Облыс әкімі Ұлытау облысының құрылуы ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібіне жаңаша серпін беретінін атап айтуда. Кешенді жоспарда осыған орай аймақтың металлургия өнеркәсібін интенсивті дамытумен қатар, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге де кеңінен көңіл бөлінген. Жалпы, облыс аумағында мал шаруашылығы мен егіншілікті одан әрі дамытудың мүмкіндіктері мол. Жоспарланған жаңа жобалар ұқсату кәсіпорындары мен ауыл шаруашылық кешендерін құру арқылы агроөнеркәсіп саласына тың серпіліс беруге тиіс.
Өңірді дамытудың Кешенді жоспары бойынша 13 жобаны жүзеге асыру көзделіп, оған 45 млрд. теңгеден астам инвестиция салынбақшы. Алдағы жылы Жезқазған қаласында ауыл шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік ұйымының филиалын ашу ұйғарылып отыр. Облыс әкімдігі бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы, Ғылым және білім министрліктерімен, басқа да тиісті ведомстволармен келісімге келу жұмыстарымен айналысуда. Жезқазғанда құс етін өндірумен айналысатын құс фабрикасын қатарға қосу 2023 жылы іске асырылмақшы. Бұл 226 млн. теңге жеке инвестордың қаржысына салынады. Сондай-ақ, Кеңгір ауылында жұмыртқа өндіру бағытындағы құс фабрикасы құрылатын болады. Бұл жобаға 850 млн. теңге инвестиция салынып, 2024 жылы жүзеге асырылмақ. Жоспарланған шаралардың ауқымына қарасақ, облыс тұрғындары жергіліктіжерде өндірілетін құс етінен тапшылық көрмейтін сыңайлы. Тағы бір құс өнімдерін өңдеу жөніндегі сою цехы 113 млн. теңге инвестиция салу арқылы Сәтбаев қаласында ашылады. Жеке инвестордың 400 млн. теңге қаржысына алдағы жылы бұрынғы ұн тарту кешені де қайта жаңғыртылатын болды. Сондай-ақ, Жезқазған қаласында ет өңдеу комбинатын салу жайлы да көптен айтылып жүруші еді. Оның да сәті келген сыңайлы. 3,5 млрд. теңге жеке инвестиция есебінен ет комбинатын жеке кәсіпкер С. Төлеуов қатарға қосады. Облыста 2025 жылға қарай майлы дақылдардың егіс көлемін 5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Ол үшін жыл сайын бұл бағыттағы алқаптарды біртіндеп игеругекүш салынуы керек. Кем дегенде 400 гектар алқапқа картоп пен көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылық құру көзделіп отыр. Алдағы 2023 жылы қолға алынуға тиіс бұл жобаға 200 млн. теңге жеке инвестиция және 250 млн. теңге жергілікті бюджет қаржысы қарастырылмақшы. Жалпы «2021-2025 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыруды субсидиялау мақсатында жергілікті бюджеттен 2023 жылы 3,6 млрд. теңге, 2024 жылы – 5,4 млрд. 2025 жылы – 6,7 млрд. 2026 жылы 9 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешені нысандарына кеткен шығыстардың бір бөлігін өтеуді, несие беру кезіндегі сыйақы мөлшерлемелерін, сондай-ақ мал мен техника және технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизингті субсидиялауға да жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Ауылға қатысты тағы бір оң бастама ретінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі бағдарламаны айтуға болады. Осы бағдарлама аясында алдағы жылы облыстағы жеке қосалқы шаруашылық иелеріне шағын несие беру үшін республикалық бюджеттен 573 млн. теңге қаржы берілмекші. Жаңа жобалардың біразы Жаңаарқа ауданы аумағында жүзеге асырылады. Биылдың өзінде бұл ауданда жылқы еті мен ет өнімдерін өндіріп-өңдейтін кешен құру қолға алынған болатын. Бұл жоба 573 млн. теңге жеке инвестиция есебінен атқарылады. Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығына арналған жемшөп пен жем қоспаларындайындайтын база құрылады. 2023 жылға жоспарланған бұл жұмысқа 229 млн. теңге инвестиция қажет. Жобаны жүзеге асыруға «AIMYRZA» ЖШС жауапты болып белгіленген. Облыс әкімдігімен бірлесіп «ULY DALA Co» ЖШС-і 2023 жылы осы ауданда мал сою цехы, салқындатылған қоймалары мен тоңазытқыш камералары бар 10 мың басқа арналған мал шаруашылығы кешенін салуды ұйғаруда. Жоба 1,2 млрд. теңгеден астам инвестициялық қаржы есебінен жүзеге асырылады. Ауданда сүт өнімдерін өңдеуді жаңғыртуға да мүмкіндік жасалатын болды. Бұрын сапалы өнімдерімен танылған бұл жердегі сүт заводы нарықтық экономикаға көшкелі әркімнің иелігінде болып, ақырында тоқырап, тоқтап тынған еді. Енді Кешенді жоспар бойынша 270 млн. теңге жеке инвестицияға алдағы жылы сүт өңдеу заводын құру қолға алынады. К ешенді жоспарға біріктірілген Облысты дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша да біршама жобалар бар. Солардың қатарында 300 бас ірі қараға арналған асыл тұқымды малдың репродукторын құру 300 млн. теңге және түйе, ірі қара, жылқы түліктерін қамтитын 1500 басқа арналған мал шаруашылығы кешенін құру 350 млн. теңге жеке инвестициялар есебінен іске асырылмақшы. Бұл жобаларды 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ, осы бағдарламаның аясында Ұлытау ауданында 1 мың бас малға арналған бордақылау алаңы мен етті бастапқы өңдеу цехын салу 2023 жылы қолға алынып, 2024 жылы аяқталмақшы. Алғашқы жылы оған 475 млн. теңге жеке инвестиция және осыншама көлемде жергілікті бюджет қаржысын бағыттау көзделген. Кешенді жоспар шапағатымен республикалық бюджеттен 420 млн. теңге қаржы бөлініп, келесі жылы Жезқазған қаласында облыстық ветеринариялық зертхана ашылады және Ұлытау ауданындағы модульдік зертхананың құрылысы аяқталады.
Ұлытау облысының жалпы аумағы 18,8 млн. гектар көлемді алып жатса, оның ішінде 16,7 млн. гектар алқап жайылымдық жерлер. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары 5,7 млн. гектар жерге иелік етеді. Сондықтан, алдағы уақытта жаңа облыстың мал шаруашылығын өркендетуіне жер жағдайы қолайлы мүмкіндік береді деп бағалауға болады. Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніндегі жоғарыда жоспарланған шараларды жүзеге асыру арқылы алдағы 4-5 жылда ірі қара мал басын 50%, ұсақ мал – 40%, жылқы 30%-ке көбейеді деп күтілуде. Мал басы осылайша еселеп өсер болса, оның өнімі де молайып, ұқсату кәсіпорындарының берекелі жұмысы қамтамасыз етілері баршаға белгілі болса керек. Агроөнеркәсіптің ауқымы кеңейеді дегеніміз де осы.
Амандық РАХҰЛЫ.