Жаңа жылдық сауалнама
‣ Өткен жыл несімен есте қалды?
‣ Жаңа жылдан не күтесіз?
Нұржан Аяшев, «Нұрқазған» кенішінің бригадирі:
Әр жыл өзінің жағымды жаңалығымен есте қалады. Жеті қат жер астында кен қопарған кеншілер үшін қауіпсіз еңбек етіп, белгіленген жоспарды уақытылы орындау үлкен жетістік саналады. Мен кен өндіру саласында 2002 жылданбері еңбек етіп келемін. Биыл еңбектің қызу ортасына түскеніме 20 жыл болыпты.
Алғашқы еңбек жолым Ғ. Омаров атындағы шахтақұрылысы тресінде бастау алды. Жезқазған өндірістік аймағындағы алып кеніш саналған «Анненск» шахтасында шыңдалдым. 2008 жылдан бері «Нұрқазған» кенішінде тыңға түрен салып келемін. Қарапайым кеншіден бригадир дәрежесіне дейін өстім. Біздің кен өндіру телімінің өндірістік жоспарды игерудегі табысы жыл сайын артып келеді. Менің бригадама жүктелген 250 қума метрге межеленетін бұрғылау жұмыстарын 270-280 қума метрге дейін жеткізіп, жоспарды асыра орындап келеміз. Телім басшымыз Азамат Есенов, телім басшысының орынбасары Ғабит Шубаев бастаған ұжым кенішті алға бастауда. Бригадамдағы өз ісінің шеберлері Бейбіт Жақыпов, Ерлан Тоқтарбаев, Рахым Сүлейменов, Мадияр Құттыбаев, Жанкелді Масекенов, Бауыржан Мәшкен, Ерден Ерманов деген жігіттер ұжымның абыройын асыруда.
Биылғы жыл біздің бригадамыз үшін нәтижелі жыл болды. Берілген жоспарды мерзімінен бұрын орындап, жылды нәтижелі қорытындыладық. Мұнан бөлек, менің кен өндірісіндегі еңбегімді ерекше бағалаған «Нұрқазған» кенішің директоры Мұқан Үңгітбаев пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне ұсынып, омырауыма тақтым. Бұл марапат менің ғана емес тұтас телімнің, бригаданың еңбектегі ерекше жетістігі деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, барыс жылы табысы тасыған жыл болды. Келер жылдан біздің ұжым жаңару мен жақсылық күтеді. «Нұрқазған» кенішінің әлеуеті зор. Сондықтан біз әлі де кен өндіру ісін өркендетуге атсалыса бермекпіз.
Келер Қоян жылы баршаңызға табыс пен игілік алып келсін!