Жақсының соңында Қыдыры шұбырып жүрер. /Халық мақалы/
Қадір қажы… Жақында ғана өткен еліміздің ұлық мерекесі үстінде асыл ардагеріміз Жезқазған қаласының Құрметті Азаматы атағына ие болды.Бұл марапатқа қажекең бұрыннан ие сияқты көрінді көпшілік қауымға. Расында Қадір қажы ҮҢГІТБАЕВ есімі бұл Ұлытау, Жезқазған өңірлеріндегі жалпы жұртшылыққа ерен еңбегімен де, елеулі қоғамдық белсенділігімен де жақсы таныс.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Алматы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған ол еңбек жолын Аманкелді Иманов атындағы кеңшарда зоотехник мамандығынан бастаған екен. Көп ұзамай жас жігіт орнықты мал маманы болып көрінумен қатар, өз бойындағы іскерлік, ізденімпаздық қасиеттерімен де көзге түсті. Дегендей, ол әуелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі қызметіне шақырылып, кейін бас экономисі болып тағайындалды. Жан-жақты біліктілігімен танылған Қадір Үңгітбайұлы келесі кезекте аудандық есепсанақ бөлімінің меңгерушісі лауазымына бекіген. Біз арнайы оның аудан ауыл шаруашылығы саласына тікелей сіңірген еңбегін екшеп айтып отырмыз. Аудан басшылары Қадірдың танымал қажырын басқа бағыттарда да сынап көрген. Ол «Сарысу» асыл тұқымды мал зауыты партия ұйымының хатшысы, Жезді ауданы әкімінің орынбасары және Жезді кентінің әкімі міндеттерін де уақытында абыроймен атқарған. Қадір қажы бойындағы Жаратқаннан жарасқан абзал қасиеттер оның өзінің туған әкесін көзімізге елестететіндей. Үңгітбай Бейсенұлы Шорағайтегі Ұлытау алабында тары егістігін дамытып, үнемі аса биік өнім алып отырған, сол еңбегі арқасында Ақ тарының атасы атанған жалғыз мұрап еді. Бір тамашасы, қыпшақ даласының батыс танаптарында тары егінін жайқалтып, даңққа бөленген Шығанақ пен Сейітқұл да Үңгітбаймен бауырлас азаматтар болып шықты. Оның мәнісін тарих бетінен іздесек, Үңітбайдың әкесі Бейсен өскен ауыл ХІХ ғасырдың аяғына таман орыс патшасының жарлығымен Торғай даласынан Ұлытау белінің оңтүстігінде ағып жатқан Бұланты дариясы бойындағы Ақши алабына көшірілген екен. Яғни, елу шаңырақ отбасы, бота-тірсегімен жаңа жұртқа қоныстанған. Бұл шақта екі жаста ғана болған Үңгітбай өсе келе үлкендердің әңгімелерінен алыста қалған ағайындарымен танысып, білісуді аңсайтын. Аллаһ Тағаланың тұла бойға берген ұшқыр талабының арқасында Үңгітбай он саусағынан өнері тамған шебер болып өскен. Ол жас жеткіншек шағынан ағаштан өрнек ойып, темірден түйін түйіп, теріден киім тігетін ептілігімен көпшілікке танылған екен. Өз қолынан жасалған көзге тартымды бұйымдарымен Атбасар және Қоянды жәрмеңкелеріне қатыса жүріп, жолай Торғай мен Ойылдағы туыстарына да талай рет ат басын тіреген. Тары егісімен тұрақты айналысатын дихан ағаларымен де ерте танысып, олардан көріп ұнатқан өнерін Ақши топырағына көшіруге кіріскен. Бұл деректердің денін кейінгі ұрпаққа ұлытаулық мұраптың кенже баласы Қадір қажының өзі жариялап жеткізіп жүр. Үңгітбайдың алғашқы лақап аты «пірадар» екен. Өйткені, ол жас жеткіншек кезінен бес уақыт намазын қалт жібермей оқып отыруды әдет етіпті. Әке үлгісін мұрат тұтқан біздің қажекең де сол ізбен жүріп келіп, 2008 жылы зайыбы Зүбәйра Садыққызы екеуі Қағба қабырғасына алақан тигізіп қайтқан. Қазақта «Жұғысты болсын» деген тілек бар. Осы тілектің дауасы ма, әлде өзінің қанында бар қасиет пе, ұстаз жарының жаратылысында жанып тұрған ұлағаттық Қадір қажының бойында да тұнып тұрғандай. Жезді ауданы мектептерінде 35 жыл ұстаздық қызметте жүріп, еліміздің үздік оқытушысы, аға оқытушы төсбелгілеріне ие жарының қажы еңбегіне, әсіресе, ол тікелей ұйымдастырған шараларға әсері болмауы мүмкін емес. Қазіргі тілмен айтсақ, «Жаңа жоба» деп саналатын сондай бір салиқалы жиын 2010 жылы жүзеге асырылған еді. Ол, шынында да, бұрын біздің өмірімізде, тұрмысымызда кездеспеген жаңалық болды. Қажы өз туыстарына – 92 баулы қыпшақтың Алтыбас руының шаңырақтарына жар сала жүріп, ержеткен, бойжеткен жастары мен жас отау иелерінің бастарын мерекедегідей дастарқан жайылған жайға жинады. Сол жиынды бастарда айтылған Қадір қажының сөзінен бір үзіндіні елдің құлағына салайық: «Аса ардақты ағайын! Жалынды жас ұрпақ! Аға буын, арда ақсақалдар алқасы атынан алыстан да, жақыннан да ат шалдырып, осынау ордалы жиын, байыпты басқосуға ынтымақ танытып, жарасым тауып жеткендеріңіз үшін мың да бір алғыс айтамын. Сіздердің алтын уақыттарыңыздың бір сәтін бөліп, ұраны Ойбас, таңбасы қос Әліп Қыпшақ тайпасының бір тармағы Алтыбас руы жастарының жалаулы жасауылында табысып, жалындауларыңызға зор табыс тілеймін!» Осылайша басталған ерекше жиында жастар үлкендердің лебіздеріне ұйыды, үлкендер жастарының ұйымына сүйінді. Жарастықты қауышу ордасында бейне бір өткен заман, өтпелі кезең, төрге аттағалы тұрған болашақ өкілдері қол алысып, қуанысып жатқандай еді. Қадір қажы 1995 жылы Бұланты бойында осы отырған қауымның ата-баба әруақтарына арнап берілген айтулы асты да ұйымдастырушылардың жетекшісі болған еді. Ол 2005 жылы Алтыбас руының шежіресін де баспадан шығарып, туысқан жұртқа ұсынған. Ең бастысы, жуырда ғана бұрынғы Ақши егістігіне жақын Сәтбаев атындағы кеңшар орталығы болған Қоскөл ауылының басты көшесіне Ақ тарының атасы Үңгітбай мұраптың есімін беру туралы шешім де қабылданды. Бұл да Қадір қажының жергілікті билік басшыларына көптен қолқа салып жүрген талабы еді. Көшені абаттандырып, сәнді даңғылға айналдыру жұмыстары басталып та кетті. Қажекеңнің бақылауына іліккен жаңа шаруаның бірі осы. Бірақ, Қадір қажы бақылаушы ғана емес, ол – орындаушы. Оның ойына алған ісі – мойнына алған ісі. Жауапкершілігі мықты азамат қана өз мойнына жаңа міндет жүктейді. Айта берсек, бір қағидадан келесі қағида туындайды. Қысқасы, Зүбайра Садыққызының құлағына алтын сырға, бұл кейіпкерлерімізді жастық шақтарында таныстырған да, табыстырған да тұла бойларында тұнған ұлағаттық қасиет болса керек. Өмірлері де ұлағаттың өзі болуы заңдылық. Олардың қанаттары астынан ұшқан балалары да көпшілік ортасынан ойып орын тапқан тындырымды азаматтарға айналды. Құрылыс саласына бекінген Мұхит пен Мұхтарды Жезқазған мыс қорыту зауыты мен Жезқазған темірбетон зауытынан ұшыратамыз. Жанар Халық шаруашылығы университетінің, Дархан Жезқазған университетінің түлектері. Яғни, бәрі де жоғары білімді. Біз күтпеген ерекшелікке үңілсек, Мұхтар «Еңбек даңқы» орденінің үш бірдей белгісімен марапатталыпты. Ал, Дархан анасының мамандығын – ұстаздықты таңдапты.
Аманжол ҮСЕНТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.