Конституция – латыннан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды білдіреді, яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы. Жалпы, Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары құқықтар жөніндегі «Билль» деген атпен қабылданған. Кейін жазбаша Конституция 1787 жылы АҚШ-та, сосын 1791 жылы Францияда және Польшада өмірге келген.
1991 жылдың желтоқсан айының 16 күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Қазақ даласында 13-15 ғасырлардан бері, Алтын Орда дәуіріндегі Шыңғысханның «ЯСАСЫ», Қазақ хандығының тұсында Қасым ханның Қасқа жолынан, Есім ханның Ескі жолынан, Әз Тәукенің Жеті жарғысынан бастау алған Еліміздің Конституциясы – Ата Заңы, Қазақстанда тұңғыш рет 1924 жылы, кейін 1937 жылы, 1978, 1993 және 1995 жылдың тамыз айының 30 күні республикалық референдум өткізу арқылы қабылданды.
Конституцияны біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы Қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, Елімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып қабылдадық.
Қазақстан Республикасының Конституциясы кіріспеден, 9 бөлімнен және 98 баптан тұрады.
Конституция талаптарына сәйкес, мемлекеттің басты құндылығы- адам және оның өмірі, азаматтардың құқығы мен бостандығы болып табылады.
Аталған Конституция Еліміздің келешегі үшін қоғамды әрі қарай дамыту мақсатындағы қажеттіліктен туындап және Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуінің бастауы болды.
Атап айтқанда, Конституцияның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп жариялады.
Демократия – халық билігі, яғни, халық өз билігін еркін сайлау арқылы жүзеге асырып, өздері таңдаған өкілдерін билік органдарына ұсынады және солар арқылы мемлекет басқаруында өз құқықтарын жүзеге асырады.
Еліміздің Конституциясы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің өміршеңдігін және қоғамда орын алып отырған өзгерістерге икемділігін дәлелдеп шықты. Ата Заңның басты қағидалары халықаралық стандарттарға сай келеді және қоғам мен мемлекетіміздің дамуының негізгі талаптарымен үйлесімді.
Конституция – барлық заң құжаттарының қайнар көзі және бастауы болып табылады. Кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өз жұмыстарында Ата заңды басшылыққа алады.
Конституция қағидаларында Сот билігі – Қазақстан Республикасындағы біртұтас биліктің бір тармағы ретінде бекітілген.
Қазақстан Республикасы Президентінің наурыз айындағы Қазақстан Халқына жолдауында айтылған Конституциялық Сот құру, саяси реформаларды жүзеге асыру бағытындағы қолға алынған өте қажетті де маңызды іс-шара, яғни, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру, Конституциялық бақылау жасау институтының жаңғыртылуы болып табылады.
Сонымен қатар, Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы басқа соттардан ерекшелігі, Конституциялық сот Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшіне енген Заңдар мен нормативтік актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының өкілеттіліктері Конституцияның 47-бабында айқындалған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентін қызметінен мезгілінен бұрын босату туралы қос палатаның 4/3 депутатының шешімі, Конституциялық сот пен Парламент комиссиясының қорытындысы негізінде және Конституциялық рәсімдерді сақтау тұрғысында қабылданады. Сонымен қатар, Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасы Конституциясымен бекітілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірген Заңдар мен нормативтік актілерді бұзу туралы шешімі шешім қабылданған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақтан Республикасы Конституциялық Сотының Жоғарғы Соттан айырмашылығы, Конституциялық Сот азаматтардың өтініші бойынша, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының, Адамдар құқығы бойынша Уәкілетті тұлғаның ұсыныстары негізінде азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды.
Осылайша Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократтияландырады деп сеніммен айта аламыз.
Сәрсен Сағатов,
Ұлытау аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы.