Биыл Астанадағы «Кәусар» баспасынан шыққан «Жыр арқауы – Ұлытау» кітабы Бағаналының төрт босағасы және Ұлытау жайлы көп жазылмаған тарихи шындықтарды әр нұсқамен жүйелепті.
Ұлы Абай: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» десе, аталған кітапта осы талапқа сай болуға ұмтылған жүзге жуық ақынның жүз қырықтан астам жыр-толғауы жинақталған екен. Әсіресе, Бағаналының төрт босағасы аталған төрт биі әр қырынан шынайы жырланған. Ұлытауды қоныстанған Бағаналы руының бірауызды төрт биінің (төрт босағасының) ел басқару; шапқыншылардан қорғану; бітімгершілік; нарықтық сауда-саттық жүйесі сынды салалардағы өнегелі істері күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоя қойған жоқ, елімізде оны жаңаша сипатпен қолдануға көп векторлы ізденіс, әркет жасауға болар еді деп ойлаймын. Бағаналының төрт босағасы жайлы алғаш рет аталған кітаптың 9-бетіндегі Әжиакбар Балқанов ақыннан естідім. Ата қонысымыз Кішітаудан өткен ғасырдың 50-жылдары Жезді кенті іргесіндегі Қарабұлаққа келдік. Көш-көлігімізді үйінің жанына алып келіп тоқтатқанымен қоймай, иманды болғыр Әжиакбар ағаның керегемізді жайысып, шаңырақты көтеріп, алғашқы уықтарды шанышуы жеке әңгіме. Есейген шағымдсуы жоқ өзен арнасынан өткенде Әжиакбар ағаны ойлайтын едім. Әңгімеге өзек болып отырған «Жыр арқауы – Ұлытау» жинағынан Әжиакбар ағаның «Сағындым, елім, туған жерім!» атты Берлиннен жазған хатын оқып Әжиакбар ақынның үні келгендей құлағыма. Қарабұлақтағы өзенді жағалай қонған жиырмаға тарта үйдің кәрі-жасы күн сайын кешкілік бір үйге жиналатын. Күмбірлеген домбыраның әуенімен Берлиннен өлеңмен жазған хатын нақышпен орындаған Әжиакбар ағаны ұйып тыңдайды. Біздер, балалар босағада немесе үй сыртынан тыңдаймыз. Шумақтарды үзіп-үзіп айтып, арасында майдан көрінісінен түсіндірмелер жасайды. Жадымда сақталғаны: «Окоптарда жатамыз. Неміс танкілері бізге қарай келе жатыр. Оларға қарсы мойындарына жарылғыштар байланған иттер жіберіледі. Жер бауырлай жылжыған иттер көз ілеспейтін шапшаңдықпен екі гусеница арасындағы қуысқа кіріп үлгере алса, танкілер өртенеді. Өртенген танкілерді тастай қашқан жауыздарды окоптағылар жер жастандырады. Кейде қолға түсіреді. Танкімен қоса қаншама итіміз жанып кетті…» деген де аянышты әрі патриоттық сезімде боламыз. Берлинен хатындағы өзен, тау, жер аттарымен орайлас колхоздар мен өдірістің тыныс-тірлігін төгілтежырлағанда ата-әжелер, аналар көз жастарына ие бола алмайтын. Мұндай сәттерде жыр тақырыбын әртараптандырып, тартымды әңгімелер айтады. «Әскердегі жауынгерлердің темірдей тәртібі, татулығы, орындаушылық іс-қимыл әрекеттері жасымда аталарымыздан естіген Бағаналының төрт босағасының жұмыстарына ұқсайды ғой шіркін!» деп домбырасын ширыға шертіп жіберіп: «Қарт ата, кіші іні, ағаларым, Адамға пайда бермес сары уайым. Қайраттан, серпіл енді, Жеңіс келді; Жұмылтып жақсартыңдар шаруа жайын!» (13-бетте), – деп екпіндете аяқтап түннің бір уақытында тарауға ишарат білдіріп орынынан тұра бастайтын. Демек, Бағаналының төрт босағасы (төрт биі) туралы алғаш рет Әжиакбар ақыннан естідім. Бірақ, ол кезде түсінбедім. Кейін өміріме бағыт сілтеген бауырым Гүлбағира Жәлелқызы мен жездем Ахат Райымбекұлының шаңырағында ержеттім. Бұл шаңыраққа келген көнекөз қариялардан Бағаналының төрт босағасы жайлы көп нұсқалы әңгімелерді естісем де, толымды түйін жасай алмағаныма өкінемін. Алайда, «Жыр арқауы – Ұлытау» жинағын оқырмандарға ұсынған іні-қарындастарыма осы жұмысты жетілдіре жалғастыра берулеріне сәттілік тілеймін. Жастық шағымда естіген Ұлы Дала шежіресінен ұққандарым: 1.Төрт босаға (бидің) аймақтық ел басқару әділетті жүйесі тек Бағаналы жұртына тән. 2.Төрт босаға дәуірінде Қоқан хандығына соққы беріледі. 3. Төрт босаға ықпалымен Кенесары ханға әскери-материалдық қолдау жасалады. 4. Төрт босағаның шешімімен Қазақстанның барлық аймағының би болыстары санасады. 5. Мәскеу, Петробор купецтері Бағаналы байларының малдарын жоғары сұраныспен кезектен тыс сатып алып, елдің нарықтық экономикалық әл-ауқаты нығаяды. 6. Ел ішіндегі дау-дамайлар әділетті шешіліп, ағайын-туыстардың достық қарым-қатынастары жақсарыпты. Осындай игілікті өткен тарихты насихаттау КСРО жүйесінде көмескіленді. Ұмыттыруға тырысты коммунистік билік. Енді аздап жарық көре бастады. Жинақтағы жыр-толғаулары шындықтармен тартымды. Мысалы, «Ұлытау – ұлағатты ұлт тарихы» поэмасы Ұлытаудың ұлт ұясы болғанын жүрекпен түсінуге барша Қазақстан халқын шақырып тұр. Жинақтағы «төрт босағаның» теңеулерінен кейбір жолдарды тізбелейін: «Төрт Босаға – Төрт Арыс» (188-бет); «Ұлытау – ұлтым үшін ұлы бесік» (110-бет); «Ұлы-ұлы ұстанымдар ту тіккен» (124-бет); «Төрт босаға – Төрт кие» (130-бет); «Жебеу болып жүдегеннің жанына, Ғұмыр кешкен дақ түсірмей арына» (143-бет); «Төрт босаға есен де Төрт Құбылам тең еді, Төрт босаға тұсында Босағам да төр еді» (229-бет); «Төрт босаға – қазақтың бірлігі мен бағы еді, Төрт босаға – қазақтың қайырлы алтын тағы еді» (231-бет) Төрт босағаға арналған шынайы теңеулердің бәрін тізбелемей, Төрт тағанды көп босаға – Қазақстанның қайырлы алтын тағы деп өз тұжырымымды білдіремін. Кең байтақ Қазақстанның барлық аймағында заманауи төрт тағанды босағалар қалыптасса, Қазақстанның ешкімнен қаймықпай, әділеттің шыңына шығуы хақ.
Өміртай ЖӘЛЕЛҰЛЫ, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.