Үкімет Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарын мақұлдап, қабылданғаны туралы газетімізде бұған дейін жазылған болатын. Өткен аптада Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ актив жиналысын өткізіп, осы Кешенді жоспардың әрбір тармақтары бойынша кеңінен тоқталып, өңірдің өзекті жобаларын көпшілікке жан-жақты таныстырды.
Келелі басқосуға келген Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының актив және қоғамдық кеңестері мен ардагерлер кеңестерінің мүшелеріне, Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне ортаға салынған келешектің жоспарына қатысты көңілдегі сауалдарын қоюға барынша мүмкіндік берілді. Сонымен қоса, жиналыс басталар алдында әрбір қатысушыға қағазға қатталып, жинақталып шығарылған облыстың 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кеңейтілген Кешенді жоспары таратылып берілген еді. Жиналысқа қатысушылар Кешенді жоспардағы келелі жобаларды жүзеге асыруға қатысты сауалдарын қоя отырып, өз пікірлерін білдіруде де белсенділік танытты. Облыс әкімі қойылған сауалдардың барлығына егжей-тегжейлі жауап беріп, проблемалық мәселелерді шешу бойынша да біршама түсіндіріп өтті. Үкіметте бекітілгеннен бөлек, бұл ауқымды жоспарда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, Ұлытау облысының өңірлік даму бағдарламасы сияқты маңызды құжаттарда белгіленген қосымша шаралар да қамтылған екен. Біз бұдан былай «КЕЛЕШЕКТІҢ КЕЛЕЛІ ЖОСПАРЫ» айдарымен берілетін материалдарымызда Кешенді жоспардағы жобаларды сала-салалары бойынша қамтып, оқырмандарға біртіндеп таныстырып отыруды мақсат тұтып отырмыз. Бүгінгі тоқталар тақырыбымыз – «Индустриялық-инновациялық даму» жөніндегі белгіленген жобалар төңірегінде болмақ.
Кешенді жоспарда жалпы, 16 индустриалық жоба қарастырылып отыр. Солардың ішіндегі «Қазақмыс» тарапынан жүзеге асырылатын келелі істің бірі Жезқазған мыс қорыту заводындажаңа күкірт қышқылыцехын салу жобасы десек болады. «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Нұрахмет Нұриевтің бұған дейін мәлімдегеніндей, күкірт қышқылы цехының құрылысын жүргізетін бас мердігер айқындалған. Осындай өндірістік технологиялармен айналысуда тәжірибесі мол Ресейдің «ПромСтрой Инжиниринг» компаниясы таңдалып отырған көрінеді. Жоспар бойынша 2025 жылы жүзеге асатын бұл жобаның құны 70 млрд. теңге. Жеке инвестициялық қаржы есебінен болады. Жаңа күкірт қышқылы цехы салынып, іске қосылғанда қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар 70%-ке дейін төмендейді деп жобалануда. Байыту фабрикасындағы биыл басталған кен ұнтақтау жабдықтарын қайта жаңғырту да Кешенді жоспар аясында келесі жылы жалғаса түспекші. Сол сияқты, қайта жаңғырту шаралары Жыланды кен орнында да жүргізіледі. Мұнда кен алу өнімділігін 8 млн. тоннаға дейін ұлғайту мақсатында корпорация үстіміздегі жылы 22,8 млрд. теңге қаржы бөлген болатын. Осы жұмыстар алдағы үш жылда одан әрі жалғасып, бұдан да қомақты көлемде қаржы бөлу қарастырылған. Ал, Кешенді жоспардағы қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық қайта өңдеудің тәжірибелік заводын салу және өнеркәсіптік реагент шығаратын химия заводын салу жобалары жезқазғандықтар үшін аса тың жаңалық емес екені белгілі. Бұған дейінгі өңірді дамыту жоспарларына да енгізіліп, оншақты жылдан бері талай мәрте айтылып жүрген бұл жобаларға тоқталмай-ақ қояйық. Кейінгі жылдарда Жезқазған қаласында биоэлектр станциясын салу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Жоба енді Үкімет мақұлдаған Кешенді жоспарға енгізіліп отыр. «KazGreen Energy» ЖШС жауапты болып белгіленген бұл жобаға 11,8 млрд. теңге мұғдарында жеке инвестиция қажет. Облыс әкімі 2023-2024 жылдарға жоспарланған станцияның бүгінде үлкен проблемаға айналып отырған тұрмыстық қатты қоқыстарды өңдеумен қатар электр қуатын өндіретін аса тиімді кәсіпорын болатындығына біршама тоқталып өтті. Облыс әкімдігі қолдау танытып отырған тағы бір жоба құрамында мысы бар тотыққан кенді қайта өңдеуге арналған өндіріс орны. Селективті экстракция және электролиздеу әдісімен мыс өндіретін бұл завод Сәтбаев қаласында салынбақшы. Оған 2023 жылы 35 млрд. және 2024 жылы 3,5 млрд. теңге жеке инвестиция бөлінеді деп жобаланған. Кешенді жоспар бойынша Жаңаарқа-Қаражал өңірлерінде де біршама индустриялық-инновациялық жобалар қамтылған. Мәселен, Жаңаарқа ауданындағы «Ашықтас» кен орнында құрамында алтыны бар кендерді үймелеп-шаю технологиясы бойынша 2022-2023 жылдары қайта өңдеу кешенін салу жоспарланған. Оған 11,2 млрд. теңге жеке инвестиция қарастырылып отыр. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданы аумағындағы «Қужал» кен орны базасында 2024-2026 жылдарда өндірістік кешен салу жобаланған. Мұнда бағалы металдар мен полиметалды байыту фабрикасы салынбақшы. Жоба жеке инвестор қаржысы есебінен жүзеге асырылмақ. Қаражал қаласының Үлкен Ақтай кен орнында алдағы үш жылда 600 млн. теңге жеке инвестиция тарту арқылы темір-марганец кенін қайта өңдейтін «INDJAZ» кәсіпорны құрылмақшы. Сонымен қатар, «Марганец Жәйрем» АҚ-ы 700 млн. теңге инвестиция салып 2024- 2025 жылдары «Үшқатын» кенішінің шахтасын, «Арселор Миттал» ЖШС 470 млн. теңге инвестиция арқылы 2024 жылы Өркен-Атасу кәсіпорнындағы қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға тиіс. Жаңа мұнай өңдеу заводын салу туралы жаңалыққа көпшілік елең ете қалысты. Жезқазған аймағы үшін бұл жаңа жоба болғанымен, тұрғындар арасында көптен бері көтеріліп жүрген мәселе екенін де айта кетейік. Алғашқыда 2014 жылы, одан беріде 2018 жылы қанаттас қос қаланың ардагерлері, қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйым өкілдері бастаған 500-ден аса адам қол қойып, еліміздегі төртінші мұнай өңдеу заводын Жезқазғанда салынуын сұрап Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және ҚР Парламентіне бірнеше рет хат жолдаған болатын. Сол хатқа қол қоюшылардың бірі, әрі осы іске бастамашы болған «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаевтың қолында сол уақыттағы хаттар мен оған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары М. Бегентаев пен А. Бегенеевтен, ҚР Энергетика министрлігінен, Мұнай және газ министрлігінен келген жауаптарына дейін сақталыпты. Жоғарыға жолданған өтініш хаттарда аталмыш заводты Жезқазғанда салудың барлық экономикалық маңыздылығы мен тиімділігі жан-жақты дәлелдермен дәйектелген болатын. Соған орай, келген жауаптарда бұл мәселенің дұрыстығы, одан әрі қарастырылатындығы туралы айтылғанмен іс жүзінде еш нәтиже болмаған еді. Енді міне, Кешенді жоспарда мұнай өңдеу заводын салу туралы мәселе қозғалғаннан бері Рамазан деген азамат осы хаттарын қайта көтеріп, жаңа кәсіпорын Жезқазғанда салынса деген өтінішін алға тартып, бізбен қайта-қайта хабарлас болып алаң күй кешіп отыр. Өйткені, сол кездері шағын мұнай өңдеу заводын Атасу-Алашаңқай мұнай айдау стансасы орналасқан Жаңаарқада салу жөнінде де бір жоба болғантұғын. Бірақ, мұның барлығы құр сөз жүзінде қалғанын көпшілік білсе керек. Актив жиналысында сауал қоюдың сәті түскен соң облыс әкімінен Кешенді жоспарға енгізілген мұнай өңдеу заводы туралы сұрай келіп, оны қай жерге орналастыруды ұйғарып отырғанын нақтылай түскеніміз де осыған байланысты болатын. – Бұл жылына 1 млн. тонна мұнай өңдеу мүмкіндігі бар орташа қуаттағы завод болады. Біз өз аймағымыздан өтетін мұнай құбырынан осыншама көлемде шикізат алуға рұхсат беруін сұрап отырмыз. Жалпы, Үкімет пен тиісті министрліктер бұл жобаны қолдады. Жоба инвестор арқылы жүзеге асырылмақ. Заводты Жезқазғаннан аса қашық емес, Борсеңгір мұнай айдау стансасы аумағында салу көзделуде, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Индустриялық-инновациялық дамуымыздың жаңа бір бағыты болып табылатын мұнай өңдейтін завод жобасын 480 млрд. теңге жеке инвестиция тарту арқылы 2024-2025 жылдарда жүзеге асыру жоспарланған. Ол іске қосылғанда 300 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, енді келешектің кемел жоспарларының сәтімен жүзеге асуын тілейік!
Амандық РАХҰЛЫ.