Өткен жылдың шілде айында «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен «Ustaz Ulytau» өз бастауын алған болатын.
Жоба «Қазақмыс» корпорациясы орналасқан өңірдегі мектептерде оқушының мүддесі мен оның кәсіби келешегіне бағытталған. Бір жыл ішінде мұғалімдер, мектеп директорлары, мектеп директорларының орынбасарлары, мектеп ұжымдары оқудан өтті. Оқыту семинарларына мектеп бухгалтерлері және қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты. Жобамен өңір мектептерінің 30% – ы белсенді қамтылған.
Сабақтар карантиндік шектеулер төмендей бастаған кезде онлайн және офлайн режимінде өтті. Оқушылар ғана емес, мұғалімдер де байланысты сабақтарды сағынғандығы байқалды. «Ustaz Ulytau» жобасы біздің жаңадан құрылған Ұлытау облысында білім сапасының өсуіне бірден-бір тиімді тетік болып отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін салынған инвестиция деп қарастырған жөн. Қазақмыс компаниясының оқыту сапасын арттыруға деген терең қызығушылығы өңірді білім беруде айтарлықтай оң өзгерістер әкелетіні даусыз.
Бір жыл ішінде жоба ұйымдастырушылары мұғалімдердің біліктілігін арттыру және кеңес беру көмегінен басқа, 14 мектепте кәсіптік бағдарлау қызметін құру бойынша жұмыс жүргізді, 10 мектептің ұжымдары үшін оқыту дәрістерін және ағылшын тілінен олимпиада өткізді. Директорлар мен мұғалімдер үшін екі стратегиялық сессия өткізілді.
Жоба әзірге үш жылға есептелген, бірақ қазірдің өзінде директорлардың ойлауында өзгерістер байқалады. Олар мектептің, мұғалімнің және оқушының даму перспективасына қарап, басқарушылық сипатқа ие болып келе жатыр. Сонымен қатар, өңірде мектеп директорларының клубы жұмыс істей бастады. Аталған жоба Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қаларында жүйелі жүргізіліп келеді.
Жақында Білім күні қарсаңында «Ustaz Ulytau» жобасы аясында Жезқазған қаласындағы № 3 мектепте мектептер үшін жаңа жобалардың тұсаукесері өтті. Жезқазған қаласының оқушылары мен мектеп мұғалімдеріне арналған жаңа жобалар жаратылыстану-ғылыми цикл мұғалімдеріне арналды. Оның бағдарламасында Жезқазған қаласындағы «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» ҚҚ өкілдігінің басшысы Гүлмира Жаппасова сөз алып, бағдарламаның тиімділігіне тоқталды.
«Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығының» шет тілдері бағытының басшысы Шынар Кәкенова жаңа оқу жылындағы жобалармен таныстырды. Жоба шеңіберінде биылғы оқу жылында экологиялық мәселелер тақырыбындағы ғылыми жобалар қарастырылған. Жобаға қатысудың жалпы ережелері, жобаны әзірлеу жолдары, оның қатысушыларға беретін мүмкіндіктеріне кеңінен баяндаған Шынар Қайыпбекқызы жеңімпаз жастардың шетелдер мен еліміздің астанасына саяхаттау мүмкіндігі барын жеткізді. Ғылыми жоба осы оқу жылы басталғаннан келер жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Олай болса ғылымға, соның ішінде экология тақырыбына қызығушылығы бар оқушылардың ғылым арқылы шетелдерге тегін саяхаттауға жолы түсіп тұр.
Өткен жылы басталған «Ustaz Ulytau» жобасы бірнеше бағытта мұғалімдер мен оқушылардың дамуына жол ашып келеді. Әсіресе, тіл меңгерем деген оқушылар мен студенттерге бұл таптырмас құрал болып табылады.
Өткен оқу жылында ағылшын тілі пәнін тереңдете меңгерту курсынан өткен Жезқазған қаласындағы №1 жалпы білім беретін орта мектептің 10 оқушысы жоба аясында үздік көрсеткішке ие болып, олар Ұлыбританияның басты қаласы – Лондонда білім жетілдіріп келді. Сонымен қатар, олар арнайы колледжде дәріс алудан бөлек, ағылшындардың оқу жүйелеріндегі ерекшеліктермен танысты. Ұлыбританияның 5 қаласына саяхат жасап, екі апталық сапардан мол біліммен оралды. Оларға ағылшын тілін меңгерудегі ерекшеліктері үшін арнайы сертификат тапсырылған.
Аталмыш бас қосуда оқушылар шетелде алған әсерлерімен бөлісіп, жастарға зор қолдау танытып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығына алғыстарын білдірді.
Қорытындылай айтқанда, бұл оқытудың жаңа жобасы – мүмкіндікке ашылған жол. Сондықтан, «Қазақмыстың» өңір жастарына, ұлағатты ұстаздарға деген қамқорлығын бағалай отырып, әрқайсыңыз білім алып, түрлі жобаларға қатысып, шетелге саяхаттауға қол жеткізіңіз.
Бетті дайындаған Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Суреттерде: 1. Жезқазған қаласындағы «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» ҚҚ өкілдігінің басшысы Гүлмира Жаппасова.
- «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығының» шет тілдері бағытының басшысы Шынар Кәкенова.
- Ұлыбританияда білім жетілдірген жастар.
- Семинарға қатысушылар