Үкімет белгілеген 23 қаңтардан бастап Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Атап айтатыны, талапқа сай келетін көліктерді ғана тіркеуге рұқсат. Олар – шетелде есепте тұрған жеңіл көліктер, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктері мен басқаруы оң жақтағы автокөліктер. Әрі ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы тиіс.
Сонымен қатар, криминалдық есепте тұрмауы керек. Басқа мемлекетте бұрын тіркелген жерінен есептен шығарылуы қажет. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі шарт. Өтінім осы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Алғашқы тіркеу құны – 200 мың теңге. Алғашқы күннен ақжолтай хабарды естіген шетелдік көлік иелері бірден көліктерін заңдастыруға кірісті. Алғаш болып облыс бойынша көлігін рәсімдеген қала тұрғыны – Берік Алтынбеков.
– Басқа мемлекеттен көлікті бағасы біздің елдегіден екі есе арзан болғаны үшін аламыз. Мысалы, менің «Киа» маркалы 2014 жылғы көлігім Қазақстанда 5,6 млн болса, Ресейде 2 млн 800 мың теңге тұрады. Дегенмен, көлікті алуын алып алып, арты қалай болады деп уайымдап жүргендердің бірі едім. Міне, бүгін көлігімді екі жүзмың теңгеге ғана тіркедім, – деді ол қуанышын жасыра алмай.
Ұлытау облысы бойынша 2000-нан астам шетелдік көлік бар. Алғашқы күні-ақ автокөліктерін тіркеуге 50-ге жуық тұрғын келген. Кірістер басқармасының, кеден, полиция қызметкерлері халықты әуреге салмас үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып жайғасқан. Яғни, ешқандай мекемеге барудың қажеті жоқ. Барлығын осы орталықта қабылдайды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.