Теміржол – ел экономикасының маңызды саласының бірі. Елдегі көлік логистикасының көшін бастаған шойын жол қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі әрқашан қоғам назарынан тыс қалған емес.
«Қазақмыс» корпорациясы сынды алып компанияның өндіріс үдерісінде де темір жолдың алар орны орасан. Тонналап өндірілген кенді фабрика, зауыттарға жеткізуді «Транко» акционерлік қоғамы үздіксіз орындауда. Соның ішінде Жезқазған өндірістік аймағындағы жүк тасымалын ұйымдастыру мен жеткізу міндетін «Транко Жез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымы өз мойнына алған.
Шойын жолдың бойында жүйткіген жүк вагондарына тиелген кендер діттеген жеріне жеткенше қыруар жұмыстың жүзеге асатынын бірі білсе, бірі білмейді. «Транко Жез» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызмет көрсету аумағы Жезқазған аймағындағы кен орындарын толық қамтиды. «Жомарт» кеніші мен «Жыланды» сынды кен орындарында теміржолшылар тынымсыз еңбекпен таң атырып, кеш батырады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында тар табанды шойын жолдан басталған теміржол қызметінің заңды мұрагері бүгінгі осы «Транко Жез» десе де болғандай. Бүгінде Рахым Хамитов басшылық жасап отырған ұжымның берекелі тірлігіне куә болып қайттық. Әуелі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Елдос Әбікеновке жолыққанымызда, кәсіпорындағы жағымды жаңалықтарды тілге тиек етті. Оның айтуынша, директордың тапсырмасына сәйкес, «ULY DALA» ЖШС-мен бірлесіп, Весовой, Никольский бекеттерінің жұмысшыларын таза ауыз сумен қамту мәселесі шешімін тапқан. Сонымен қатар, Никольский бекетінде жуынатын орын жөнделіп, кәсіпорын аумағындағы медициналық бекеттің де жағдайы жақсарған. Еңбек жағдайының жайлылығын қалыптастыруда кәсіподақ комитетінің де үлесінің барын айта кеткен жөн болар.
Кәсіпорын ұжымы пойыз құрастырушы Марат Жанұзақов, жүк қабылдау және жөнелту жөніндегі маман Светлана Пылаева, тепловоз машинистері Әлімжан Боранбаев, Арман Омаров, көмекші Алмаз Байтәжіков, электр механик Қайрат Түлкібаев, жол жөндеуші Талғат Аңсағаев, бағыттау бекетінің кезекшісі Дария Пулатова сынды озаттармен мақтанады.
Мұнда ДЕПО қызметінің маңызы зор. Бөлімшеде күнделікті қыз-қыз қайнаған еңбектің лебі сезіледі. Шойын жолмен жүйіткіген вагондардың әр сапарға дайын тұруына қызмет жасайтын жөндеуші-слесарь, вулканизаторшы, вагондарды тексеруші сынды мамандардың жұмысы бір сәтке толастамайды.
Осында бес жылдың көлемінде вулканизаторшы болып еңбек етіп жүрген Талғат Тастеміровтің қолынан түрлі бөлшектері өтеді. Талғат Көшімбекұлы тепловоз, электровозға бөлшектер құюдың хас шебері. Осы ДЕПО қызметіндегі жалғыз вулканизаторшы. 38 жыл жүргізуші болған Тәкең енді вагондардың күрделі бөлшектерін құйып, дайындауда қамшы салдырмайды.
– Әрбір бөлшектің пішімін аса дәлдікпен құйып, дайындау негізгі міндетім. Дайын болған бөлшектерді қоймаға өткіземін. Күніне 50-70 бөлшек құйып, дайындаймын. Цех басшымыз Руслан Гадиев, орынбасары Самат Әлімбетовтің жұмысты ұйымдастыру қабілеттерінің арқасында мұндағы шаруалар ретімен жүзеге асып отырады, – дейді Талғат Көшімбекұлы.
ДЕПО қызметі бөлімінің тағы бір озат жұмысшысы – Саттар Қарабеков. Ол мұнда слесарь болып еңбек етеді. Бір кезде кәсіпорынға жас маман болып келген Саттар Бахытбайұлының тәжірибесі толысып, өз кәсібінің майталманы атанып үлгерді.
Өндірісті аймақтағы ірі кәсіпорындардың арасындағы алтын арқауға айналған «Транко Жез» ЖШС-нің теміржол тарландары жүк тасымалының толастамауына атсалыса бермек.
Бағдат Қазкенов.