Жаңаарқа ауданының орталығында үш қабатты жаңа мектептің құрылысы аяқталып, осы аптада пайдалануға берілді. Бұған дейін аудан орталығында жалпы орта білім беретін 5 мектеп бар еді. Енді солардың қатарын алтыншы болып толықтырып отырған бұл оқу орны 464 оқушыға арналған. Бірінші қыркүйекте есігін айқара ашқан жаңа білім ұясы осы заманның талабына сай келетін ерекше үлгімен салынған. Ол №1 мектеп-лицей депаталатынболды.
Жаңа мектеп-лицейдің әр класында қазіргі білім беру талабына сай 21-22 баладан ғана болады. Құрылысын жүргізіп, жобаны жүзеге асырған бас мердігер «КарагандаСтройконструкция» ЖШС келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстарымен қоса оқу орнына қажетті барлық мультимедиалық электрондық және басқа да жабдықтарды алып, орнатып берген. Кабинеттер интерактивті тақтамен, компьютер техникаларымен жабдықталған. Ең бастысы, құрылыс белгіленген уақытында аяқталып отыр.
– Біз құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың 27 шілдесінде бастаған болатынбыз. Құрылыстың сапасына айрықша көңіл бөлінді. Бұл – көлемі үлкен, әрі ерекше жобаның үлгісімен салынған замануй ғимарат болып саналады. Мысалға, спорт залының өзі 540 шаршы метр аумақты алады. Онда ұл балалар мен қыз балалардың киініп-шешінетін орындары, жуынатын себезгі бөлмелері бөлек орналасқан. Мұнда спорттың барлық түрімен айналысу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар сыртта да үлкен ойын алаңын, мини-футбол және баскетбол алаңдарын жабдықтадық. Мектептің іші мен сыртындағы барлық жерлер бейнекамералармен қамтылған. Ауланы айналдыра қайың, қарағай, алма ағаштарын отырғызу мен гүл егу жұмыстары да мердігер ұйымның күшімен атқарылды, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Боранқұл Садықбеков.
Мектептің 100 орындық асханасы, 164 адамға арналған мәжіліс залы бар. Мәжіліс залы мәдени-көпшілік жұмысқа қажетті LED экранмен, музыкалық синтезатор құралдарымен, бірнеше пианиномен жабдықталған. Сонымен қатар, басқа жерлерде кездесе бермейтін оркестрге арналған орындықтар мен аспаптар, телестудия, домбыра және ұлттық өнер кластары бар. Мәселен, тігін кабинеті тігін машиналарымен, металл және ағаш өңдейтін кабинеттер станоктармен жабдықталған. Ғимаратты жылытатын жеке жылу қазандығы да қоса пайдалануға берілді. Жалпы, Қарағанды облысында осындай жаңа жобадағы екі мектеп ғана болса, Ұлытау облысындағы замануй жабдықтарымен қоса салынған алғашқы білім ұясы осы лицей болып табылады.
Амандық РАХҰЛЫ.