Белгілі қоғам қайраткері Мұзараф Ахановтың дүниеден өткеніне жыл толды
Есеңгіремеген естіден, көргені көп, көңілге түйгені мол кемелден, көзі ашық, санасы ұйқыдан ояу жүретін, төңірегін таразыда теңшеп түгендей алатын, жаны жарық, мейірімі бөлектен алар тағылым аз болмайды. Ондай дара жаратылыспен еркін отырып пікір бөлісудің, əңгіме дүкен құрудың өзі бір ғанибет. Көкжиегің кеңіп, күңгірт тірлік құрдымға кетіп, жан сарайың ашылады. Біз сондай бір салиқалы ақсақалмен осыдан он жыл бұрын Елбасы Ұлытау сұхбатында ұлттың ұйытқысы, жұртымыздың жұлыны деп бағалаған – сол Ұлытаудың баурайындағы Жезқазған қаласында дидарласқан едік.
Ол – Мұзараф Аханұлы болатын. Сұстылау кісі екен. Оңай да илікпейді. Емен секілді тіп-тік. Əр сөзі сақаға құйған қорғасындай салмақты. Қарауылға дөп тигізеді. Алдында құрдай жорғалап, аузына қарап, басыңды шұлғып, бағынып отырсаң да, иненің жасуындай мініңді байқаса, көлгірсіте айтқан мақтаудың артында астар жатқанын аңғарса, жыпылықтаған көзіңе қарап, көңілін жықпайын деп өте шықпайды.
Жасанды жарнамаңды жиып қой. Одан мен секілді шалдың беделі артып, бетіндегі əжімі жоғалып кетпейді. Түлкі тұмсықтанбай, ақиқат сөзіңді айт», – деп төтесінен тартады. Бірақ түр-түсі, бітім-болмысы, сөз саптауынан түбі текті тұқым екенін бірден аңғарасың. Орайлы жолға түскенде қабағы жадырап, жүзі жылып, арғы-бергі дəуірлерге, қилы кезеңдерге, өзінің өмір жолы, елдік пен ерлік жайына, арлы азаматтардың тірлік тынысына ойысқанда құйындай үйіріп, төңірегін қойдай иіріп алады. Сөз қадірін білетін, ой қайырымын ұғатын алымдығы мен шешендігіне риясыз тамсанасың.
Сол дидарласудан бері Мұзағаңмен жиі əңгіме-дүкен құрып жүрміз. Отбасы, ошақ қасы, ауыл-үй, аудан төңірегі ғана емес, шабыттанғанда қолтығы сөгіле шабатын жүйріктей көсіліп, бүкіл ел жайын, əлемнің қам-қарекетін от қозындай қозғап, ұлт үлгісінің озығынан мысал алып, арыстардың тағылымын алға тартып сөз сабақтайтыны бар.
Сондайда сексеннің сеңгіріне шықса да, бұл неткен жаңылмайтын жады мықты адам дейсің. Көзбен көргені өз алдына, оқығаны мен тоқығаны, естігені мен есіне сақтағаны – бəрін жанына қалыбын бұзбай, жауһардай етіп əрін кетірмей сақтағаны таңдандырмай қоймайды.
Таяуда Мұзағаңмен тағы ой бөлістік. Əңгіме желісі алдымен Президенттің Ұлытау сұхбатынан басталғанда ол мұзбалақ қырандай бір сілкініп алып, Жезқазғанда өткен Ұлытау форумында оқылған ақынның:
Тартып туған тау тұлғамыз тегіне,
Тəу ете кеп қасиетті жеріме.
Ақ Орда емес, Хан Орданың төрінен,
Ерекше бір серпін берді еліне.
Тарихи күн болар, бəлкім, осы күн,
Естіді əлем Ұлытаудың есімін.
Ана тілмен, дана тілмен тербетті,
Елбасымыз ұлттың ұлы бесігін! – деген өлеңін есіне түсіріп, «Бұл сұхбат кəрі жүректі қатты тербетті. Ұлытау қазақтың құт-мекені, береке-бірлігінің алтын қазығы. Ұлытау десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың бірі мен едім.
Заман қанша құбылса да Ұлытау маңынан табан аудармадым. Барым да, бағым да осы өңір деп, қарауылдай қарап отырмын. Кешегі кеңестік кезеңде Ұлытау экономикалық жағынан артта қалған аудандардың қатарында тұрды.
«Əй, бұл қалай, Ұлытау бірліктің ұйытқысы, бабалардың ізі қалған қасиетті жер еді ғой! Көш соңында қалдырғанымыз қалай?!»,- деп бір қазақ үн көтермеді», – деді де, сəл ой кешу жасап, артынан Жезқазған жерінің байлығын сүліктей сорып жатқанмен, оған тер төккен бұқараның əлеуметтік жағдайының төмендігін басшы қызметте жүргенде қаймықпай айтам деп, партократтардың қаһарына ілігіп, таяқ жегенін алға тартты.
«Мен қазаққа қырын қараған қырсықтармен өмір бойы қырқыстым. Иə, Алла, тəубе! Азаттық алғалы бері ұлтым, өз ерлерім деген ақ тілектің үстіндемін. Президент сайлауында кеншілер қаласы бойынша сенімді өкілі ретінде бар күш-жігерімді жұмсап, үлкен-кішіге ұйытқы болудамын.
«Əкесіз ұл – ақылға, шешесіз қыз – жасауға жарымас» дегендей жақсысын құрметтеген, ақылдының алдын кеспеген, етегіне жабыспаған жұрттың ұрпағымыз ғой», – деп келетін түйінді сөзіме айналамдағы қаумалаған қауым қарсы шыққан емес. Бұған да ризамын!».
Осылайша, сөз желісін бір түйіп алды да, алдында жүрген ардақты ағаларын еске түсірді. Солардың қатарында академик Ө. Байқоңыров, Социалистік Еңбек Ерлері М. Бөпежанов, Ғ. Омаров, сол секілді О. Асылбеков, С. Асатов, Д. Ешпанов, тағы басқалар тұрғанын тілге тиек етіп, олардың өнегесін өрістеткен тұста дидары жадырап кетті.
Өз өмір жолы туралы сұрағанымызда, қабағын сəл мұң шалғандай болды. Өңі əлденеше рет құбылып, оттай жанған қос жанарын терезеден алмай, селдіреген ақ шашын тамыры адырайған оң қолының бес саусағымен қайшылап-қайшылап алып, «Е, е!» деп терең күрсінді.
«Иса Байзақовтай керемет өнерпаз ақынды білетін боларсың. Ол туралы жазылған еңбектерді парақтағанда түйгенім – «өртеніп» кеткен екен. «Өртеніп» дегенді түсінетін шығарсың. Сол Иса:
«Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Аруағы бізді айт деп сыбарлайды», – дейді. Қазақтың кешкен қасіреті, тартқан азабы аз болмаған. Одан құр қалмаған пенделердің бірі менмін, – деп алып, – дүниеге ең бір ауыр кезеңде келіппін. Өз тұстастарым секілді қиындықты да, аштықты да, əкесіз жетімдікті де бастан өткердім. Кəмпеске деген қасірет халықты ашаршылыққа ұшыратты. Жұрт жұтатуға айналғанда халық басы ауған жаққа көшіп жатты. Олардың қатарында менің де жұртым, ата-аналарым болған.
Оның алдында Ресей патшасының 1916 жылы қазақтан əскер алу жөніндегі жарлығына қарсылық басталғанда, аталарым сол саптан табылыпты. Одан кейінгі 30-жылдардағы ойран жағаға жабысқанда əкем Ахан Балмаханұлы тарсылдап жауған «бұршақтан» басын қорғаған торғайдай Тəжікстанның Қорғантөбе елді мекеніне барып бас сауғалапты.
Мен сол жақта өмірге келіппін. Ел сəл тыныс алғанда ата-анам оңтүстіктегі Түркістанға қайта оралыпты. Əкем Ащысай полиметалл комбинатына кен тасымалдаушы болып жұмысқа орналасқан. Стахановшылар қозғалысы басталғанда озаттар қатарынан көрінген. Өкінішке орай, қызғаншақтықты, көреалмаушылықты саясатқа айналдырғандар еңбегімен екпінді атанғандарды аяғынан шалу былай тұрсын, халық жауы етіп көрсетіп, неше түрлі айла-шарғыға барады.
Сондай сұрқия тірліктің бірін ойлап тапқандар менің əкем бастаған 18 адамның үстінен «Бұлар шахтада қопарылыс жасайын деп жүр» деген астыртын арыз-шағымдарын «үндеместердің» қолына жеткізеді. Жар астынан жау таппай жалақтағандарға бұл – іздегенге сұраған болады. Он сегізін бірдей көгендеп, түрмеге тоғытады. Орта Азия əскери округінің əскери трибуналы 1937 жылдың 12 тамызында он сегіздің он екісін атуға үкім шығарады. Үкім орындалған. Атылғанның бірі – менің əкем Ахан еді. 1960 жылдың 31 тамызында жазықсыз оққа байланған, айыбы жоқ əкем ақыры ақталды», – деп түнерген жүзіне қан жүгіріп, халқымыз небір қиындықтарын еске салды.
«Ана – құдіретті ғой. Менің де анам құдіретті адам еді. Əкем атылып кеткеннен кейін «халық жауының» əйелдерін жер аударады екен деген сұмдықты естігенде, ол қатты қиналыпты. Балаларын ана бауырынан бөліп алып, балалар үйіне өткізеді деген сыбыс қу жанын қоярға жер таптырмайды.
Содан анам Сəлима сондай сұмдық басыма төніп жүре ме деп, Ащысайдан 5 жасқа толмаған мені бірде жетелеп, бірде арқалап Ұлытауға бет түзейді.
Осы жерде ойыма Шыңғыс ханның бір сөзі оралып отыр. «Əйел затының «үш күйеуі» болады. Алғашқысы – алтын тақ елі, одан кейінгісі – ар-намысы, ал ақырғысы – жары». Сөйтіп, жарынан айырылған анам – алтын тақ еліне бет алады.
Ол кісі өте қайратты адам еді. Он құрсақ көтерген. Сол он құрсақтан қалған жалғыз мені жеткіземін деп кіндік қаны тамған жерге келген соң, Жезқазған шахталарына тоқ беретін стансада ауыр жұмыс істеді. Үйге оралғанда шаршап-шалдығып келетін. Аяқ-қолы ісініп кететін. Ауырғанын білдіргісі келмегенмен, мен оны қабағынан танитынмын.
Шыбын жаным кеудемде шырқырап екі аяғын кезек уқалап отырғанымда: «Құлыным-ай, қолың талып кетті ғой, деміңді алшы!» – дейтін үні күні бүгінге дейін құлағымның түбінде тұр. Мен мектеп табалдырығын аттағанда, Отан соғысының қызып тұрған шағы еді. Біз бəріне сенетін едік. Ұстаздар отансүйгіштікке, патриоттыққа тəрбиеледі, адамгершілікке баулыды. Сол əлі күнге дейін бойымызда сақтаулы», – деп үнсіз отырды да, 1950 жылы «Правда» газетінде басылған тарихшылардың белгілі мақаласына оралып, КенесарыҚасымов бастаған ұлт азаттық көтерілісіне қатысты дау-шарға келгенде шамырқанып кетті.
Ол туралы арнайы қаулы шыққанын, оны жоғарыдан түскен тапсырмаға орай, мектепте өткен жиналыста талқылағандарын, директор Бүркітбай Найманбаев өзіне дауыстатып оқытқанын, біткен соң: «Ағай, Кенесары өзіміз жамандап жүрген Ресей патшасының бодандығына қарсы шыққан ғой. Мұнда қандай қателік бар?», – дегенде директор жиналысты тез бітіріп, кабинетіне жетектеп келіп: «Мұзараф, партия сөзі – сөз. Сен не деп тұрсың? Ой, мынауың масқаралық қой. Енді мұндай пікіріңді ешқашан елге естіртпе. Сені де, мені де түрмеге отырғызады. Анау анаңа кесірің тиеді», – деп шыр-пыр болғанын еске түсірді.
Анаңа кесірің тиеді дегенде есін тез жиғанын, бірақ алған бетінен қайтпай: «Ағай, тарихты бұрмалауға бола ма екен?»,- деп қарысқанын алға тартты.
Анасын аузынан тастамай, ардақтап отыратын Мұзағаңның бір айтқаны осы жерде ойға оралды. Бір жолы: «Əттеген-ай, анамның сол төсегіне төсек жеткен бе?», – дегені бар еді.
«Жақсы заман қазір. Аңсап жеткен дəуір ғой бұл. Он құрсақтан қалған жалғыздың сүйенері бір Құдай ғана деп келе жатқан жанмын. Аллаға асылық айтпаймын. Иə, арман шіркін таусылған ба? Қуа берсең жетпейсің, бірақ шүкіршілік керек адамға», – деп алып Мұзағаң: «Асыл анамнан қалған, асылым болып саналған бір төсек бар еді үйде. Шабал екеуміз шипажайға кетсек балалар жиһаз қоямыз деп анамның исі сіңген сол төсекті жоқ етіпті, таппай қалдым.
Кейде мамықтай ақ төсекте ұйқым келмей аунақшысам, анамның ескі төсегіне қисаятын едім. Ой, бір тынысым кеңіп, көңілім жайланушы еді-ау! Маужырап ұйықтап кететінмін. Е, игі жақсылардың арасында болғанда, бір кейуана енесінен қалған сары самаурынды келіні ескіліктің сарқыты деп лақтырып жібергенін мұңая айтып, көзіне жас алғаны бар. Осы күні анамның сол ескі төсегін көз алдыма келтіріп отырсам, соның өзі қуат беріп, көзіме ұйқы үйіреді.
Əрине, балалардікі де жөн, уақытқа қарай өмір сүру керек. Біз ескінің көзі, ескінің сөзі мен дүниесін өз табиғатымызға қарай ойлайтын болуымыз керек»,- деп, жастық шағына шолу жасағанда: «Мектеп бітіріп, балалық дəуренмен қоштасар сəт жақындағанда: «Кім боламын?» деген тақырыпта кеш өткізілетін.
Сондай бір кешке Жезқазған геологиялық барлау партиясының бас геологі Шаһмардан Есенов келді. Есімі ел аузына түспейтін Қаныш Сəтбаевтың шəкірті, қатар еңбек еткен, кейін ғұлама ғалым, айтулы қоғам қайраткері болған азамат қазақ жастарын геолог болуға шақырып, орыс ғалымы, академик Обручевтің: «Адам жер басып жүреді, бірақ оның тарихын білмеуі қателік», – деген қанатты сөзін мысалға келтіріп, ел мен жердің, ұлы Ұлытаудың тарихын құлағымызға құймақтай құйды. Енді ойласам, заманнан озық туған ұлы оқымысты Обручевтің сөзін мысалға келтіре отырып, тарихыңды біл, Ұлытауыңның ұлылығын ұмытпа дегенді меңзеген-ау!» -деді.
Жоғары білімнен кейін Мұзараф Аханұлы еңбек жолын Жезқазған геологиялық барлау партиясында аға коллекторлықтан бастап, «Сарыарқаның əр тал бұтасының түбінде ат басындай алтын жатыр», – деген Қаныш Сəтбаевтың сөзін жанына серік етіп, кен қор көздерін анықтаумен айналысып, байтақ дала төсінде біраз жылдарын өткізіпті.
«Халық жауының баласы» қашан да қайсар келеді. Жұмыс үстінде талай мəрте əділдік үшін күресті бастан өткереді. №55 алып шахтаға бас геологтің орынбасары қызметіне жоғарылап, одан кейін бұрынғы Никольский, қазіргі Сəтбаев қаласы партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы секілді лауазымды орында жүргенде халықтың əлеуметтік жағдайына жете мəн береді. Оның іскерлігі мен азаматтығын, əділдігін кеншілер мен қаланың тұрғындары жоғары бағалап, зор сенім артады. Қайсарлығы мен өжеттігіне тəнті болады. Бірақ мұндай жігерлі де жіті тірлік кейбіреулерге ұнай қоймайды.
«Өмірде байқап жүргеніміздей, көбімізге күнделікті тірлікте азаматтық, ұлтты сүю жетемізге жете бермейді. Ішкі істер органдарының басшысы қол қойып берген қағаз төлқұжаттағы азаматтық құрал деп түсінетініміз бар, шындығына келгенде, нағыз азамат өз халқының, өз ұлтының игілігін ойлаған, қамын жеген адал жандар – нағыз азамат деп топшылаймын. Олардың есімдері үлкен əріптермен жазылуы керек»,-деп, жоғарыда аттары аталған ағалары туралы, олардың үлгі-өнегесі жайлы сыр шертті.
«1972 жылы Д.Қонаев Ұлытау өңіріне іссапармен келді. Жезқазған, Никольский қалаларын аралап көрді. Жезқазған кенметаллургия комбинатының жұмысшылары тұратын қос қаланың əлеуметтік мешеулігі бірден көзге ұрып тұратын. Бұл Дінмұхамед Ахметұлының назарынан тыс қалмады. Оның көрегендігінің, қамқорлығының арқасында 1973 жылы облыс құрылды. Сəтбаевқа қала мəртебесі берілді. Мен қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайландым. Екпінді құрылыстарда штаб құрдық. Оны басқару, өндіріске жаңа техника мен технологияны енгізу маған жүктелді», – деген ол əділетсіздіктің көкесін басшылық қызметке ауысқан жылдары көргенін, ол тек əділдік үшін болғанын атап айтты.
«Жезқазған кентіндегі кені алынған жерде тұратын халықты көшіру бірінші орында тұрды. Бір күн болмаса, бір күні жер опырылып кету қаупі барын тиісті орындарға жиі айттым. Жоғарыдағылар «е» деп елей қоймады. Сөйтіп, ары-бері ырғасып жүргенде, №51 шахтаның маңайы опырылып, ортасына түсті. Осыдан барып, елді мекенге қауіп төнді.
Халық үрейленді. Жоғарыдағы жағдайдан кейін Жезқазған руднигінің халқын Сəтбаев қаласына көшіру жөнінде шешім шықты. Бұл істі қысқа мерзімде атқару мүмкін емес еді. Кеншілер қаласында онсыз да тұрғын үй жетпей жатқан. Бірер айда 15 мыңға жуық халықты басқа қонысқа көшіру ешқандай ақылға сыймайтын шаруа.
Көшіре қалған күннің өзінде КСРО Министрлер кеңесінің 1944 жылғы қаулысында көрсетілген: «Мемлекет қажет болған жағдайда үйді көшіретін болса, орнына үй береді жəне үйдің ақшалай құнын төлейді», – деген тармағын орындауға тиіспіз.
Бұған жоғарыдағылар əр түрлі сылтау айтып, жалт береді. Мен үшін олардан гөрі халық қымбат болатын», – деген Мұзағаң, бұл туралы кезінде Жезқазған облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Қамза Жұмабеков өзінің «Ізің ісіңмен қалады» деген кітабында нақты дəлелдермен айтқанын алға тартқанда, біз ол кітаппен таныс екенімізді айтып, «Өмір бақи таудай талабын жасытпаған, жылы сөз, қамқор көңілмен тəрбиеленіп өсіп, күш-жігер жинақтаған Мұзарафтың намысы қорланды. Бірақ Мұзараф қасқайып, өз дегенінен таймады», – деп келетін жолдарды еске түсіргенімізде есті ағамыз риза болып қалды.
Соңына түскен облыстың бірінші хатшысы Давыдов кейін өзінің абыройдан айырылып, жұмысынан қуылып, бір күнде Мəскеуге қоныс аударып, суға батқандай жоғалғанына молынан деректер келтірді.
«Əкем ақталып «халық жауының баласы» деген пəледен құтылып, өмірден қыршын кеткен тоғыз бауырымның,анамның үмітін ақтаймын деп жүргенде жұмыстан қуылып, партиядан шығарылдым.
Бірақ арым таза, ниетім түзу болғандықтан, қандай қиянатқа да шыдап бақтым. Бұл күрес тек Давыдовпен болған күрес емес, бұл сол кездегі шырмауықтай шырмалған кеңестік жүйемен болған күрес еді. Мен ол кезде «ұйқыдан» оянып, əкемнің жазықсыз кеткенін, зұлымдардың қараулығынан қараулыға ілінгенін түйсініп, түсінген болатынмын.
Кейін Давыдов əрекетінің заңсыздығы дəлелденді, бос жүрген уақыттағы еңбекақымды өндіріп алдым, партия қатарына қайта қабылдандым.
«Аханов ұлтшыл» деген жаладан да құтылдым. Ол кездегі ақиқат мынау еді. Партия ұйымдары қазақ кадрларын екінші сатыға ысырып тастайтын. Бір орыс азаматы қызметінен алынса, «Ол неге алынды?» деп жоғары жақ түсінік сұрайтын. Ал жоғарылатсақ, «Бұл жақсы қызмет істеген екен» дейтін.
Қазақты қызметінен босатсаң, «Сен оны неге босаттың?» деп ешкім сұрамайтын. Жоғарылатсаң, «Бұл қалай?» деп тексеріп, түсінік алатын. Бұл менің намысыма тиетін. Содан соң есесі кеткен «жаудың баласы» қарсы келмей қайтеді. Мен, «Осыдан сабақ алсақ қой» дегім келеді. Бұл менің сөзім емес», – деді Мұзағаң.
Мұны табар шамаң бар ма дегендей сұрау тастады. «Абайдың сөзі»
«Иə. Біз Абайды судыратып оқимыз да, оның астарлы ойына үңілмейміз. Шіркін, үңілсек жат істен елім құтылар еді-ау!». Сол Абай тағы бірде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,- дегені бар.
Көп біріксе – көл-дария. Түзейді. Абай білмей айтып отырған жоқ. Мені Давыдовпен тіресуге Абай рухы, сөзі қанаттандырды», – деген шежірелі қария қырандай бір қомданып қойды.
«Мен арзан атаққа, алдамшы дүниеге ұмтылған жан емеспін. Биік қызметте жүргенде сегіз-тоғыз баламмен шағын пəтерде жүрдім», – деген Мұзағаң бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, олардан тараған ұрпақты көзқуанышы еткен, əкесінен жалғыз тұяқ ұл болып қалып, өз ұрпағы бір əулетке жеткен айбынды – əке, қадірлі – ата.
«Осыдан асқан адамға қандай бақыт керек! Бұдан өзге тілеу күпірлік қой!»
Осылай деп кісілігі мен кішілігін жоғалтпаған, мені кем, алды кең Мұзағаң Құдай қосқан қосағы – ол қудаланғанда да, қиналғанда да, қуанғанда да қасынан табылған, жасыған шақта көңілін жадыратқан, сергітіп серпілткен, қолтығынан демеген, қолдаған Шабал Бейсенбекқызына да дəн риза екенін ылғи айтып отырады.
Шабал апамыз, біріншіден – ене жолын жалғаған ана, екіншіден – саналы ғұмырын бала тəрбиесіне арнаған білімді де білікті ұстаз. Қырық жылға жуық мектеп басқарған, мыңдаған ұл-қызға білім беріп, жүздеген ізбасар əзірлеген іскер де ісмер. Мұзағаң секілді Сəтбаев қаласының Құрметті азаматы.
Мұзағаң: «Шəкең тоғыз құрсақ көтеріп, қатарға қосты. Тəубе! Дегенмен, енесіне жете алмады – деп əзілдеп алып, – Кейде тоғыз балам өмірден кеткен тоғыз бауырымның орнын басқандай күй кешемін. Бір шыбықтан мəуелі бəйтерекке айналғандаймыз, шүкір! Бұл еш асылыңа теңгермейтін, тең келмейтін аяулы анам Сәлиманың қажыр-қайратының, қайсарлығының арқасы деп білемін. Ол болмаса
жүнжіп кетуім мүмкін еді ғой».
Халыққа қалтқысыз қызмет еткен кешегі «халық жауының баласы» Мұз-ағаң – Мұзараф Аханұлы қайрат етер мезгілде жүк көтерер нардай болып, дəл осы бүгінгі шақта ақыл айтар абыз дәрежесінде десек, ақиқаттан аттамаған болар едік.
Сүлеймен МӘМЕТ.