Айтайын дегеніміз, Жезқазғанның 6-шы ықшам ауданы тұсындағы Кеңгір су айдынына сұғына орналасқан концерттік сахна алаңына қатысты мәселе. Осы орынды көпшілігіміз «Ротонда» дейтін болыппыз. Ал, шынтуайтында Ротондамыз бөлек те, Халықаралық этнофестивальға арналып жасалған жағалаудағы сахнамыз бір бөлек дүние.
Кеңгір су қоймасы жағалауындағы Ротонда қазіргі Ұлытау облысының басшысы Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласында әкім болған кезінде салынып, бой көтерген игіліктердің бірі. Энциклопедиялық анықтамалыққа көз жүгіртсек, Ротонда — төбесі күмбез болып көмкерілетін цилиндр пішіндес құрылыс екен. Уикипедияның тағы бірінде: «Зал немесе павильон іспеттес дөңгеленген шағын ғимаратты ротонда дейді. Оны колонналар қоршап, төбесі күмбезше болып өріледі» – деп анықтама беріліпті. Ал, бұл атау әдеби шығармаларда ғашықтардың кездесетін орны саналған. Қалай десек те, 6-шы ықшам аудандағы Ротонда маңы көпшіліктің сейілдейтін сүйікті орнына айналғанына дау жоқ. Ротонда тұрған дөңнен төмен қарай сатылап түскенде қатар-қатар орындықтары бар қоршалған сахна алаңы айдын судың келбетімен астасып, ерекше жағымды әсер береді. Осы алаңда әлемнің көптеген елдерінен келген өнерпаздар мен өзіміздің даңқты әншілеріміздің қатысуымен осыдан төрт жыл бұрын өткен классикалық музыка фестивалі жұртшылыққа тамаша әсер сыйлап, рухтандыра түскенін әлі ұмыта қойған жоқпыз.
Кезінде Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен 104 млн. теңге қаржы бөлініп, су қоймасы жағалауында арнайы салынған ашық аспан астындағы сахна алаңын мәдени іс-шараларға тиімді пайдаланып, оған бір жарасымды атау беру туралы мәселені біз баспасөз бетінде сол жылдарда-ақ көтерген болатынбыз. Өйткені, мәдени іс-шара өтетін әп-әдемі орынды күтіп ұстауға жүрдім-бардым қарауларын былай қойғанда, тиісті мекеменің «Ротонда алаңы» деген атауға жабысып қалғаны да аса көңілге қонбаған еді. Бұл жерде жабдықталған дала сахнасында 2018 жылы Халықаралық «Жезкиік» фестивалінің өтуі тек Жезқазған-Ұлытау өңірі ғана емес, еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болған-тын. Қалалық мәдениет бөлімі әртүрлі салтанатты шаралар мен концерттер өткізгенде«Жезкиік алаңында» деп жарнамаласа деп баспасөз бетінде ұсыныс білдіруіміздің мәнісі де осында еді.Бұл атауды өнер адамдары мен көпшілік жұрт та құп көріп, қолдау танытқаны есімізде. Алайда, содан бергі екі-үш жылдың бедерінде осы жайтқа әлі де жете мән берілмей келеді. Жақында өткен «Ұлытау үні» фестивалінің бағдарламасында: «Арт-көрме және караоке кеші, өтетін орны «Ротонда» алаңы» деп жазылғанын көріп, қисынды ұсынысты құлаққа ілетін жан табылмағанына тағы да қынжылуға тура келді.
Ендігі жерде қаламыз жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының орталығы болды ғой. Жаңа адамдар келіп, өзгеше көзқарастар қалыптасуда. Осы мәселеге тағы бір оралайықшы деген пиғылмен ойымызды сабақтап отырғанда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омардың «Дидар» телеарнасындағы брифингтегі есебі назарымызды аударды. Ол мәдени саладағы атқарылатын біраз істерді айта келіп, Халықаралық фестиваль өткен осы сахна алаңына да тоқталып өтті. Амфитеатр ретінде жұмыс істейтін ашық аспан астындағы сахнаның алдағы жылы бір жақ қанаты кеңейтіліп, қосалқы құрылыс салуға қаржы қарастырылыпты. Сонымен қатар, ротонда деп ауызекі тілде аталып жүрген орынды «Жезкиік алаңы» деп атау және осы жерге бір дала еркесі киіктің мүсінін орнату жөнінде ойласып отырғандарын жеткізді. Бұл ұйғарымына қуанып қалдық. Жалпы, Жезқазған мен Жезкиік – егіз ұғым. Олай болса, концерт алаңын «Ротонда» емес, «Жезкиік» дейік қазірден бастап. Иә, Жезкиік – жарасымды атау.
Амандық РАХҰЛЫ.