Осы бір қағидаға айналған сөз өндірісте еңбек ететін әрбір маман үшін шын мәнінде есте сақталуы керек. Бұл жайғана айтыла салған ұран емес, жұмыс барысында ескеріп, қауіпсіз еңбек етуге ұмтылуға негіз болатын қағида.
«Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарында өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саясатын жүзеге асыру арқылы өндірістік жарақат алудың нөлдік деңгейіне жету көзделген. Осы орайда тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы өндірістік жарақат алу бойынша құрылған комиссияның құрамына еніп, жарақаттан зардап шеккен еңбеккерлерді қолдап, қорғау саясатының тетігін тиімді жүргізіп келеді. Кәсіподаққа қарасты комитеттер мен бастауыш ұйым төрағалары өндірісте туындаған жағдайларға байланысты құрылатын комиссия мүшелігіне өте отырып, мәселенің мән-жайын анықтап, тексеріс жұмыстарына атсалысады.
Бұл негізде «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС қарасты тау-кен, шахта жабдықтары зауыты мен «Жезқазғансервис» кәсіпорынындағы «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева белсенді жұмыс атқарып отыр. Мәриямкүл Өмірбекқызы комиссия құрамымен бірге шахтадағы сервистік телімдерде болып, қауіпсіздік саясатын үнемі бақылауында ұстайды.
– Өндірісте адам тағдыры – бәрінен жоғары құндылық. Сондықтан біз кәсіподақ ұйымының ұстанған басты қағидасы негізінде жұмысшылардың жарақат алмауын қамтамасыз етуге тікелей ат салысамыз. Ал, оқыс жағдай туындап, жарақат алған жағдайда жұмысшының мүддесін қорғап, жұмыс берушімен келіс сөздер жүргіземіз. Кәсіподақ әрқашан өз мүшесін қорғауда шешімнің әділдікпен шығуына ықпал етеді, – дейді комитет төрағасы Мәриямкүл Тәкішева.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.