Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезінде Жезқазған төңірегінен шыққан кенді байытудың өндірістік үдерісін жетілдіру негізінде аймақта Жезқазған байыту фабрикасының алғашқы кезеңі іске қосылды. Содан бері өндіріс ошағы кен байыту үдерісін жетілдіріп келеді.
Өндірістік технология адамның қол және ой еңбегінсіз жүзеге аспайтыны белгілі. Кен байыту ісінде шежірелі тарихы қалыптасқан фабриканың тізгінін ұстап отырған Мұрат Бөрібаев байытушылардың ерен еңбегін ерекше бағалайды. Осы негізде фабрика әкімшілігінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетімен бірлесіп, тоқсан сайын үздіктерді марапаттауы дәстүрге айналған. Сол дәстүрге сай жақында Мұрат Бөрібаевтың қатысуымен өткен жұмыс жиынында бір топ еңбек озаты марапатталды.
Кен байыту саласына қосқан үлестері үшін кәсіподақ ұйымы тарапынан 30-дан аса еңбеккер марапатталды. «Мұндай марапаттау еңбек адамының өз жұмысында ынталанып, құлшынысын арттыра түсетіндігінің кепілі», дейді кәсіподақ комитетінің төрағасы Майра Әлбаттина.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.