Жыл бойы толастамайтын қат-қабат жұмысты жүзеге асыру үшін қажетіне қарай түрлі өндірістік үдерісті жүзеге асыруға тура келеді. Ал, оның ізсіз кетпейтіні, қоршаған ортаға әсер ететіні белгілі. Сондықтан, экологиялық рұқсат алу үшін бірнеше жобалық құжаттама әзірленіп, қоғамдық тыңдау өткізіледі. 2022-2024 жылдарға арналған сондай құжаттаманың бір парасына тоқталайық.
Қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерлі жобасын Тараз қаласындағы «Жобалау экологиялық орталығы» ЖШС жасаған. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде кәсіпорында зиянды зат тарататын 33 көз бар екені анықталды. Ауа бассейінін ластайтын оның 8-і ұйымдастырылған, қалғаны – ұйымдастырылмаған. Шаруашылық-зәрнәжіс тазалау құрылғысы 1968 жылы салынған. Жобалық өнімділігі – тәулігіне 25 000 текше метр. Аумағында ағынды суға талдау жасайтын химиялық зертхана бар. Суды хлорлағанда, зертхана жұмысы барысында ауаға зиянды зат тарайды. Әкімшілік-тұрмыстық корпус аумағындағы көлік және механизмдер, сондай-ақ, трактор цехтарының да қоршаған ортаға тигізетін өзіндік кері әсері бар. Өнеркәсіптік базада ағаш өңдеу цехы, әктас күйдіру пеші, инженерлік желіні күрделі жөндеу цехы, жөндеу-құрылыс цехы, механикалық цех, цемент қоймасы, инертті материалдардың ашық қоймалары орналасқан. Бұл жерде ағаш пен металл өңдеу, әк күйдіру, электрмен-газбен дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу мен металл кесу, бояу-сырлау, цемент пен көмірді түсіру мен тиеу кезінде көтерілетін шаң-тозаң мен жайсыз иіс, күл-шлак қалдықтары ауаны ластайтын көздер қатарына жатады. Жобаны жасаған мекеменің дерегі дұрыс болса атмосфераға жылына 12,9 тонна зиянды зат тарайды екен. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару бағдарламасын жасаған – Елордадағы «Казэкоэксперт» ЖШС.
Бұл құжатта кәсіпорында жинақталатын қалдықтардың шектеулі мөлшері туралы мәселе қарастырылған. Онда қалдықтардың түрі мен тұрпаты, қалдық түзілетін өндірістік үдерістер, қалдықтарды жинау, тасымалдау мен уақытша сақтау жүйесі қамтылған. Кәсіпорын қызметі кезінде жылына жалпы салмағы 1182,15 тонна болатын 36 түрлі қалдық жиналады екен. Өндірістік қалдықтарға қандайда бір жұмыс нәтижесінде жиналатын жанама өнімдер жатады. Олар: технологиялық үдерісте қолданылған материалдар, тауар ыдысы, коммуникациялық жабдықтар, тозған жабдықтар, көлік құралының жарамсыз бөлшектері, тағы басқалар.
Қалдықтарды уақытша сақтау мен жөнелту кезінде тасымалдау тәртібі мен қауіпсіздік техникасына баса назар аударылады. Оны кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғауға жауапты қызметкері қадағалайды. Кәсіпорында экологиялық бақылау бағдарламасы бар, қоршаған ортаны қорғауға қатысты іс-шара жоспары жасалған.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Сәтбаев.