Бірінші оқиға
Сотталушы Нұрлан, жасы 30-да, бойдақ, жоғары білімді, жұмыссыз, бұрын сотталмаған.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының отырысында жауап берген Гүлжан (қылмыстық іске қатысты адам аттары өзгертіліп алынды – авт.) сол күні пәтерінде үй шаруасымен айналысып жатқандығын айтты. Сағат шамамен таңертеңгі тоғыздан кеткен мезгілде кіреберістен айқай-шу, артынша әлдене құлағандай дыбысты естиді. Сосын жалма-жан сыртқа шығады. Екінші қабат пен үшінші қабаттың ортасында тұрған төртінші қабаттағы көршісі Нұрланды көреді. Оның қолында пышақ болды. Сөйткенше Марина есімді көршісінің шошына айқайлаған дауысын естіген. Ол тезірек жедел жәрдемді шақыруды өтінген. Сосын Гүлжан пәтеріне кіріп, телефонмен жедел жәрдемді шақырғанын айтты.
Куәгер Ленаның да жауабы осы сипатта болды. Атап-айтқанда, Лена таңертеңгі сағат 9.30 шамасында үйінде телевизор көріп отырғанында әлдекімнің кіре берісте құлағанындай дыбысты естиді. Тосын дыбыстың жайын білмек болып пәтерінен атып шыққанында әлдекімдердің үшінші қабат жақта жүргенін аңғарды. Жоғарыға көтерілгенде көршісі Владиславтың қан-қан болып еденде жатқанын көрді. Оның жанында зайыбы Марина отыр екен. Екінші қабат пен үшінші қабат ортасындағы сол алаңқайда қолында пышағы бар сотталушы Нұрлан да отыр еді. Сөйткенше көршілердің бәрі жиналып қалды. Сәлден соң полиция қызметкерлері мен медициналық жедел жәрдем дәрігерлері де келіп жетті.
Өзге де куәгерлердің жауабын сарайлай келіп сот анықтағандай, сотталушы Нұрлан жеке адамға қарсы аса ауыр қылмыс жасаған. Сотталушының өз қылмысын мойындап, болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.
Нұрлан үстіңгі қабатта тұратын Владиславқа төбесінен пәтеріне бірнеше рет су ағызғаны үшін тісін қайрап жүретін. Су кететін құбырды дұрыстап жөндеуі керектігі туралы көршісіне бірнеше рет ескерту жасап бақты. Бірақ Владислав оның ренішіне құлақ аспай қойды. Оның жүре тыңдауына Нұрланның әбден ызасы келді. Сол күні пәтеріне түн ортасында келсе, жоғарыдағы көршісінің тағы да төбесінен су ағызғанын көріп мұндай ашуланбас. Таңертең тұра салып сағат 09.00 шамасында Владиславтың есігін қақты. Пәтерде болған көршісінің әйелі есікті ашпай тұрып, Владиславтың бірер сағаттан соң келетінін айтты.
Нұрлан пәтеріне оралды да терезеден сыртқа қарап, көршісінің келуін күтті. Жарты сағат өткен шамада Владиславтың кіре беріске келіп кіргенін көрді. Сол мезет Нұрлан өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыруға бекінді. Сөйтіп ас бөлмесінен пышақты алып, курткасының оң жақ қалтасына салды да пәтерінен шықты. Баспалдақпен төменге түскен, бірақ Владислав қарсы кездеспеді. Нұрлан оның бірінші қабаттағы ата-анасының пәтеріне кіріп кеткенін аңғарды.
Нұрлан сол бетте сыртқа шығып, далада біраз тұрған. Сосын қайта ішке кірді. Сағат 09.50 шамасында екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанда Владиславтың ата-анасының пәтерінен шығып, оның да жоғары көтеріліп келе жатқанын білді. Нұрлан оған қарсы жүрді. Бірден дауыс көтере кеше үйінің төбесінен тағы су сорғалағанын, бұл сұмдық қашанға дейін созыла бермек дегендей ренішін білдірді. Владислав та қарап қалмады, Нұрланды тілдей бастады. Сол-ақ екен бірін-бірі жұлқи бастады. Бұл сәтте бірін-бірі итермелеген екі көрші екінші қабат пен үшінші қабаттың ортасына келген еді. Төбесінен су сорғалатқанымен қоймай өзін былапыт сөздермен тілдегеніне шыдай алмаған Нұрлан курткасының қалтасындағы асүй пышағын ала салып Владиславтың тамағының тұсынан орып жібереді. Қызбалаққа берілгені сонша, есеңгіреген қалыпты одан арғы әрекетіне есеп беріп жатпады. Сұлап түскен Владиславтың денесінің әр тұсына пышақты бойлата тығып, оңды-солды сілтей берді. Бірнеше пышақ жарақатынан ол жатқан жерінде есін жинамай көз жұмды.
Сот адам өлтіргені, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қазаға ұшыратқан қылмысы үшін Нұрланды кінәлі деп тауып, 9 жылға бас еркінен айыруға және жазаны түзеу колониясының қатаң режимінде өтеуге үкім етті.
Екінші оқиға
Сотталушы Александр, 32 жаста, орта білімді, үйленген, баласы жоқ, дәнекерлеуші болып жұмыс істеген, бұрын сотталмаған.
Сот отырысында жәбірленуші ретінде жауап берген Ольга күйеуі Иванмен ресми түрде ерлі-зайыпты ретінде тіркелгендерін, орталарында кәмелетке жасы толмаған екі баласы барын айтты. Күйеуінің өмірде күйгелек болмағанын, адамдарға жақсылық жасауға бейім болғандығын сөз етті.
Сол күні олар өздерінің отбасылық қуанышын екеуара мейрамханада атап өтеді. Сосын үйлеріне келеді, араларында реніш болмаған. Сағат 21.40 шамасында екеуі таксимен келіп түскендерінде аулада көршілері Диана мен Александрды көреді. Ольга көрші ретінде Диананы жақсы білетін, ал Александрмен бәлендей таныстығы болмаған. Ольга пәтерінде көп бөгелмей сыртқа қайта шығады. Өзінің тағы да спирттік ішімдік ішкісі келгенін, өзі қызу болғандықтан, арақ сатып алуға Дианадан көмек сұрағанын айтты. Осылайша арақ сатып алған соң бір кіре берісте тұратын Диананың пәтеріне барып, үшеуі асүйде арақ ішеді.
Осы қызу отырыстың үстіне Иван кіріп келеді. Ольганың пайымдауынша, үшеуінің бірге келгенін пәтер терезесінен көрген болса керек. Иван келе Ольгаға дүрсе қоя беріп, үйге жүр дегенді айтып байбалам салды. Ольга күйеуін сабырға шақырып, оны тыныштандыруға тырысты. Сол сәт Александр Иванды әңгімеге тартып, көңілді отырыстың шырқын бұзатындай сонша не болып қалды деген тұрғыда сөз қозғады. Бірақ Иван басыла қоймады. Жалпы ол зайыбын қатты қызғанатын, сол қызғаныштың әсері болса керек Александрмен бастары неге қосыла қалды деген күдікке берілген тәрізді. Ольга ерінің сабырға келмейтінін аңғарып, кетпек болып аяқ киімін киіп жатқанында Иван мен Александр бірін-бірі қолтықтай пәтерден шығып кетті. Бұл мезет 21 сағат 20 минут шамасы болатын. Қанды оқиғаның көзді ашып-жұмғанша тез болғаны сонша, Ольга есік табалдырығын аттап үлгергені сол Иван баспалдақ алаңында қырынан сұлап жатқанын көрді, ал оның қасында Александр жоқ еді. Ольга әлдебір жамандықты сезіп көмекке шақырып, шыңғырып жіберді. Көп ұзамай жедел жәрдем көлігі мен полиция келіп жетті.
Жәбірленуші Ольга соттан ері Иванның өмірін қиған Александрды заң жүзінде қатаң жазалауды сұрады.
Сот отырысында куәгерлердің жауабымен және айғақ заттармен сотталушының қылмысты әрекеті толық дәлелденді. Сонымен Александр сот үкімімен 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланды.
Көршілер арасында орын алған екі қылмыстық оқиға. Күнделікті бірін-бірі көріп, амандасып жүрген көршілер. Сот отырысында айғақталғандай, бір-біріне сонша қастандық ойлайтындай жөні жоқ. Араларындағы болмашы дүрдараздық адам өмірін қиюға себеп болар ма?! Айтарға сөз жоқ.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.