«Қазақмыс» корпорациясы КЕНШІ мен БАЙЫТУШЫ күніне орай биыл 21-27 тамыз аралығында Сәтбаев пен Жезқазған тұрғындарына тартымды мерекелік бағдарлама ұсынды. Кеншілер шаһарында әдемі әсер, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған айшықты аптаның салтанатты ашылуында қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ пен «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бауыржан БАЙМҰХАНОВ Кеншілер мәдениет сарайының жанындағы жазғы сахнаға жиналған жұртылықты кәсіби мерекемен қызу құттықтап, жылы лебіз білдірді.
Бұл қалада кеншілікке қатысы жоқ отбасын табу шөптің арасынан ине іздегенмен бірдей шығар?! Сондықтан, Қаныш қадасын қағып, сүрлеуін салып берген осы бір киелі кәсіппен жұп жазбай айналысып келе жатқан кенші қауымының кәсіби мерекесін сәтбаевтықтар ортақ қуаныш санайды. Жаздай кешкілік онсыз да ортаймайтын орталық алаң бір апта бойы босамаса, оған таңданудың реті жоқ. Оның үстіне мазмұнды мерекелік бағдарлама өнер сүйер бұқараны баурап алған еді.
Мерекелік аптаның ашылу салтанатынан соң тұрғындар, әсіресе, жастар жағы концерт-караокеде әнші Абдулкәрім Кәрімовпен және «Формат» тобымен қосылып ән шырқап, бір жырғап қалды. Мерекелік өнер мәзірі келесі күні де кешегіден кем түспеді. Ән әлемінде аты аңызға айналған Батырхан Шүкеновтың шығармасын орындаушы Сырым Енсепов пен эстрада жұлдызы Айқын Төлепбергенов концерт берді. Кезек оқиға желісін өзі жазып, өзі қойған Кенжебай Ахметовтің иісі қазаққа танымал Жақсыкелді Сейілов туралы «Неге солай» филіміне келді. Қоюшы оператор Қанат Мыңбай түсірген, кейіпкерлерін аймаққа танымал қарапайым адамдар сомдаған туындыны көпшілік жылы қабылдады.
Саундтрек-концертті де көрдік. «Пираты Карибского моря», «Гарри Поттер», «Агент 007», «Мортал Комбат», «Наруто» сияқты әлем жұртшылығы мойындаған фильмдерге жазылған туындыларды оркестрдің орындауында тыңдадық. Артынша «Түнгі Қазақмыс» бағдарламасын тамашаладық. Онда белгілі әзілкеш актер Қайрат Әділгерей «5:32», «Сержан братан», «Рауза» фильмдерінде ойнаған Қазақстан киносының жұлдыздарынан сұхбат алып, оған көрермендерді де қатыстырып, бір әдемі әңгіме-дүкен құрды. Елордалық сиқыршы Александр Дикс өткізген ғажайып кеш те көпшілік есінде ұзақ сақталары анық. R&B и Q-POP жанрындағы артистердің бірыңғай жастарға арналған концерті ше?!
Қос сала еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай кеншілер шаһарына атбасын тіреген цирк те балаларға қуаныш сыйлады. Мереке қарсаңында «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Данқ» орденінің толык иегері Жақсымбек Үншібаевтың 100 жылдығына орай бюст орнатылды.
Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен кен өндіру және байыту саларынан зейнетке шыққан еңбек ардагерлеріне «Ханзада» тойханасында құрмет көрсетілді. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ортасындағы «Той төбеде» «Қазақмыс» корпорациясының демеуімен ұлттық спорт түрі – бәйгеден, қыз қуудан жарыс өтті. Бәйнгеде аты оза шапқан жеңімпазға теміртұлпар табысталды.
Жезқазған қаласында да мереке атаусыз қалмады. Кеңгір жағасында Серке Қожамқұлов театрының «Төртеу т.гел болғанда» тарихи-драмасы ашық аспан астында көпшілікке ұсынылды. Атақты қолбасшы, жырау, Шыңғысханның кеңесшісі Кетбұқа баба ескертішінің алдында республикалық «Аңыз тұлға, абыз тұлға – Кетбұқа» республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды.
Кеншілер мен байытушылардың құрметіне арналып ұйымдастырылып, бір аптаға ұласқан дүбірлі тойдың шарықтау шегі Сәтбаев қаласында мәреге жетті. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қалыптастырған Үлкен Жезқазғанның бүгінгі заңды мұрагері Жезқазған-Сәтбаев қалаларының жұртшылығы кеншілер мен байытушылар мерекесінде ұлы ғалымға тағзым жасап, оның кеншілер шаһарының орталығындағы асқақ мүсініне гүл-шоқтарын қойды. Бұл рәсімге «Қазақмыс» корпорациясы Басқар төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин, Ұлытау облыстық мәслихатының хатшысы Бауыржан Шыңғысов, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов, Тау-кен –металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Сатыбалдин,кенші-бригадир, Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Макишев, озат кеншілер мен сала ардагерлері қатысты. Академик Қ.Сәтбаевы атындағы даңғылда бір апта көлемінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайы өңірдің кен өндіру, оны игеру бағытындағы тарихынан сыр шертетін көшпелі көрмені көпшіліктің назарына ұсынды. Мұражай директоры Кенжал Балкенов көрмеге арнайы атбасын бұрған «Қазақмыс» корпорациясы Басқар төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдинге мұражай қорындағы құнды жәдігерлермен таныстырды.
Кен өндірісінде табысты еңбегімен құрметке кенелген кеншілер қауымын ұлықтау мақсатында Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайында жиын өтті.
Салтанатты жиында Ұлытау облысының әкімі Берік Әблдіғалиұлы сөз алып, «Қазақмыс» корпорациясының жаңа облыстың дамуындағы рөлінің айрықша екендігін алға тарта келіп, бұл ретте кеншілер мен байытушылардың еңбегі ерен екендігін жеткізді. Өңір басшысы бір топ еңбек озатын «Еңбек ардагері» медалімен, сонымен қатар, бірінші, екінші, үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгілерімен марапаттады. Берік Әбдіғалиұлы «Еңбек ардагері» медалін Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты конвейер телімінің шебері Жұматай Ақпанбетовке табыстады. Бірінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін Шығыс Жезқазған кенішінен Ербол Нұрғалиев, екінші дәрежелі төсбелгіні Батыс кенішінен бұрғылаушы Жанұзақ Назарымбетов пен мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасынан бекітуші Құрманғазы Миркинов алды. Үшінші дәрежелі төсбелгіні облыс басшысы Жомарт кенішінің жарушысы Асқар Байболатов пен энергетика басқармасының электрслесарі Анатолий Протоповтің, Шығыс Жезақзған кенішінен телім маркшейдері Гугай Садирбековтің омырауына тақты.
Қазақмыс» корпорациясы Басқар төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин кеншілер қауымына алғысын арнай келе, корполрацияның болашақтағы кен өндірудегі әлеуетінің зор екендігін баяндады. Кеншілерді мерекемен құттықтаған Андрей Павлович үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін Батыс кенішінің жарушысы Қалқаман Жұмағұловқа, Оңтүстік Жезқазған кенішінің электрслесарі Серік Ерубаевқа, №73/75 шахтаның телім басшысы Темірхан Мұрзатовқа, Жомарт кенішінің тау-кен жұмысшысы Бақытжан Кенбаевқа, Батыс кенішінің жарушысы Бекзат Тұрмановқа, Шығыс Жезқазған кенішінің үңгілеушісі Төлеген Мыңжасарға табыстады.
Сонымен қатар, Андрей Гайдин бір топ өндіріс майталманын «Қазақмыс» корпорациясы Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов, «Жезқазғантүстімет» ӨБ Бас директоры Бауыржан Баймұқанов, «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Ерболат Сатыбалдин, «Қазақмыс» корпоррациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағының төрағасы Луиза Мыңбаева сала мамандарын марапаттады. Салтанатты бас қосуды жергілікті және Қазақстан эстардасының әншілері әнмен әрледі.
Жиынна соң көпшілік «Керемет» тойханасында жайылған дастарқан басынан табылып, мерекені көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.
Мерекелік шаралар Сәтбаев шаһарындағы Қ.Сәтбаев атындағы даңғылда кешкілік гала концертке ұласты. Қала тұрғындары мен қонақтарына Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайының көркемөнерпаздары әннен шашу шашты. Одан кейін сахна төріне елімз бен жақын шетелдерге танымал актер әрі жүргізуші Тәуекел Мүсілім көтеріліп, кен тізгінін қолына алды. Тәжірибелі теле жүргізушіні көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды.
Көрермендер көзайымына айналған Мейрамбек Бесбаев, Ayree, Мархаба Сәби, Amre, жерлесіміз Нұржан Керменбаев, Ғазизхан Шекербек сынды еліміздің өнер жұлдыздары сенбінің кешін әсем әуенмен тербеді. Шетелдік өнер жұлдызы Макс Барских гала концертті түйіндеді.
Гала концертті жоғары деңгейде жүргізген Тәуекел Мүсілім мерекелік кештен алған әсері жайлы былай деп ой бөлісті:
– Жезқазған-Сәтбаев қалалары мен үшін өте ыстық. Өйткені менің балалық шағым осында өтті десем де болады. Нағашыларыма жиі келетінмін. Аманкеолі ауылында талай қой кезекке шығып, Ұлытаудың саф алтын ауасымен тыныстадым. Арада бірнеше жыл салып, қайта келдім. Бұл кеншілердің мерекесін жүргізу құрметіне ие болдым. Бұл мен үшін зор мәртебе. Сәтбаевтықтардың ықылас, пейілін көріп, көңілім толқып қайтып барамын, – деп ағынан жарылды.
Кеншілер мен байытушылардың құрметіне арналған мерекелік шара отшашумен түйінделді.
Ықылым заманнан бүгінгі көнермей жеткен кен өндіру кәсібін меңгерген кеншілердің бүгінгі жаңа буынына деген құрметті «Қазақмыс» корпорациясы осылай көрсетті. Қарапайым еңбек адамына деген қолдау мен қошеметтің жарқын көрінісі осындай болса керек. Мерейлеріңіз үстем болсын, кен өндірісінің озаттары!
Мерекелік репортажды дайындаған Әлібек ӘБДІРАШЕВ, Бағдат ҚАЗКЕНОВ.