Әңгіме қанаттас қоныстанған қос қала – кеншілер мен металлургтер мекенінің арасына қатынайтын №101 автобустың қызметіне қатысты.
Аптасына бір рет, дүйсенбіде, қызмет бабына байланысты Жезқазғанға жол жүруге тура келеді. Сәтбаев қаласының автостанциясына қашан барсаң да сеңдей соғылысқан жүргіншілерді көресің. Табанынан таусылған олар тасымалдаушылардың ішін кептіріп жатады. Өйткені, біраздан бері бұл маршруттан береке кеткен. Автобустың нақты уақыты көрсетілген жүру кестесі жоқ. Сосын жұмыс қайдан оңсын?!
Өткен дүйсенбіде дәл осындай келеңсіздік куәсі болдық. Автостанция диспетчерінен автобус қашан жүретінін сұрап едік: «Бүгін екеуі шықты, қырық минут сайын қатынауы керек. Біреуі жаңа ғана кетті» деді. Уақыт 14 сағат 24 минутты көрсетіп тұр екен. Адам қарасы демде көбейіп қалды. Ал, автобус жоқ. Содан сарылып күткен жолаушылардың жүйкесін әбден жұқартып барып автобус 15 сағат 22 минутта бір-ақ келді. Бақандай бір сағаттан кейін!
Егер «ТРАНКО-Экспресс» автокөлік кәсіпорнының басшылығы жолаушыларға қалыпты қызмет көрсетуді ұйымдастыра алмаса, қолынан келетін басқа жеңіл-желпі шаруамен неге айналыспайды?
Әлібек ӘБДІРАШ.