Жезқазған құю-механикалық зауытында өндіріске келген жастар үнемі ізденіспен көзге түсіп, табысқа кенеліп жүр. Зауыт ұжымы мақтан тұтар білікті маманның бірі – Нұржан Қойшыбеков.
Нұржан Рамазанұлы қарағанды политехникалық университетінің түлегі. Нұржан Қойшыбековтің құю -механикалық зауытында еңбек еткеніне — 12 жыл. Осы жылдар ішінде ол балқыту шебері, технолог болды. 28 жасында кәсіпорынның бас металлургі атанды. Бүгінде Нұржан Рамазанұлы металлургиялық өндірістің технологиялық дайындығының барлық үдерістеріне жауап береді.
Нұржан жаста болса металлургия саласында жақсы табыстарға қол жеткізіп жүрген маман. Ол зауытты жаңғырту мен дамытуда айтарлықтай үлес қосып келеді. Былтыр тамыз айында Түркияның өндірістік алаңдарында тәжірибе жинақтап қайтқан ол көрген, білгендерін енді өндірістік үдерісте қолданды. Нұржан Қойшыбеков ұжымда білікті маман болса, отбасында сүйікті жар, көпбалалы әке. Омырауында үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі жарқырайды.
Былтырғы жылы Astana Mining & Metallurgy – AMM 2021 11-ші Халықаралық тау-кен металлургиялық Конгресінде «Алтын Гефест» байқауының «Жыл металлургі» атағын жеңіп алды. Аға буынның тәлімінде шыңдалған Нұржан Рамазанұлы қызметінде жауапкершілікті жоғары қойып, аға буынның сара жолын жалғастыруда адалдық танытып келеді.
Нұржан Қойшыбеков жақында Қарағанды қаласына жаңа қызметке бет алып отыр. Білікті маман жаңа қызметте де табысқа жететініне ұжымдастары бек сенімді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.