Адамды шынықтырып, табысқа жетелеудің көзі – еңбек. Ал, өндірісте жүріп, қайнаған қызу еңбектің ортасында шыңдалу әрі соның қызығы мен шыжығына төзу адамды абыройға жетелейтіні даусыз.
Елімізде қара және түсті металлургияның бастауы деп танылған Қарсақбай кентінде «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік буындары үшін шойыннан түрлі өнімдер өндіріп жатқан Қарсақбай металлургиялық зауыты өз тынысын тарылтпай, заман ағымымен қатар ілесіп, алға қарай басуда. Кеңес дәуірі тұсында атағы Одаққа әйгілі болған зауыттың тарихында қаншама мықты металлургтердің даңқы асқақтады.
Бүгінде сол аға буынның ізін жалғағандардың өзі де зейнет жасына жетіп, құрметке кенеліп жатыр. Еңбегімен елеулі болған сондай азаматтың бірі – ҒабитТөкенов. Ғабит Сәметұлы – Қарсақбай металлургиялық заутының құю-механикалық цехының шебері.
43 жыл металлургия саласына еңбек сіңірген Ғабит Төкенов зейнет жасына жетті. Жезқазған төңірегіндегі бірқатар кәсіпорындардан келіп түскен тапсырмалар негізінде түрлі бөлшектерді дайындайтын цехтағы озат еңбеккер Ғабит Сәметұлы қарапайым слесарьдан бастап, цех басшысы, аға механик қызметтерін атқарды. Бүгінгі таңда Ғабит Сәметұлының мол тәжірибесі жастарға үлгі. Мерейлі қуаныш иесі өзінен кейін бірнеше жасты өндіріске баулыды.
Ғабит Төкеновтің осы еңбегін ерекше бағалаған зауыттағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Зейілбек Қаратеміров еңбек ардагерін зейнет жасына жетуімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.