымен айналысуда. Бұл бағыттағы конкурсты жеңіп алған бұлар бір айдай ұшпай қалып еді, «Қазақ Эйр» авиакомпаниясы коммерциялық бағытын ашты. Қазір екеуінің де ұшақтары қатарынан ұшып жүр. «Южное небоға» субсидия төленуде. Сонымен қоса Жезқазған – Астана, Жезқазған – Алматы бағыттарындағы ұшақтар тұрақты ұшуда. Енді биылғы жазға қарай Жезқазған – Шымкент бағытындағы әуе тасымалын ашып, іске қосу үшін жұмыс істеудеміз.
– Жезқазған арқылы жүрдек пойыздар қатарға қосылып, жолаушылар тасымалының жақсара түскені дұрыс болды. Дегенмен, осы пойыздардың жүруіне қатысты көпшілік тарапынан сын пікірлерді де естіп жүрміз. Жолаушылар пойызының жолда кешігу жағдайының жиі орын алатындығына жұртшылықтың реніші басым. Сондай-ақ, вокзалда ана мен балаға жағдайдың жоқтығы, стансалардағы перрондардың қолайсыздығы жайлы да айтылуда. Осы проблемаларды шешу жолдарын қарастырып көрген жоқсыздар ма?
– Иә, қазір Жезқазған вокзалында ана мен бала бөлмесін ашу қажеттігі туындап отыр. Ғимаратта оған лайықты орын да жоқ. Әзірше бір шағын бөлмені ашу қарастырылуда. Бұл мәселелерді ҚТЖ-ның алдына қойған едік, олар вокзалды қала әкімдігінің балансына беріп құтылғысы келеді. Біз вокзалды беретін болсаңдар дұрыстап жөндеп беріңдер деген талап қойдық. Бірақ, ол әзірше орындалмайтын сияқты. Негізі бұл ғимаратқа толықтай күрделі жөндеу арқылы қайта жаңарту жүргізілуі керек. Перрондағы екінші жолға платформа салып беруін де сұрадық. Пойыздың жолда кешігуі жайлы да ҚТЖ басшылары хабардар. Біздің сұраныстарымызға байланысты компания басқармасы басшысының бірінші орынбасары К. Е. Алмағамбетов 2023 жылы Қарағанды теміржол бөлімшесіне қарасты магистраль желілерінде атқарылатын ірі жобаларда Жезқазған станциясына қатысты жұмыстар қамтылмағанын мәлімдеді. Биыл Қызылжар станциясында ұзындығы 1650 метр қосымша бес қабылдау-жөнелту жолдарына, Жомарт станциясында 1600 метрлік екі қабылдау-жөнелту жолдарына қайта жаңғырту жүргізіледі. Қызылжар – Жезқазған учаскесінде 4 айрықтық пункті салынады. Осы учаске аралығында салынатын автоблокировкаға сметалық-жобалау құжаттары жасалады. Жаңаарқа мен Жарық станцияларында да пойыз жөнелтуге қатысты қосымша жолдар салу жоспарланыпты. Осының барлығы Жарық – Жезқазған аралығындағы пойыздарды өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді деп отыр теміржол басшылары. Сол кезде мүмкін пойыздардың жолда тұрып қалуы мен кешігуінен де арылармыз деп ойлаймын.
– Жақсы. Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Ойға алған жоспарлардың орайымен жүзеге асуына тілектеспіз.
Әңгімелескен
Амандық РАХҰЛЫ.