ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНИЯТ Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр қос қаладағы медициналық нысандарды аралап көрді, журналистермен брифинг өткізді. Сондай-ақ, Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өңір тұрғындарымен кездесіп, соңынан азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Денсаулық сақтау министрі өңірдегі медициналық мекемелердің жұмысымен танысу барысында Сәтбаев қаласындағы орталық ауруханаға барды. Аурухана 143 төсекке арналған. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ведомство басшысы аурухананы аралап көріп, медициналық ұйым басшылығымен қала тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге қатысты проблемалық мәселелерді талқылады. Ол жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аурухананың жөндеу жұмыстарын жеделдетіп аяқтау қажеттігін тапсырды. Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. А. Ғиният кеншілер қаласындағы қалалық емхананың жұмысымен де танысты. Ол онкологиялық ауруларды ерте сатыларда анықтау жөніндегі жұмысты күшейтуді және пациенттерді қолдау қызметтері арқылы халықпен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін ерекше атап көрсетті.
Бұдан кейін министр Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға келіп, қабылдау бөлмесінің, перзентхананың, инсульт орталығының және басқа да бөлімшелердің жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Аурухана қызметкерлері министрге кейінгі кездері өздерін толғандырып жүрген еңбекақы төлеу, өңірге келген жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдау мәселелерін жеткізіп, сұрақтарын қойды. Министр қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдар мен көтерілген мәселелердің оң шешімін табатынын айтып, денсаулық сақтау саласының жергілікті басшылығына тиісті тапсырмаларын берді. Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында Ажар Ғиниятқызы еліміздің денсаулық сақтаусаласының жұмысын жетілдірудегі негізгі бағыттарға тоқтала келіп, өзі аралап көрген қанаттас қос қаланың негізгі емдеу мекемелеріндегі жағдайдың сын көтермейтіндігін де жасырған жоқ. Проблемалар өте көп деді. Мәселен, Сәтбаевтағы аурухананың жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы салдарынан сырқаттардың дұрыс ем алуына, күрделі оталардың жасалуына айтарлықтай кедергі келіп тұрғанына қынжылысын білдірді. Жезқазғандағы облыстық көпбейінді аурухананың материалдық базасын жақсарту мен білікті кадрлармен қамтамасыз етуде біршама проблемалар бар екенін, оларды шешу үшін кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстарын жүргізуді және сырттан келетін дәрігер кадрларын тұрғын үймен қамтамасыз етуді облыс әкімі назарда ұстауы қажеттігін атап өтті. Медициналық жабдықтар алуға министрлік тарапынан көмек жасалатынын жеткізді.
Министр брифингте журналистер қойған сауалдардың барлығына нақты жауабын берді. Онкологиялық сырқаттарға қатысты жасалып жатқан қазіргі шараларға кеңінен тоқталып, жергілікті жерде де бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлінуіне назар аударды.
Амандық РАХҰЛЫ.