Жер қойнауында шахтадан шұрайлы шикізат өндірген кеншінің арман-мақсаты – ұрпақтан ұрпаққа жетерлік кен қорының болуы. Соған жеткізетін қуатты құрал тізгіні «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіндегі геологиялық қызметтің қолында. Қазір геологиялық-іздестіру жұмысының амал-тәсілі, технологиялық мүмкіндігі мол. «Жомарт» және «Жыланды» кеніштерінде «Micromine» геологиялық-ақпараттық жүйесі қолданылады.
Бүгінде Жыланды кен орны Үлкен Жезқазғанның басымдық иеленген орталығына айналған. Геологиялық-барлау жұмысы да сонда шоғырланған. Кезең-кезеңмен жүргізілген кен проходкалау жұмысына сәйкес жаңадан кен шоғыры ашылып, шикізат өндіру көлемі артып келеді. Келешекте Оңтүстік, Шығыс және Батыс кеніштерінің аумағындағы тусырап жатқан телімдерге толық барлау жұмысын жүргізу көзделген.