Тақырыптың өзі меңзеп тұрғандай кейіпкерім медицина мамандығын кен байыту саласына алмастырған жан. 1980 жылы Жезқазған медициналық училищесін тәмамдаған жас маман Қарағанды қаласындағы айтулы емханаларда 8 жылдай еңбек етті. Алайда тағдырдың бұралаң жолы оның өмірін өндіріспен ұштастырды. Игерген мамандығын мүлде басқа бағытқа бұру ол үшін оңай соқпады.
Бір қызды өмірге әкелген соң өмірлік жар болар серігін жоғалтқан нәзік жан медицинада жүріп, «шекесі шылқымасын» түсініп, өндіріске келді. Кен байыту саласында 1988 жылы басталған еңбек жолы бүгінгі күнге дейін жалғасты. 34 жыл Жезқазған байыту фабрикасының №2 ұнтақтау корпусында Зейнеш Бекқожина конвейер машинисі болып жалғыз қызымның жарқын болашағы үшін деп талмай еңбек етті. Заты нәзік болғанымен ерлермен қатар өндірістің өркендеуіне үлесін аямады. Қазақ қыздарына тән қайсарлық, парасаттылық сынды асыл қасиеттерінің арқасында Зейнеш Сайлауқызы ұжымға сыйлы болды. Өңі тұрмақ, түсінде көрмеген алып цехтағы машиналарға алғашында жүрексініп, жатырқай таянған жас маман тонналап кен ұсатқап, оны байытудың үдерістеріне атсалысты. Соңынан талай жас маманды ерте білді. – Өмірдің заңдылығы шығар, менің жолымды өндіріспен байланыстыру арқылы еңбекте табысқа жетуім. Бұл салаға келген 34 жыл ішінде өндірістің майталманы атандым. Алғашында маған бәрі таңсық көрінді, қиындығы болды. Бірақ, бәріне төздім. Маған жол сілтеп, тәлімгер болған жандардың арқасында көп нәрсені меңгердім. Ол кезде 2,3 ай ғана тәлімгерлікке бекітеді. Адам тапшылығына байланысты әрі қарай өзің үйреніп кетесің. Сондай талаптың арқасында шыңдалдым. Валя Соломина, Олья Остраухова, Аниса Усманова сынды сала мамандарымен қатар еңбек еттім. Цех басшысы Талғат Дүйсенов, техникалық жетекші Рахат Ахметжанов, аға шебер Талғат Бекмағанбетов сынды басшылардың іскерлігі ұжымды үнемі табысқа жетелеп келеді. Ұнтақтау корпусындағы жұмыстардың ауқымы кең. Конвейер машинистері операторлармен тікелей жұмыс жасайды. Зина Новикова, Лена Тваржевская сынды операторлармен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Осы отыз төрт жылдың соңғы жиырма жылында жас мамандарға тәлімгер болдым. Қазір өндірісте ысылған маман ретінде мақтана айтатын шәкірттерім Асылзада Стамқұлова, Қалдыгүл Ахметова, Жанар Баянбекова үйренгендерін өз кәсібіне жаратып жүр. Жалпы алғанда, мен медицинадан өндіріске келу арқылы құрметке кенеліп, майталман маман атандым. Осы кәсіпорыннан зейнет жасына жеттім. Адамның еткен еңбегінің жемісін көрер шағы зейнет жасы болса, осы жаста мені ұжымым құрметпен шығарып салды. Салаға қосқан үлесімді бағалап, фабрика, цех басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы «Еңбек ардагері» медалін омырауыма тақты. Бұл мен үшін зор мақтаныш, – дейді Зейнеш Сайлауқызы. Қарапайым еңбек адамының өндірістегі өнегелі жолы осылайша сыр шертеді. Қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында мерейлі шаққа мерейі тасып жеткен ЗейнешБекқожина жастарға үлгі.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ