Апта басында Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы бастаған облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері Жезқазған жылу, электр орталығына барды. Оның құрамында Ұлытау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлытау облысы мәслихатының депутаты Ерболат Сатыбалдин де болды.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылғы 27 қарашада сағат 22:10 шамасында «Қазақмыс Энерджи» ЖШС Жезқазған жылу, электр орталығында №5 қазандық қондырғысы жұмысы технологиялық ақауларға байланысты тоқтатылған. Шығарылған жылу температурасы – 72°С, бекітілген кесте бойынша 89°С болуы тиіс. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Орталықтың операциялық директоры М. Алтыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қазандықтарды толық қуатында іске қосу үшін тиісті шаралар қабылдануда. №6 қазандық күрделі жөндеуден өтіп, қазір қосу жұмыстары аяқталуда. Жылу орталығы мен облыс, қала коммуналдық сала басшылары қала аумағында температуралық режимді қамтамасыз ету, күрделі жағдайларға жол бермеу үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, жауапты тұлғалар ауарайының күрт суытуына байланысты қолайсыздық туған көп бейінді аурухана жанындағы перзентхана жағдайымен де танысты. Облыс басшысы алдағы уақытта жылу мәселесіне қайта орала бермес үшін медициналық ұйымға дербес автономиялық қазандық орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Аталған мәселе облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты бақылауында болады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.