Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдың қаңтар айында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы түйткілді мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылғаны белгілі.
Содан бергі уақытта қор өз бағдарламаларына сай біршама игі істерді жүзеге асырды. Қазіргі уақытта қоғамдық қорбасшылығы аймақтардағы ахуалды таразылап, қоғам өкілдерінің ұсыныс-пікірлеріне назар аударуды ұйғаруда. Соған орай, жер-жердегі жұртшылық көтерген мәселелер мен ұсыныстарды ескере отырып, алдағы уақытта өз жұмыстарын жетілдіре түскісі келеді. Осы мақсатта аймақтарды аралап жүрген қоғамдық қор басқармасының төрағасы Болат Жәмішев Ұлытау облысының орталығында болып, өңір меценаттарымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуді ашқан облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қордың халықтың мұқтаж топтарын әлеуметтік қолдаудағы және қайырымдылық жобаларын жүзеге асырудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Бүгінде қоғамымызда тағдыр тәлкегіне ұшырап шарасыз күй кешкен жандар мен қиыншылыққа душар болған отбасылары көп. Олардың бәрі бірдей мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық пен қолдауға қол жеткізе бермейтіні белгілі. Сондықтан, көпшілік жұрт «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына үлкен үміт артып отыр. Біреулер тұрмыс ауыртпалығына жәрдемі тиерме екен деп үміттенсе, енді бірі күрделі дертке шалдыққан бауыр еті баласының емделуіне көмек болса дейді. Негізінде, қор арқылы нақты адамдарға атаулы көмекпен қатар, халықтың белгілі топтарына жүйелі қолдау көрсету қарастырылған. Алайда, қоғамдық қор көмек сұраған жандардың барлығын бірдей жарылқай алмайды. Көмек көрсетудің өзіндік өлшемі мен тәртібі бар.
Көмек алушыларды іріктеудің тиісті белгілері мен жүйелі көмек көрсетудің бағдарламалары қор тұжырымдамасында нақты айқындалған. Қоғамдық қор ауыр халдегі және сирек кездесетін ауруға ұшыраған, мүгедектігі бар балаларға, қиын жағдайдағылар мен жетім балаларға, тұрмыс жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмейтін, балаларының өміріне қауіп төнген отбасыларға, сирек кездесетін ауруы бар ересектерге, қауіпсіздікті қорғау немесе адамдардың өмірін қорғап құтқару кезінде қаза тапқан, сондай-ақ, ауыр жарақат алған құқық қорғау, арнайы органдар мен әскери қызметшілердің отбасыларына, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге бірінші кезекте көмек көрсетеді. Белгіленген тұжырымдаманың мәнісіне үңіліп, дұрыс түсінбеген адамдар әлеуметтік желіде немесе көпшілік арасында қорға қатысты әртүрлі сын пікірлерін білдіріп жатады. «Әлгі Қазақстан халқына деген қор не болды? Аты халықтікі, заты өздерінікі болды ма? Халықтың атын жамылған қор болғандықтан есепті Үкіметке емес, халыққа берулері керек қой», – дейді сондай пікірлердің бірі. Сондықтан, қоғамдық қордың өңірлерді аралап, өз жұмысы туралы есеп берумен қатар, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне көңіл бөлгендері дұрыс болған.
Жезқазғандағы кездесудеқортөрағасы Болат Жәмішев осыған дейін атқарылған жұмыстар туралы айта келіп, қордың алдағы жоспарларына да тоқталды. «Қазақстан халқына» қоры жалпы мемлекет тарапынан көмек берілмейтін түйткілді мәселелер мен проблемаларды шешуге көмектесуді көздейді. Отбасындағы ауыр науқастарға, емдеу жолы тығырыққа тірелген ауру балаларды емдеуге қаржылай қолдау жасайды. Балалардың туа біткен саңырауын ерте бастан анықтау үшін қор арқылы перзентханаларды арнайы жабдықтармен жабдықтау қолға алынбақшы. Жүре алмай қалған балалар мен 29 жасқа дейінгі жастарды жетілдірілген жаңа үлгідегі протездермен қамтамасыз ету жөнінде бағдарлама қабылданған. Кейбір балаларда әлі медицинада емдеу тәсілі анықталмаған қан тамырларының патологиясы кездесуде. Осындай жағдайдағы күнкөрісі төмен отбасыларына көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, білім беру саласында жоғары оқу орнында оқитын аз қамтылған отбасынының студент балаларына стипендия жөніндегі бағдарламасы да бар. Алдағы уақытта ауылдағы және тірек мектептеріне қолдау көрсету жобалары жүзеге асырылатын болды. Арнаулы мектеп интернаттарды жабдықтап, жарақтандыру жобалары да әзірленуде.
– Қыркүйек айында біз азаматтық қоғам өкілдерін, қаржылай қолдау жасауға қабілетті кәсіпорындар басшылары мен кәсіпкерлерді, Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын шақыра отырып кең көлемде онлайн-конференция өткізбекпіз. Конференцияда қордың жаңа тұжырымдамасын, қайрымдылық бағдарламалары мен жобалардың жоспарын бекітеміз. Осындай кездесуде сіздердің тараптарыңыздан айтылар ұсыныстар біз үшін өте маңызды. Осы мақсатта аймақтарды аралап жүрміз, – деді Болат Жәмішев.
Кездесуге қатысушылар арасынан қаладағы қоғамдық кеңес мүшесі, «Жезказганский вестник» газетінің бас редакторы Эльвира Алпанбаева осы уақытқа дейін қордың қанша адамға көмектескенін, аймақтар бойынша жұмыстарын қалай жүргізетіндігі жайлы сұрады. Қор төрағасы қымбат жобаларды жүзеге асырғандарын алға тарта келіп, ешкімнің қолына қаржы ұстата салмайтындықтарын жеткізді. Жабдықтарға, жөндеу материалдарына, емдеу шығынына төлейді. Мемлекет айналысатын істерге қосарланып атсалыспайды. Аймақтарда серіктес болатын қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері бар. Жас ана Гүлбану Демеуова алты айлық баласының туғаннан кейін дертті болғанын, талып қалатынын, психикалық дамуының баяу екенін айтып, мұндай диагнозбен ота жасап, емдеу Қазақстанда жоқ болғанықтан көмек сұрады. Мәскеудегі госпитальда емдеу құны 10 млн. теңге көрінеді. Бұған байланысты Болат Жәмішев портал бойынша өтінім беруге кеңес берді. Құжаттарды көрмей шешімді жауап бере алмайтынын айтты. Негізінде, өтінімді сараптамалық комиссия мақұлдаса ғана қаржы бөлінеді екен.
Қоғамдық кеңес мүшесі Бекзат Дайрабайұлы қор қызметкерлерінің жалақысы туралы сұрады. Бұл сауалға орай Болат Жәмішев өзінің қордан жалақы алмайтынын, басқа жұмыс көзінен еңбекақы алатынын мәлім етті. Өзінен басқа 24 адам қордан жалақы алатын көрінеді. Астанадағы мемлекеттік қызметкерлер қандай мөлшерде жалақы алса олар да сол мөлшерде жалақы алады дейді. Сондай-ақ, отбасылық дәрігерлік орталықтың бас дәрігері Виктор Тильман науқас балаларға қажетті кейбір препараттардың кепілді дәрі-дәрмекке жатпайтынын, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Ранова жаңадан ашылған облыстағы балалар арасындағы сирек кездесетін күрделі сырқаттар бойынша көмек жасаудың жайын көтерді. Басқа да сұрақ қойып, пікір-ұсыныстарын білдірушілер болды. Қоғамдық қор басшысы сауалдарға тиянақты жауап бере келіп, барлық айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді. Жаңа ашылған облысқа қор тарапынан берілетін көмек түрлерін ортаға салып, мұндай қамқорлықтың алда да жалғаса түсетіндігін атап өтті.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Ұлытау облысы аумағында да бірқатар қолдау шаралары жоспарланып отыр. Атап айтқанда, қор тарапынан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 425 оқушы білім алатын «Ұлытау №1 орта мектебі базасындағы тірек мектебі» КММ-ін жабдықтауға (жобаның бюджеті 250 млн. теңгеге дейін), Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде білім алу үшін 3 білім грантын стипендиясымен қосып тағайындау (2022 жылы университетте оқуға арналған бюджет – 3 млн. теңге, стипендия – 1,56 млн. теңгеге дейін) жүзеге асырылатын болды. Сонымен қатар,қантамыр патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету мақсатында бүгінгі таңда Жезқазған қаласы мен Жәйрем кентінен 2015 және 2018 жылы туған екі балаға өтінім қабылданып, көмек тағайындалды.Қор қазірде «100 спорт залы» бағдарламасын қаржыландыруды бастады. Осыған орай, Жезқазған қаласының Талап ауылында спорт залын жабдықтауға 7,8 млн. теңге және Ұлытау ауданының Жезді кентіндегі спорт залға 8,2 млн. теңге бөлетін болды. Қор төрағасы сондай-ақ, жаңа облысқа қолдау көрсету мақсатында Жезқазған көпбейінді ауруханасына офтальмологиялық скрининг жасайтын және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу үшін жабдықтар сатып алу жобаларының жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұдан соң балалардың оңалту орталығына көмектесу жайы да қозғалды. Облыс басшысы сөз арасында экологиялық проблема жайын көтерді. Өңірде онкологиялық аурудың белең алып тұрғанын алға тартып, қор осы саланың түйткілді тұстарына да көмектессе деген ойын білдірді.
Жиын соңында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасы Болат Жәмішев әлеуметтік серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Жалпы, бұл кездесуге қатысушылар қоғамдық қордың аз уақытта еліміздегі әлеуметтік мәселерге қолдау жасап, біршама көмек беріп жатқанына көздерін жеткізе түсті. Алдағы уақытта осы бағыттағы ізгі істердің аясы одан әрі кеңейе берсе жөн болар еді дейміз.
Амандық РАХҰЛЫ.