Жезқазған мыс қорыту зауытындағы балқыту цехының анод бөлімшесі мыс балқымасын алуда тазарту технологиясын қолдану нәтижесінде табысты тасқындатып отыр.
Озаттар көшінде үнемі есімі аталатын Бейбіт Ахметбеков – қара мыс алудың шебері. Бейбіт Ерғазыұлы 1993 жылы аталмыш бөлімшеге жұмысқа орналасып, 4 жыл балқытушы болды. Сол кездегі «Комсомол» ауысымына түсіп, тәлімгерлер мектебінде шыңдалды. Ауысымдағы Әбдірахман Тамбаев жетекшілік жасаған бригада да жүріп, кәсібінің қыр-сырын меңгерді. Алдыңғы аға буын өкілдері Сламғали Қаршағинов, Берік Ахбанбетов сынды тәлімгерлерден үйренгені көп болды. Бейбіт Ерғазыұлы тәлімгерлерінен алған білімді, тәжірибені өз кәсібінде тиімді пайдалана білді. Соның нәтижесінде бригада жетекшісіне дейін көтерілді. Балқытушылар бригадасына басшылық жасап отырған Бейбіт Ахметбеков конверторға келген қара мысты тазартып, құрамынан мыс алудың әдіс-тәсіліненді жастарға үйретіп, кәсіпке соларды баулып жүр. Бригадасындағы 20 еңбеккер Бейбіт Ерғазұлының саладағы 30 жылдық тәжірибесін «темірқазық» ретінде берік ұстанып келеді.
– Бригададағы жігіттер сайдың тасындай іріктелгендер. Мамандықтарына деген адалдықтары мұз жарып, тау қопарарлықтай. От-жалынға төтеп беріп, межелі міндетке қол жеткізу жолында маңдай терге малынып жүрген мыс құюшы Әбдімәжит Есенбаевтың өндірістегі өмір жолы жастарға үлгі. Ол биылғы кәсіби мерекеде үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісіне ұсынылды. Үзеңгі қағысып қатар еңбек етіп келе жатқан Ғалым Сарыбай, Нұрболат Мейрамов, Қанат Омаров, Дүкенбай Ибраевсынды озаттар бригада мақтанышы. Ұзақ жылдан бері аспалы кран машинасының «құлағында» ойнап жүрген Гүлжан Ерғалиева, Такиров Ибрагим ортақ істің игілікті болуына үлес қосып келеді. Бригаданы ұйымшылдықта басқарудың арқасында табысқа жетіп келеміз, – дейд іБейбіт Ерғазыұлы.
Бейбіт Ахметбеков майталман маман ғана емес жастардың тәлімгері. Одан ондаған жас маман тәлім алып, бүгінде еңбек бәсекесінде білікті кадр ретінде танылуда. Еңбекте жемісті, ұжымда сыйлы Бейбіт Ерғазыұлы шын мәнінде мамандығына адалдық танытқан азамат.
Оның үш бірдей бауыры осы зауытта түстіметаллургияның дамуына үлес қосуда. Берік пен Ербол энергиялық қызмет бөлімшесінде еңбек етсе, Бекболат шихта дайындау цехында шебер. Бір әулеттен төрт бірдей ағайын өндіріске осылайша үлес қосуда. Ал, олардың бұл салаға деген қызғушылығын марқұм әкелері Ерғазы Қоңыратбаев қалыптастырған болатын. Ерғазы ақсақал ұзақ жыл құю-механикалық зауытында абыройлы еңбек етті. Бүгінде оның өндірістегі ізін ұрпақтары жалғастыруда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.