«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq»Жастар одағының ұйымдастыруымен Сәтбаев қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында «Өндіріс сұлтаны – 2022» республикалық байқауы өтті.
Кеншілер мен байытушылардың төл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған байқауға Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарынан бас аяғы 22 адам қатысты. Байқау өндірісте еңбек етіп жүрген жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, актерлік, тапқырлық, батылдық пен батырлық сынды қырларын дамытуды көздейді.
Сұлтандарға әділ бағасын беретін әділ-қазы алқаларының құрамында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік техникасы бөлімі басшысының орынбасары Данияр Хамзин, «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Еркебұлан Балмұқан, «АМАНАТ» партиясы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов, Ұлытау облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мереке Мырзабекова, Ұлытау облыстық Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Кенжетай Әбілдинов болды. Байқау 3 бөлімнен тұрды. Бірінші – «Еңбегімен ер сыйлы» кезеңінде қатысушылар өздерінің кәсіби қызметі туралы және өндірістегі қауіпсіздік техникасы бойынша бейнероликті көпшілікке тарту етті. «Сегіз қырлы бір сырлы» сайысында қатысушының шеберлігі мен таланты бойынша шығармашылық қабілеті сынға түсті. Ал, «Құралайды көзге атқан» кезеңінде «Өндіріс сұлтаны» атағына үміткер жігіттер садақ атудан жарысты.
- Сұлтандарымыздың ұлттық нақыштағы киімдермен сахнаға шығып, өлең жолдарымен өздерін таныстырулары байқаудың ерекшеліктерінің бірі болды. «Өндіріс сұлатны» деген атаққа лайықты азаматтың тұлпар тізгіндеп кетуі үшін байқауға келген 22 жігіт бар өнерін де бойындағы күшін де көрсетуге тырысты. Осы орайда айта кетейік, байқауға жергілікті кәсіпкерлер мен жастар жанашырлары демеушілік жасады. Олардың қатарында Тау-кен – металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы да бар.
Байқауда бағы жанып, қазақ жігітіне тән өнегесімен, өнерімен суырылып алға шыққан Энергетика басқармасына қарасты Шығыс СарыОба телімінің жабдықтарды жөндеу жөніндегі электрслесарь Батырхан Әбжановқа бұйырды. Батырхан Серікжанұлы байқаудың Бас жүлдесі – тұлпардың иегері атанды. Жезқазған байыту фабрикасының №1 бас корпусының слесарь-жөндеушісі Қанат Мусинге бірінші орынның жүлдесі – 300 мың теңге бұйырды. Қанат Жаңабайұлы байқауда Бас жүлде иегерімен теңбе-тең өнер көрсетті. Екінші орынға тігілген 250 мың теңгені Жезқазған мыс қорыту зауытының мысты электролиздеу цехының сулы ертінділерді электролиздеушісі Жоламан Мағзұм еншіледі. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Бас жобалау институтының Жезқазғандағы элетртехникалық бөлімінен бірінші санатты инженер-жобалаушы Жалғас Ідіріске үшінші орынға тағайындалған 200 мың теңге бұйырды.
Байқауға белсен қатысып, өнерімен танылған аймақтық бірыңғай қойма шаруашылығы №2 базының жүк тиеушісі Нұрболсын Әбжаппаров 100 мың теңге мен арнайы номинацияға ие болды. Мұндай марапатқа «Абыз» кенішінің намысын қорғаған үңгілеу телімінің үңгілеушісі Мейрамбек Әлжанов те ие болды.
Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі №5 басқарманың күрделі тау-кен телімінің сорғы құрылғысының машинисі Бекзат Асқар, мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасы №8 жөндеу-механикалық телімінің слесарь-жөндеушісі Өркен Мұханбетрахым, мамандандырылған энерго-жөндеу басқармасының «Сантехмонтаж» телімінің шебері Мейіржан Әлімжанов, «Жомарт» кеніші №2 кен өндіру телімінің шебері Медет Тілеубай, «Қазақмыс МэйнтенансСервисиз» ЖШС тау-кен, шахта жабдықтары зауыты механикалық цехының мысшысы Ержан Досанов, «ҚазақмысМэйнетнасСервисиз» ЖШС Жезқазғансервис кәсіпорны №65 шахтадағы №3 сервистік телімінің ауысым механигі Амангелді Жүрсінов, Оңтүстік Жезқазған кеніші №45 шахтадағы №5 телімінің тиеу-жеткізу машинасының машинисі Қайсар Әбеуов арнайы номинация мен 50 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Елу мыңды еншілегендер қатырында Батыс кеніші жару телімінің электрмеханигі Василий Ласкут, шығыс Жезқазған кеніші Анненск шахтасындағы №49 кен көтерме телімінің оқпаншысы Мирас Мұханбедиянов, медициналық орталығы Бубуновский атындағы кинезитерапия орталығының нұсқаушысы Нұрбек Бөлеген, «УПС» шихта дайындау цехының телім шебері Айбек Сәтібеков, «Балқаштүстімет» ӨБ мамандандырылған жөндеу басқармасының бөлім басшысы Рамазан Ниханберлі, «Қосмұрын-Ақбастау» кеніші тау-кен көлігі телімінің үңгілеушісі Әділхан Төлешов, Қарағайлы байыту фабрикасының жабдықтарды пайдалану бөлімінің жетекші инженер-механигі Бейімбет Жүнісов, «Нұрқазған» кеніші маркшейдерлік-геомеханикалық бөлімнің телім маркшейдері Дәурен Құсайнов, Қарағанды құю-машина жасау зауыты дайындау цехының 3 разрядтағы фрезерлеушісі Нұрғазы Абзалбек бар.
Байқаудың Бас жүлдесі – тұлпар тізгіндеген Батырхан Әбжановті сөзге тарқан болатынбыз.
– «Өндіріс сұлтаны» байқауы болады деген сәттен бастап, дайындыққа кірістім. Шығармашылық жағынан көп ізденуге тура келді. Физикалық дайындықты да үзбей жүргізіп, жаттықтым. Байқау кезеңдері оңай болып көрінгенімен, ішкі дайындықсыз жеңіске жету мүмкін еместігін түсіндім. Жарыс жолына түскен әріптестерім де осал еместігін байқау сәтінде байқап, босаңсымауға тырыстым. Өзіме деген сенім жеңіске жетелеп, тұлпар тізгіндедім. Бұл мен үшін үлкен олжа әрі жауапкершілік. Сұлтан атағын алып жүрудің маңыздылығы мол екенін енді түсініп жатқандаймын.Мені байқауға үкілеп қосқан энергетика басқармасының басшылығына, өзім еңбек ететін телім басшылығы мен ұжымдастарыма, қолдаушыларыма, сенім артқан ата-ана, бауырларыма алғысымды айтамын. Өндірісте еңбек етіп жүрген жастар арасында осындай тартысты дода ұйымдастырған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq»Жастар одағының алдағы жұмысы жемісті болсын, – деп ағынан жарылды Батырхан.
– Бұл байқау біздің жастарымыздың арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық құндылықтарға шақыратыны сөзсіз. «Қазақмыстың» жалынды жігіттері әлемдік додаларда атой салса дейміз. Біз бұл маңызды іс-шараны өз деңгейінде өткізуге тырыстық.
Жыл сайын байқауға қатысушыларлдың қатарының көбейе түскеніне қуанып отырмыз. Демек бұл байқау жастар үшін маңызды дегенді аңғартуда. Биылғы жеңімпаздарымыз өз бағаларын лайықты түрде алды деп ойлаймыз. «Өндіріс сұлтаны» байқауына демеушілік көрсетіп, қолдаған серіксетсерімізге алғысымыз шексіз.
Жігіттің сұлтаны мен сырттаны көп болсын! – дейді байқауды ұйымдастырушы – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq»Жастар одағының төрағасы Луиза Мыңбаева.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.