Кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Қазақмыс» жергілікті журналистер үшін «Жыланды» кенішіне саяхат ұйымдастырды. Бұл – кен қорына тәуелді кеншілер ғана емес, өмірі осы өндіріспен өзектес аймақ жұртшылығы үлкен үміт артып отырған, бес шахтаның басын біріктірген, келешегі кемел қуатты кәсіпорын.
Кеншілер қаласынан оңтүстік-батысты бетке алып, ертелетіп жолға шығып кеттік. Сүт пісірімдей уақыт өткенде, күре жолдың сол жағынан шағын қалашық көзге түсті. Жолбасшымыз – «Қазақмыс Холдинг» ЖШС қоғамдық байланыс және коммуникациялар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Дархан Мұқан мен кеніштегі «КәсіпҚорған» бастауыш кәсіпкомының төрағасы Сәкен Смағұлов.
«КәсіпҚорған» бастауыш кәсіпкомының төрағасы Сәкен Смағұлов пен «Қазақмыс Холдинг» ЖШС қоғамдық байланыс және коммуникациялар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Дархан Мұқан.
Кенішпен таныстықты бірнеше ғимараттың арасынан еріксіз өзіне назар аудартып, көк түсті әйнекпен көмкерілген еңселі әкімшілік-тұрмыстық кешенінен бастадық. «Мұндай кешеннің баламасы республикада жоқ» деп, кәсіпком төрағасы Сәкен Смағұлов нығарлап қойды. Айтса айтқандай-ақ екен! Былтыр күзде пайдалануға берілген, заманауи жетістіктің соңғы нұсқасына негізделіп салынған онда еңбек адамы үшін жанға жайлы барлық жағдай жасалған.
6,7 га немесе 12 мың шаршы метрден астам аумақты алған әмбебап әкімшілік-тұрмыстық кешенде заманауи бақылау-өткізу бекеті, екі қабатты көпатқарымды тұрмыстық және әкімшілік ғимарат, 200 орындық асхана, маңдайшам беретін орын, денсаулық бекеті, жүз шақты жеңіл автокөлік қоятын орын бар. Тұрмыстық қызметтің барлық түрін басқару толық автоматтандырылған. Диспетчерлік орталықты бағдарламалық қамтамасыз ету арқасында барлық бақылау қарапайым веб-интерфейсте интерактивті мнемосұлбаның көмегімен жүзеге асырылады. Жұмысқа тұрғанда әрбір адамға әмбебап кілт-карта тапсырылады. Онымен кешен аумағына өтуге, тұрмыстық аймақтағы жеке шкафын ашуына, дәрігерлік бақылаудан өтуіне, асханада тамақ ақысын төлеуіне, жұмыс киімін алуына болады. – Таза және жұмыс киімі жеке-жеке шкафқа қойылады. Су болған жұмыс киімі келесі ауысымға дейін кеуіп тұруы үшін шкафқа жылы ауа жіберіледі. Кенші кірлеген жұмыс киімін бұрынғыдай үйіне апарып, зайыбына басы артық шаруа тауып бермейді. Мұнымен «СТ Глобл» компаниясы айналысады, – дейді жұмыс киімін тазалау кешенінің басқарушысы Жұлдыз Адырбаева.
Жұмыс киімін тазалау кешенінің басқарушысы Жұлдыз Адырбаева.
Кешенде заманауи медициналық жабдықтар қойылған дәрігерлік бекет бар. Онда ультракүлгін сәулемен ем жасайтын фотарий – сәулемен емдеу кабинеті жұмыс істейді. Оның пайдасы – жерасты жағдайында кен өндіретін адамның көңіл-күйін жақсартуға әсер етеді. Дәрігерлік бекет, сондай-ақ, шұғыл жағдайда «Жедел жәрдемге» арналған жеке кірмежолмен және тікұшақ алаңқаймен қамтамасыз етілген.
Екінші қабатта жуынатын орын орналасқан. Ол суды ысырап қылмайтын үнемдеу жүйесі арқылы басқарылатын көрінеді. Мәселен, түймешікті басып қалғанда жарты минут үзіліспен минутына 8 литр су беріліп, сосын ыстық-суық су араластырғыш автоматты түрде тоқтайды екен. Егер жуынып үлгермесеңіз, түймешікті тағы басасыз. Жуынатын орынның қызығын шахтадан шыққан соң өзіміз де көрдік.
* * *
Талтүсте «Шығыс Сарыобаға» тартып кеттік. Шахтаға жеткесін арнаулы автобусқа отырып, үш шақырымдай жол жүріп, жер бетінен үш жүз метр тереңдікке түстік.
«Шығыс СарыОба» шахтасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Ережепов пен №5 ұңғылау телімінің бастығы Думан Сариев.
Жолай журналистерге қосылған шахта бастығының міндетін атқарушы Ерлан Ережепов: «Құрамындағы кеннің мөлшері 1,02% болатын 4000 тоннадан астам шикізатты ай сайын байыту фабрикасына жөнелтеміз. Тоғыз телімде алты жүздей адам еңбек етеді» деді. «Апыр-ай, кеніштегі адамның үштен екі бөлігіне жуығы осында жұмыс істесе, осал шахта болмады!» деп, іштей ойлап қойдым.
– Кен өндіру үдерісінде жоғары жауапкершілік, темірдей тәртіп және ұжымда қоян-қолтық жұмыс істей білу машығы қажет. Сонда ғана оқыған-тоқығаның, теориядан тапқаның ортақ табысты тасқындатуға септігін тигізеді. Шахта басшылығы мен инженер-техник қызметкерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз етуге, әр адам жұмыс орнында қауіпсіздік техникасын сақтауына жіті назар аударады, – деп, алты жүз адамды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған, жүздеген адамның тағдырына жауапты ұжым басшысы сөзін аяқтады.
Кен көмбесіне соқпақ салатын ұңғылаушылар бригадирі Оралсын Башаровпен шахта шыңырауында таныстық. Еңбек жолын шахтапроходка тресінде бастап, үш жылдай еңбек етіпті. Сосын Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, бірер жыл келісім-шартпен еңбек еткен. «Жыланды» кеніші ашылғаннан бері осында екен. Басиапқы кездегі бар қиындықты бастан өткерген. 2019 жылы бригада тізгінін ұстапты.
Ұңғылау бригадасының бригадирі Оралсын Башаров.
– Бригадада он адам бар. Екеуі кезекті еңбек демалысында болғанда, сегізі ауысымда тұрақты жұмыс істейді. Алмаз Қали, Нұрбол Сармұрзаев сынды тәжірибелі, Олжас Қасым, Бауыржан Үсейінов сияқты кейінгі буын әріптестерім еселі еңбегімен көрініп жүр. Бригада айына 150-170 қума метр ұңғыма өтуі керек. Бұл жоспардың орындалмай қалған кезі жоқ, – дейді бригадир.
Қайтар кезде шахта аралауға шыққан кеніштің бас инженері Сұңғат Үрпішевпен кездестік. «Құтты қойнауын кен кернеген Арқаның құйқалы төскейінде бұдан бес жыл бұрын жаңа кеніш кереге жайды. «Жыландының» жылнамасы 2016 жылы наурызда қатарға қосылған «Сарыоба» шахтасынан басталады. Қазір «Итауыз», «Қарашошақ», «Шығыс Сарыоба» кен беруде. Кезекте «Батыс Сарыоба» мен «Қыпшақбай» тұр. Енді бірер жылда бесеуі жобалық қуатына жеткенде, жылына 8 млн. тонна кен өндірілетін болады» деді ол.
«Жыланды» кенішінің бас инженері Сұңғат Үрпішев.
Геологтардың есеп-қисабына, барлау-іздестіру жұмысы қортындысына қарағанда, Жезқазған аймағында кен қорын еселеуге қатысты әлі ашылмаған қуатты көздер бар. Ал, әзірге стратегиялық жоспарға сәйкес қолда бар кен қоры 2054 жылға дейін ырғақты жұмыс істеуге еркін жетеді.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген автор.