Алып кен өндіруші «Қазақмыс» компаниясының кен орындарын ашып, құрылысын жүргізетін Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі жарты ғасырдан аса уақыт Жезқазған, Қарағанды, Балқаш, Жамбыл өңірлеріндегі кеніштердің қатарға қосылуында айрықша еңбек сіңірді.
Бүгінгі таңда Жезқазған шахтапроходкалау тресі шахта құрылысын жүргізумен қатар кен үңгілеу жұмыстарында алдыңғы қатардан көрінуде. Іргелі ұжымды кен өндіру саласының майталманы, білікті де іскер азамат Қайрат Керімқұлов басқарып келеді. Трест ғимараты 40 жыл бұрынғы Рудник кентінде болғанын көпшілік жақсы біледі. Кейіннен трест Жезқазған қаласына қоныс аударды. Ал, биылғы жылы Ұлытау облысы құрылуына байланысты трест ұжымы өндірістік алаңдар басым шоғырланған Сәтбаев қаласына қоныстануға тура келді. Аяқ асты дап-дайын тұрған ғимаратты босата салу қай ұжымға болсын ауыр тиері сөзсіз. Десе де трест директоры Қайрат Ұзақұлы аспай-саспай өздеріне лайықты ғимаратты іздестіріп, бұрынғы «ПАТП» кәсіпорнының қараусыз қалған ғимаратын трестің әкімшілік басқармасына алуды жөн санады.
Бірнеше жылдар бойы қараусыз қалған, қаңырап бос тұрған ғимаратқа күрделі жөндеудің қажеттілігі туындап тұрса да трест ұжымы оны байыптылықпен еңсеріп шықты. Құлаған, бұзылған, аңғал-саңғал ғимараттан сәні келіскен дүние жасауда трест еңбеккерлерінің атқарған жүұмысы ұшат-теңіз. Жылу, су, кәріздік жүйелері ескіріп, азып-тозған ғимараттың инфрақұрылымын да трест жұмысшылары өз күштерімен жаңартып шықты.
Айналасы 4 ай ішінде бір кезде қараусыз қалған ғимаратқа жан бітіп, жанданды. Жақында тресттің қоныстанған мекеніне барып қайттық. Бұрынғы кәсіпорынның әкімшілік ғимараты қайта жанданып, айналасында қызу жұмыстар жүруде. Трест директоры Қайрат Керімқұлов жайдары мінезімен қарсы алып, бізбен жағымды жаңалықтарын бөлісті:
– Қадам аттап, келіп отырған бұл ғимарат осыдан 5 ай бұрын адам көргісіз халде болды десек, көзімен көрмегендер сенбес еді. Құлаған гараждар, көлік жуатын арнайы орындар, тіпті осы әкімшілік ғимараттың өзі азып тұрды. Бірақ, ұжымның еңбекқорлығының арқасында біз бар қиындықты бірте-бірте шешіп келеміз. Әр телімнен қолынан іс келетін жігіттер ортақ іске ұйысып, 4 айдың ішінде бірнеше нысанды іске қостық. Әкімшілік ғимаратқа қарама-қарсы бетте персонал қызметкерлері отыратын ғимарат, телімдерге арналған ғимарат, жуыну және шам беру орындары жасақталды. Бұған дейін треске қарасты телімдердің барлығы Анненск кенішінің маңындағы «ГРП» аталған өндірістік алаңда болатын. Менің осы орынды таңдаудағы басты мақсатым – тресті бір жерге шоғырландыру. Осы ойды жүзеге асыру мақсатында телімдерге арнайы орын бөлінді. Оның жөндеу жұмыстарын, тіпті бөлмелердің дизайндарына дейін әр телімнің еңбеккерлері өздері ойластырды. Қазір ол ғимаратта №19 күрделі тау-кен телімі, электрмонтаждау және механикалық монтаждау телімдері орналасты. Алда тағы телімдер қоныстанады. Бір айта кетерлігі, кейбір ғимараттардың сыртқы есіктерін механикалық монтаждау телімінің жігіттері өз қолдарымен жасап шықты. Сапасы дүкендегі есіктерден кем емес.
Ескіні жаңалып, түрлендіру жолында қыруар шаруалар атқарылды. Біздің жаңа қонысымызға қолдау көрсеткен «Қазақмыс» басшылығына айтар алғысым шексіз.
№19 күрделі тау-кен телімінің ерекше дизайндағы бөлмесі
Қираған дүниелерді қайта қалыпқа келтіруде 4 ай жұмыс атқару деген оңайлықпен келетін іс емес. Сондықтан басшы ретінде осы жұмыстарға атсалысқан ұжымға алғысымды жеткізгім келеді. Ала атқарылар шаруалар бар. Трест қызметкерлеріне жайлы еңбек жағдайын қалыптастыру үшін мұнда әлі де жұмыс бөлмелері салынып, игілікке берілмек. Мұнан сырт мәжіліс залы мен спорт залының құрылысы да жүруде. Алдағы уақытта шағын асхана салу да жоспарда бар. Әкімшілік ғимараттың айналасы толық абаттандырылады. Аумақты көгалдандыру үшін қарапайым талдар емес, жергілікті жердің климатына төзім беріп, бой алатын жеміс-жидектер отырғызуды жоспарлап отырмыз. Ішкі жұмыстар қысқы мезгілде де жалғаса береді. Ал, келер жылы сыртқы жұмыстарды толық аяқтаймыз.
Ішкі құрылыс жұмыстары
Трестің жаңа қоныстағы маңызды құрылыстарын аяқтау сәтімен қатар, біздің «Жомарт» кенішіндегі №12 күрделі тау-кен телімі жылдық жоспарды үш ай бұрын орындап, келер жылдың жоспарын орындауда. Бұл біздің трест ұжымы үшін зор жетістік. Нұрбек манапов басшылық жасайтын телімнің жігіттері мұндай жетістікке үшінші жыл қатарынан жетіп отыр, – дейді Қайрат Ұзақұлы.
Шам беру орны
Жаңа сөз басында айтқандай шахтапроходкалау тресі өндірістік өңірлерде шахтаның негізгі тірегіне айналды. «Қазақмыс» басшылығының қолдауымен жаңа қонысқа ие болған трест ұжымы биылғы жылы табыстың да тайқазанын тасытып отыр. Жыл сайын қызмет көрсету аумағы мен өндірістік жоспар көлемі ұлғайып келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.