«Өткен жыл несімен есте қалды, жаңа жылдан не күтесіз?» деген дәстүрлі сауалымызды ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі өткен жолғы Республика күні мерекесі қарсаңында Президенттің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған әріптесіміз Амандық РАХҰЛЫНА да қойған едік. Ардагер-журналист былай дейді:
– Ең бастысы айдан – айға, жылдан – жылға аман-есен жетуіміздің өзі көңілге медет, жанға қуат береді. Байыптап ойлар болсақ, өткен жыл ел өмірінде де, аймағымызда да айтарлықтай айшықты оқиғаға толы болды. Елімізде өткен бүкілхалықтық референдумда Ата заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл – көптен күткен, халық қалаған өзгерістер екені даусыз. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғандығының дәлелі. Бұдан әрі Жаңа Қазақстан құру жолындағы жаңа қадамдар басталады деп үміттеніп отырмыз. Осы қолға алынған өркенді өзгерістерді аяғына дейін жеткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мүмкіндік беру үшін кезектен тыс Президент сайлауына қатысқан халық жарқын болашақ жолындағы өз таңдауын қапысыз жасады. Еліміздің ертеңіне сеніммен қарап отыр.
Ал, аймағымыздағы ел есінде қалар ерекше жаңалық – Ұлытау облысының ашылып, Жезқазған қаласының жаңа облыстың орталығына айналуы болды. Кешегі көңілдері құлазып, дағдарыс күйге түсе бастаған жұртшылық Қарағандыдан еншісін алып, қайтадан отау көтергендерін үлкен қуанышпен қарсы алуда. Ертеңіне үмітпен қараған елдің енді еңсесі көтеріле бастады.
Өзімнің жеке өмірім де жан жадыратқан жарқын сәттерге толы болды десем артық емес. Жасаған иеміздің жар болуының арқасында сырқатымызға сыр бермей, жетпіс жастың желкенін керуді нәсіп етті. Қолдан қаламымыз түспей, қаланың, аймақтың әлеуметтік көкейкесті проблемаларын баспасөз бетінде көтеруге мүмкіндік болып тұрғанына шүкіршілік білдіремін. Менің баспасөз саласындағы еңбек жолымды бастағаныма биыл 48 жыл болыпты. Соның 37 жылын Жезқазған-Ұлытау өңірінің шежіресін жасап, тыныс-тіршілігін көрсетуге арнап келемін. Осы кезеңдегі атқарған еңбегімнің өтеуі болар, мемлекеттік жоғары марапат «Құрмет» орденін алып отырмын. Жалпы, қай салада болмасын, еңбегі сіңген, лайықты адамдар аз емес. Сол еңбектің ескеріліп, сәтінің түсуі бөлек әңгіме. Менің жоғары марапатқа ие болуыма Ұлытау облысының ашылып, оның басшылығына руханият саласында жүргендердің жетістіктері мен еңбектерін бағамдай білетін азаматтардың келуі өз шапағатын тигізді деп ойлаймын.
Адамдар әрбір келген жылға үміт артып, жақсылық күтетіні белгілі. Келер жылымыз табысқа бастап, рухани өрлеу жылы болса екен деймін. Мәселен, жаңа облысты дамыту жөніндегі Кешенді жоспарда көңілден шығар жақсы жобалар көп. Ойдағыдай жүзеге асар болса, өңір халқының әлеуметтік түйткілдерінің басым бөлігінің шешім табары анық. Экономикамен қатар білім беру, денсаулық, мәдениет пен руханият салалары да жаңа деңгейге көтерілмекші. Алдағы күндерден сол игілікті істердің сәтімен жүзеге асуын күтеміз.
Жазып алған
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.