«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин жақында кеншілер мен байытушылар мерекесіне орай жиын өткізді.
Жиында ол: – Кеншілер мен Байытушылар күні – біздің саладағы негізгі мерекелердің бірі. Кеншілердің корпорацияның, тұтастай мемлекетіміздің дамуына қосып жатқан үлесі көп. Барлығыңызға денсаулық, сәттілік тілеймін, – деді.
Кездесу барысында топ-менеджер күнделікті жұмысты ұйымдастырудың, еңбек ұжымдарымен «кері байланыс» орнатудың, түрлі деңгейдегі басшылық буындарында өз уақытында шешім қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
Кәсіпорын жұмыскерлері тау-кен, шахта құралдарының дайындығы мен техникалық жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Ол мәселелер бойынша Басқарма төрағасының бірінші орынбасары салалалық қызметтерге жеке жиналыс ұйымдастыруды тапсырды.
Андрей Гайдиннің айтуынша, жақында кәсіпорынды басқару жүйесі оңтайландырылады.
«Жезқазғантүстімет», «Қарағандытүстімет», «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестіктері таратылып, корпорация құрамында кен-байыту кешені құрылатын болады. Кешен бас директоры кеніш, фабрика директорларымен тікелей жұмыс істейтін болады».
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы мен еңбекақы мөлшері компания басшылығының назарында екенін атап өтті.
– Компанияның кәсіпорындарында бірыңғай әлеуметтік саясат жүргіземіз. Бұл мәселемен жұмысшы тобы айналысып жатыр. Жыл басында біз еңбекақыны 30 пайызға өсірдік. Біз инфляцияның, азық-түлік бағасының өсу деңгейін тұрақты бақылап отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің компания әлеуметтік бағытталған компания ретінде жұмыскерлердің әл-ауқатына тұрақты көңіл бөледі. Сондықтан, 2022 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалақыны өсіру мөлшері жарияланып, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы көтерілетін болады, – деді Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин.
Айта кетейік, кеншілер мен байытушыларға кәсіби мерекеге орай 30 мың теңге көлемінде сыйақы төленді.
«Қазақмыс» корпорациясы сайтынан.