Жезқазған жылу-электр орталығы – қаланы ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір стратегиялық кәсіпорын.
Мұнда жұмыс істеудің жауапкершілігі өзге кәсіпорындарға қарағанда жоғары болатыны да сондықтан. Жауапкершілік жүгін арқалаған ұжымға Энергетиктердің төл мерекесі қарсаңында бас сұқтық. Мұнда бізді кәсіпорындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Марат Қошанов қарсы алып, нысанның маңызды бөлімі саналатын бу қазандық цехына бастап барды. Сәбит Қуатов басшылық жасайтын цехта қаланы үздіксіз жылумен, ыстық сумен қамтамасыз ету үшін тәулік бойына қыз-қыз қайнаған еңбектің табы бір бәсеңдемейді. Сегіз бу қазандығының бесеуінде үздіксіз жылу беру үдерістері тоқтаусыз жүзеге асып тұр. Екі бу қазандығы қайта жаңғырудан өткен.
– Цехтың негізгі қызметі мысты шаһарды тәулік бойына жылумен, сумен қамтамасыз ету. Кеңесік кезеңдегі жүйелерде жұмыс жасап келген қазандықтарды жаңғырту саясаты соңғы жылдары басшылық тарапынан кеңінен қолдау табуда. Қазіргі таңда 11-қазандық автоматтандырылған жүйеде басқарылып отырады. 150 МГВ қуатта жылу беруге қауһарлы цехта әлі талай оң өзгерістердің боларына сенеміз, – дейді цех басшысы Сәбит Әкімұлы.
Осы салаға 27 жылын арнаған Сәбит Әкімұлы – «Құрметті энергетик», «Қазақстанға еңбегі сіңген энергетик» атақтарының иегері. Қарапайым машинистен цех басшылығына дейін өскен Сәбит Қуатов – білікті басшы, іскер ұйымдастырушы.
Қол астында 70-ке жуық қызметкердің өз жұмыстарын ың-шыңсыз атқаруына жағдай жасап отыр. Халықты 24 сағат бойы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес, әрине. Бұл жерде жауапкершілік екі еселенеді.
Яғни, әрбір жезқазғандықтың жылудан тарықпауы осы цех ұжымының қажырлы еңбегінің арқасы. Сәбит Әкімұлы қызметкерлеріне тапсырма беріп кабинетінде отыратын жандардың қатарына жатпайды. Жауапкершілікті түсінген ол қызметкерлерімен тең дәрежеде иық тіресе жұмыс істейді. Апатты жағдай болған жағдайда басы-қасынан бірінші болып табылатын да өзі.
Жауапкершілік пен мамандыққа деген адалдығы Сәбит Әкімұлын еңбекте абыройға бөлеуде.
Цехтың ауысым басшысы Евгений Алтунин 2005 жылы еңбек жолын желілік оператор болып бастаған. Содан бері қызметінде сатылай өсіп, ұжымдағы беделді азаматқа айналды. Александр Брецконың мектебінде шыңдалған Евгений ұстазынан өз кәсібінің қырсырын жақсы меңгергенін байқатты.
– Цехтың апатсыз жағдайда жұмыс жасап, бізге жүктелген шаруаны абыроймен атқару басты міндетіміз. Мұндағы әрбір жұмысшы өзінің жұмыс бабын жақсы меңгерген. Ауысымда туындаған мәселелер сол сәтте шешіліп, келесі ауысымға сақадай-сай еткізіп өткіземіз. Жүйені автоматтандыру бағдарламасы қазір қарқынды жүзеге асуда. Бұл өте тиімді. Жылудың артық шығынын азайту, еңбек өнімділігін арттыруға септеседі, – дейді Евгений Алтунин.
Аға машинист Павел Мартынов – жылу беру, ыстық сумен жабдықтау жүйелерін бес саусақтай меңгерген маман. 2010 жылы слесарь-жөндеушіден бастаған ол қазіргі таңда цехтағы бу қазандықтарының жұмысына жауапты. Николай Спиридоновтың шәкірті Павел Петрович ұжымға келген талай жастың қанатын қатайтты.
Алып цехтың ішінде ерлермен қатар иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жанның бірі Людмила Колоскова – энергетиктер әулетінің өкілі. Оның жолдасы Виктор Ачкасов аталмыш цехта қазандық машинисі болса, анасы Галина Колоскова 30 жылдан аса жылумен қамту цехында еңбек етіп келеді.
– Бұл салаға келуімнің ешқандай да құпиясы жоқ. Ес білгелі анам осы салада тер төгіп келеді. Өмірлік жарымның да таңдауы осы мамандық. Сондықтан мен де энергетика саласынан ұзамадым. Алғашында 4, кейіннен 5 топта желілік оператор болдым. Қазір жанар-жағармай жүйелерін реттейтін машинадамын. Цехта бір сәтке жұмыс тоқтап көрген жоқ. Өйткені, бұл нысан қаланың тыныс-тіршілігі үшін маңызды, – дейді Людмила Сергеевна.
Бу қазандығы цехының дәлізінде орналасқан экрандарға көз алмай қарап отырған жас маман Ұлықбек Ерубай қазандық машиналарынан ақау шықпауын қадағалап, жүйені басқарып отырады. Жезқазған политехникалық колледжін жылумен қамту мамандығы бойынша тәмамдап, 2019 жылы осы ұжымға келді. Заманауи технологияның тілін тез меңгерген Ұлықбек 11-қазандықты қашықтан басқару бағдарламасын еркін меңгерген. Павел Мартыновтың шәкірті ұжымдағы мақтан тұтарлық жас маманның бірі.
– Мына алдымызда тұрған экрандар арқылы өзіме жүктелген 11-қазандықтың жұмыс жасау жай-күйін бақылап отырамын. Егер үдерістерде қандай да бір кемшілік анықталса дер кезінде ретке келтіріледі, – дейді Ұлықбек.
Өмірлік маңызды нысандардың жарықпен және жылумен қамтамасыз етілуі энергетиктердің жоғары жауапкершілігі мен сапалы қызметіне, қондырғы-жабдықтардың қалыпты жұмысына байланысты. Осы талаптарды ескеріп, ел игілігіне қызмет жасап жатқан Жезқазған жылу-электр орталығы ұжымының еңбегі ерен.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
«Мысты өңір».
Суреттер автордыкі.