Балқаш мыс балқыту зауытындағы негізгі цехтардан бөлек, қосалқы цехтардың жұмысы өндірістік үдерістің айнымас буынына айналған. Әрбір ірі цехтың қосалқы бөлімшелерінде де қызу жұмыстар үзілмейді.
Мыс балқыту цехының анод бөлімшесінде слесарь-жөндеушілердің алатын орны ерекше. Цехтағы түрлі жабдықтарды жөндеп, іске қосуда олардың шеберлігіне шәк келтірер ешкім болмасы анық. Слесарь-жөндеушілердің де мықты мектебі қалыптасқан. Сондай мектептен шыққан өндіріс озаты Серік Сағындықов. Бір өндіріс ошағында, бір ұжымда 41 жыл еңбек еткен Серік Кәкенұлы зейнет жасына жетіп, еңбектегі соңғы күндерін көтеріңкі көңіл-күймен өткізіп жүр екен.
– «Жезқазғаннан арнайы тілші келді. Сізді газет бетіне шығармақ ойдамыз» деген кәсіподақ төрағасының бірауыз сөзі менің мәртебемді өсіріп тастады, – деп сөзін бір қайырған Серік Сағындықов – Жүріп өткен жолыма қарап, өзіме есеп берсем, бұл зауытқа келгеніме де қырық бір жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қылшылдаған жап-жас жігіт арада қырық бір жыл өткен соң шашын ақ қырау басқан аға буын қатарындағы азамат болып зейнетке кетіп барады. Бұл – өмірдің заңдылығы ғой. Менің өз ұжымыма деген ризашылығым шексіз. Кәсібіме баулып, үйреткен тәлімгерім Анатолий Мироновтың тәлімгерлігі маған мықты мектеп болды. Еркін Ағнаев жетекшілік жасап жүрген слесарь-жөндеушілер бригадасы өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды», – дейді Серік Кәкенұлы.
Серік Сағындықов бесінші разрядты маман. Саладағы жемісті еңбегі үшін жақында ол «Еңбек ардагері» медалін омырауына тақты. Өндіріс озаты ретінде «Құрмет тақтасына» суреті қойылып, жастарға тәлімгер ретінде үлгі болды.
Зауыттағы шихта дайындаушылардың негізгі серіктесіне айналған электр қызметі телімі цехтағы электр жүйелерінің дұрыс жұмыс жасауымен қатар, қосалқы бөлшектерді жөндеумен шұғылданады. Телімде Болат Сарин жетекшілік жасайтын бригаданың тасы өрге домалап тұр. Болат Шайхстанұлы жетекшілік жасайтын бригаданың жігіттері электрмонтаждау жұмыстарына келгенде шеберлікпен іс тындырады. Болат Сариннің бұл телімдегі еңбек жолы 1997 жылы басталды. Ал, оған дейін «Қоңырат» кен орнында электр монтер болып еңбек етіп, кәсібіне сол кен орнында машықтанды. Әкесі Шайхстан ақсақал фин және Ұлы Отан соғысының жорық жолдарынан өтіп келген соң, 1947 жылы «Қоңырат» кенішінде ұзақ жыл электрик болып еңбек етті. Болат та әке жолын жалғап, өмірін осы саламен байланыстырды. Әке тәлімінде шыңдалды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында зауытқа жұмысқа орналасты.
– Бұл ұжымға келгеніме де ширек ғасыр өтіпті. «Қоңыратта» шыңдалу мектебінен өткеннен соң шығар, мені кәсіби маман ретінде басшылар бірден жұмысқа қабылдады. Содан бері осында еңбек етіп келем. Менімен қатарлас шебер Айбек Дуанбеков, электрик Серғазы Серікұлы, Манат Бисембин сынды майталмандар өз кәсібінде табысты. Тәлімгер ретінде жастарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар берудемін, – дейді Болат Шайхстанұлы. Болат Сариннің өмірлік жары Алмагүл Теңізбайқызы да өндіріс озаты. «Қоңырат» кенішіндегі жөндеу механикалық базасында ауысым шебері. Болат Шайхстанұлы мен Алмагүл Теңізбайқызының тағдыр тоғысы да осы кеніште бастау алып, кейін шаңырақ көтерді. Бүгінде олар шаттықтың шаңырақтың иелері.
Мысты электролиздеу цехының кран қызметі телімі алып цехтағы аспалы крандардың іркіліссіз жұмысына жауапты. Телім шебері Талғат Мәжетаев ақжарқын жүзбен қарсы алды. Бірден телімнің тыныс-тіршілігімен таныстырған Тәкең: – Ұжымда 20 адам еңбек етеді. Жұмыс кестесі бес күндік. Негізгі міндетіміз – мысты электролиздеу цехындағы аспалы крандардың жұмысына жауап беру. Техникалық бақылау мен қызмет көрсету бойынша телім үнемі сапалы қызмет атқарып келеді. Біз өзіміздің еңбек озаттары слесарьлар Болат Мұқанов, Александр Переплеткин, Темірлан Тілеуқабылов, Айдын Мұқанов сынды озаттарымызбен мақтанымыз, – дейді Талғат Мәжетаев. Талғат Мәжетаев аталмыш ұжымда 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2008 жылы басшылық оған шебер болуға ұсыныс етті. Содан бері бұл қызметті абыроймен атқаруда. Ұжым өндіріс озаты Александр Переплеткинмен мақтанады. Салада 37 жыл еңбек өтілі бар Александар Переплеткин – бүгінде 6-разрядты слесарь-жөндеуші. Аспалы кранды жөндеудің хас шебері ретінде танылған Александр бүгінде бірнеше жас буынды тәрбиеледі.
– Қазір өндіріске жастар көптеп келуде. Бұл қуанарлық жағдай. Жастардың бет алысына қарап, үнемі қолдауға тырысамын. Кезінде біз де жас болып келдік. Біз де шыңдалудан өттік. Қазіргі жастар заманауи білім мен іс-тәжірибені қабыстыра алады. Оларға «мамандығыңды мақтат тұтыңдар, сонда еңбекте табысты боласыңдар» деп үнемі айтып отырамын, – дейді Александр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Балқаш.