Жаңа Қазақстан бәрін қайтадан құру емес, бұрынғы қателіктерді түзетіп, әрі сол кемшіліктерден сабақ алу. Жетістіктеріміз болса жетілдіріп, табыстарымызды жемісті жалғастыру. Бәлкім, жаңа емес, жаңарған Қазақстан дегеніміз дұрыс болар. Ең әуелі біздің санамызға сілкініс керек. Қоғам рухани тұрғыдан жаңғырып, білімділер алға шығуға тиіс.
Адами құндылықтарды сақтап тұратын ең қуатты күш – әділет. Бәрі содан басталады. Ал әділдік жоқ жерде, мың жерден талпынсаң да сауатты, көзі ашық қоғам қалыптастыра алмайсың.
Ең әуелі әрбір қазақ патриот болса, ұлтын, мемлекетін сүйсе, қолында билігі барлар мойнына жүктелген аманатқа адалдық танытса, сапалы мамандардың саны артса, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, рухани мәдениетіміз биіктесе, өнеркәсібіміз өрге басса мемлекетіміздің келешегі келісті болмақ. Осы айтылғандардың бәрін кемеліне жеткізуүшін халықтың жан-дүниесі, дүниеге көзқарасы, таным-түсінігітерең болғаны жөн.
Айналып келгенде мұның бір ұшы ұрпақ тәрбиесі дейтін ұлы іспен сабақтасып жатыр. Қым-қуыт тірліктің соңына ілесіп осы нәрседен ажырап қалмауымыз керек. Баланы бағумен, тамақтандыру меншектелмей, оның тәрбиесіне мән бергеніміз абзал.
Өркениетке ілес, бірақ тегіңді ұмытпа!
Ұрпақ ұлттық тәрбиеден алыстамаса деймін. Өркениетке ілес, мүмкіндігіңді таныт, күшіңді дәлелде, бірақ өзіңнің тегіңді ұмытпа. Қай қиырға барсаң да, қай биікке шықсаң да жүрегің қазақ деп соқсын. Қоғамда өз тілін қор, өзгенікін зор санаған адамдар пайда болды. Қазақ ондайларды «жөргегінен жеріген» дейді. Дүниеде бұдан ауыр сөз бар ма? Ана тіліне менсінбей қарап, өзге тілде шүлдірлейтін әлгілерің өздеріне «жаңа қазақтармыз» деп айдар тағатын көрінеді. Айналайындар-ау, өзінің қасиетін біліп, қадіріне жетпеген адам қайда сыяды.
Қазақтілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Оның құнары, көркемдігі артық болмаса, ешбір тілден кем емес. Қалай болғанда да олсеніңанатілің, түпқазығың, айбарың, айбының. Одан жырақтап еш жерден береке таппайсың. Әрбір азамат ө зтілін, салт-санасын құрметтеуі керек, Қазақи қасиет-қалыбымызды сақтау үшін тілді сақтауға тиіспіз. Тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуға бет алды, төл ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді жоғалған тарихымызды түгендеп, барымызға ие болатын кезеңдеміз.
Төрегелді ШАРМАНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері