Әлемді әйелдермен құлпыртып, түрлендірген Жаратқанның құдіреті шексіз ғой. Сол нәзік жаннан тараған жылылық пен мейірім, махаббат дүниені сәндендіріп тұрғандай. Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні – әйел. Ол – тіршіліктің тамыры, шаңырақтың ұйытқысы. Сондықтан әйел затының қоғамдағы, адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерек. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарға құрмет көрсету – күллі адамзаттың парызы. Қазақ халқы да қашаннан қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандарға деген құрмет арта түседі.
Сондай игі де дәстүрге сай ілтипатты еңбек ұжымдары арасында аңдауға болады. «ҚазақмысМэйнтенансСервисиз» ЖШС қарасты тау-кен, шахта жабдықтары зауытындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті халықаралық мереке қарсаңында өндіріс ошағында еңбек ететін қыз-келіншектер арасында байқау ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын бұл байқау түрлі ауқымда өтіп келеді. Биылғыжылғынәзікжандар байқауында қатысушылар топқа бірігіп, өзара бақ сынады.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішеваның айтуынша, зауыт ұжымынан байқауға қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп болыпты. Байқауда төрт кезең бойынша бес топ жан-жақтылығымен көзге түсуге тырысты. Бірінші кезеңде қатысушылар техника қауіпсіздігі саясатын арқау етіп, өздерін қойылымдар арқылы көпшілікке таныстырды. Қатысушы топтардың таныстырулары бір-бірінен ерекше болды. Екінші кезеңде аспаздық шеберліктерімен таңқалдырған арулар жанкүйер болып келген көпшілікке тәтті тағамдар мен салаттардың түр-түрін жасаудың жолдарын көрсетті. Үшінші бөлімде қатысушы топтар адамды сәндеп, киіндірудегі шеберліктерін паш етті. Арнайы берілген қуыршақты сәндеу, киіндіруде де әр топ өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсе білді. Ал, төртінші бөлімде әрбір топ мүшесі өз өнерін паш етті. Бірі ән шырқаса, бірі өлең оқыды. Енді бірі гимнастикадан шеберліктерін ортаға салды. Сиқырды меңгергендер де өнерлерімен жиналғандарды тәнті етті.
– Көктемнің алғашқы мерекесін атап өту қарсаңында бізде қыз-келіншектер арасында байқау ұйымдастыру дәстүрге айналған. Тіпті, зауыттың арулары мереке жақындағанда хабарландыру айтылмаса, «байқау өтпей ме?» деп сұрап тұратындай дәрежеге жетті. Байқау жыл сайын өтетіндіктен оның мазмұны мен мәнін біз өзгертіп отырамыз. Сондықтан байқауға деген қызығушылық басым. Әр кезеңнің өз талаптары болды. Соны қатысушы топтағы нәзік жандар ескеріп отырды. Қазылар алқасы топтардың әр бөлімдегі жаңаша идеяларына, жасаған дүниелерінің шынайылығы мен киім кию ерекшеліктеріне аса мәнбереді. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – өндіріс ошағында еңбек етіп жүрген аруларымыздың рухани әлеуетін арттыру, шығармашылығын шыңдау.
Біз бұл байқауды ұйымдастыру арқылы ұжымдағы аруларымызды еңбекке ынталандырып, шабыттарын оятуға сепші болдық деп ойлаймын. Қыз-келіншектердің осындай байқауын ұйымдастыруға қолұшын созып, қолдаған зауыт басшылығына, қатысушыларға алғысымыз шексіз, – дейді кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева.
Зауыттың ер азаматтарынан құралған қазылар алқасының сынынан өту нәзік жандарға оңай болғанж оқ. Әрбір кезеңнің мән-маңызына ерекше көңіл қойған қазылар алқасы ең үздіктерін таңдады. «КМС-тің гауһары» тобы бірінші орынды жеңіп алса, «Қызғалдақтар» тобы екінші орынды еншіледі. «Заводилы» тобы үшінші орынды қанағат тұтты. «Көктем» тобы арнайы сыйлықпен марапатталса, «Подземный экстрим» тобына техника қауіпсіздігін үздік насихаттағаны үшін «Қауіпсіздік – күлкі сыйлайды» аталымымен марапатталды.
Байқауда бақ сынаған топтар «КәсіпҚорған» кәсіподағы атынан ақшалай және бағалы сыйлыққа ие болды. Көктемнің шуағын ала келетінмерекеде тау-кен, шахта жабдықтары зауытының арулары өз мерекелерінде көңілдері жайнап, мерейленіп қалды. Ал, оларға осындай қуаныш сыйлаған «КәсіпҚорған» кәсіподағына мың алғыс.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.