Көпті қуантқан өзгерістер
Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізген 31 жылдың ішінде әр салаға енгізіліп жатқан реформалар мен өзгерістердің бірі халыққа тиімді болса, енді бірінің жұртшылықтың қолайына жақпай қалып жатқан тұстарының бары жасырын емес.
Біздің ғасыр – білім мен ғылымға, жаңалықтарға ұмыталатын кезең. Ол үшін әуелі білім саласының мықтап қалыптасуына билік те қоғам да тікелей атсалысуы керек.
Білім – барша өркениеттің бастауында тұрған ұлы ұғым ғана емес ол адамзат игілігіне қызмет жасайтын басты құрал. Міне, осы құралды біз ұрандап жүрген Жаңа Қазақстанда қалай қалыптастырып жатырмыз деген бір түйір ой кім-кімнің болсын санасын шарлап өтері анық. Осыған дейін білім саласында түрлі тиімсіз өзгерістердің болғанын қоғам көріп, біліп отыр. Үштілділік саясатын бірінші сыныптан тықпалаған жүйенің ақыры дау-дамайға ұласты. Білім және ғылым министрлігі деген атаудан арылып, Президенттің пәрменімен Оқу-ағарту деген жаңа ату берілген министрліктің тізгінін Асхат Аймағанбетов ұстағаннан бергі уақытта тіл мәселесіне ерекше мән берілді.
Бірінші сынып оқушысына Ахмет Байтұрсынұлы дайындаған Әліппені қайта оралтып, Ана тілін меңгергенге дейін өзге тілді бірінші сыныптан алып тастау ведомство басшысының ұтқыр шешімі болды. Осылайша биылғы оқу жылынан бастап, қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.
Министр мұнан бөлек, бірінші сыныпта «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөлінеді деді. «Өзін-өзі тану»» пәні Қазақстандағы барлық оқу бағдарламаларынан алынып тасталды. Оқыту жүйесінің мұндай тың бастамалары көптің көңілінен шығып жатқанын ел арасындағы пікірлерден естіп жүрміз.
Пәндерге қатысты жүйе дұрыс қалыптасуы керек
Иә, салада атқарылып жатқан шаруалардың қысқаша тізбегі осылай. Осы тұста «алайда» дейтін түйткілдер де жоқ емес. Әлемді жаулаған коронавирсу кезінде оқу форматы онлайнға көшкеннен кейін қолданыстан шығып, енді қайтадан еніп жатқан «Көркем еңбек» пәнін мен дене шынықтыру пәнін ұл-қызға бөліп оқыту мәселесі өзекті болып тұр.
Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығында ендігі жылдан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздар қосып оқытылады деп жазылған екен. Осыған байланысты еліміздегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері өздерінің қарсылықтарын білдіруде. Біздің өңірде бұл мәселеге байланысты дау туындамаса да ұстаздар қауымының пікірін білген болатынбыз.
– Жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздарды бірге оқытпақ. Сәйкесінше, енді бүтін сыныпқа бір мұғалім жауап береді. Біріншіден, баланың бәріне бірдей ие болу оңай жұмыс емес. Ұлдар мен қыздарға, 40 балаға жалғыз бір мұғалім сабақ беруге тура келеді. Бұның ең сорақысы, спорт ойындары басталған кезде жалғыз мұғалім 40 балаға қалай ие болады? Біріншіден, қауіпсіздік ережесі, ертең жарақат көп болады. Әрі оларға берілетін тапсырмалар да, алынатын нормативтер де әртүрлі. Түптеп келгенде ес білген ұл мен қызды қатар жүгірту де ыңғайсыз. Ұл-қыздардың дене шынықтыру сабағында олардың физиологиялық деңгейі әртүрлі. Берілетін жүктеме де әртүрлі. Жоғарғы сыныптарда ұл мен қызды бірге оқытуда қыздар дене жаттығуымен еркін айналыса алмайды. Мұнан бөлек, бір пәннен 4,5 мұғалім сабақ беріп жүр.
Егер жүктеме 2,3 мұғалімге ғана берілетін болса, қалған мұғалімдер қайда барады? Осы жағын да ойластырған жөн, – дейді Сәтбаев қаласындағы №27 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Абзалбек Жакеев.
Білім саласындағы тағы бір өзекті болып тұрған жағдай – «Көркем еңбек» пәнін ұл мен қызға бөлмей оқыту. Бала саны 24-ке толған жағдайда ғана ұл мен қыздар бөлінеді. Біраз жыл бұрын 1-6 сыныптардағы еңбекке баулу және бейнелеу өнері, 5-6 сыныптарда технология пәні мен бейнелеу өнері пәндері кіріктіріліп көркем еңбек пәні болып өзгертілді. Ал, 9 сыныпта сызу пәні, 10-11 сыныптарда технология пәні мүлдем алынды. Сонымен қатар, аптасына 2 сағаттық оқу жүктемесі 1 сағатқа қысқарды. Мұғалімдер оған да көніп, берілген сағатты қанағат тұтты. Ал биылғы оқу жылында білім стандартында «Бала саны сынып толымдылығына қарамастан бөлінеді» деген тармағы алынып тасталған. Енді елестетіп көріңіз, бір оқу бөлмесінде ұлдар сүргімен ағаш жонып жатса, бір бұрышында қыздар кесте тоқып, тағам әзірлеуді үйренуде. Бұл сонда қандай талапқа сай келеді?
– Ұл мен қызды бірге оқытқанда толыққанды білім алу мүмкін емес. Оның үстіне, мектептердегі технология кабинеті толық сыныпқа арналып жабдықталмаған. Ұлдар мен қыздарға арналған кабинет 12-15 балаға лайықталған. Ұзақ жылдан бері қалалық жерде сабақ беріп келе жатқан мұғалім ретінде бұлай істеу жөнсіз деп есептеймін. Жалпы, стандартқа өзгеріс енгізу үшін алдымен дайындық керек. Бұл пәннің өмірге қажетті дағдыларды оқушы бойына қалыптастыратыны баршамызға аян. Осы уақытқа дейін бұл пән сынып толымдылығына қарамастан 5-сыныптан бастап, ұлдар мен қыздар тобына бөлініп оқытылып келді. Бұл – дұрыс. Енді министрліктің бұйрығына сай, қалалық білім беру ұйымдарында білім алушылар саны – 24 және одан артық, ауылды жерлерде 20 және одан артық болғанда ғана «Көркем еңбек» пәні бөлініп оқытылады.
Ал «Көркем еңбек» пәнін интеграциялап оқыту үшін жаңа бағдарлама мен жаңа оқулық қажет. Айналдырған 45 минутта мұғалім оұушының еңбекке баулу дағдысын қалыптастырып үлгереді деп айта алмаймын, – дейді Сәтбаев қаласындағы №1 Б.Момышұлы атындағы гимназияның жоғарғы санатты «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі Айнаш Қазкенова.
Ұлағатты ұстаздардың пікірінен түйген ой, қос пәнге қатысты жүйе дұрыс қалыптасуы керек. Сонда оқушылардың толыққанды әрі сапалы білім алуына жағдай қалыптасады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.