Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеудің маңыздылығын алға қоя отырып, бүгінде техникалық білім алудың аса қажеттігін атап көрсетті. Өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жалғастырамыз. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деген міндетті алға қойған болатын. Қазір осыған орай біршама бетбұрыстар да жасалуда. Сондай-ақ, физика-математика ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев: «қазақ мәңгілік ел боламын десе технократтық елге айналуға міндетті» деген тұжырымды үнемі жиі айтады. Заман талабы алға қойып отырған осындай өскелең деңгейге қалай жетеміз? Жалпы ел ішіндегі бұл бағыттағы жай-күйіміз қандай? Осы мәселелер ойландырады.
Бүгінде «балам қызыл дипломмен бітіріп еді, жұмысы болмай тұр», немесе «екі дипломым бар, жұмыс іздеп жүрмін» деген сөзге ешкім таңқалмайтын болды. Төрт жыл бойы миллиондап оқу ақысын төлеп, өлдім-талдым деп жоғары оқу орнын бітірген баланың өз мамандығы бойынша жұмысқа іліге алмауы, әрине жанға батады. Себеп неде? Әлде, біз мамандықты дұрыс таңдай алмай жүрміз бе? Бұл жағдай әсіресе, ата-анаға қатты бататыны белгілі. Тағы таныс іздеу, мал шашу. Жұмыстың орайы келсе уыстап ақша беруден тартынбайды. Ар жағы белгілі. «Біздің қоғамда парасыз аттап баса алмайсың» деп сосын байбаламға басамыз. Бір кездері мектеп бітірген балалар сот, прокурор болуға құштар болып заңгер мамандығын, немесе экономист болуды көбірек таңдайтын. Қазірде осы үрдіс өзгерген сияқты. Қай мамандыққа грант иеленуге болады, түлектер соған қарай ұмтылады. Бітіргенде орын бола ма, оған ешкім басын ауырта қоймайды. Оларды да түсінуге болады, әке-шешесінің тапқан-таянғанына аузын ашып, салмақ сала беруге кім құмар дейсіз.
Жоғары сұранысқа ие индустриалды және қызмет көрсету мамандықтары көбіне қалыс қалып жатады. Компьютерлік аппаратты қамтамасыз ету инженерлері мен инженер-электрониктер, телекоммуникация мен технология өндірісінің инженерлері сияқты бүгінгі кезде аса қажетті мамандықтарға қазақ балалары онша бет бұра алмай келеді. Жақында үйдегі ауа баптағыш істен шығып қалып, жөндеуші шебер шақыртқаным бар. Жаз айының ыстығы буып тұрған кез ғой. Хабарласқан фирмалардың барлығында тапсырыс көп. Әйтеуір, біреуімен келіскеніме қуандым. Орыстың жап-жас екі жігіті келіп, бірер сағаттың ішінде іске қосып берді. Жөндеу ақысы да әжептәуір. Осы мамандықты «жұмыс жоқ» деп жүрген қазақ бауырлар неге меңгермейді екен деген ойға қалдым. Бір жолы компьютерге маман шақырып, кәріс жігіті жөндеп бергенде де осындай күйге түскен едім.
Бүгінгі маңызды бағыттардың бірі – жастарды экономикаға қажетті мамандықтарға баулу. Еліміздегі қазіргі ахуалға назар аударсақ, бізде құрылысшы, инженер-техник мамандарына сұраныс көп екен. Экономикамызда алдағы 5 жылда кадрларға қажеттілік 1 млн. 38 мың адамды құрайды деген болжам бар. Негізгі сұраныс білім беру саласында, өңдеу өнеркәсібінде және ауыл шаруашылығы секторында байқалып отырған көрінеді. Кәсіптер бойынша мұғалімге, фермерге, дәнекерлеушіге, металл конструкцияларын дайындаушыларға сұраныс жоғары. Техникалық және цифрлы жүйе мамандарының жетіспейтіні де жиі айтылады. Мәселен, 2020 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттер 99 мыңға жуық болған. Бұл жалпы жоғары оқу орнында оқитын студенттердің 16% ғана. Шикізат ресурстарына бай біздің еліміз үшін бұл төменгі көрсеткіш саналады. Бізге инженерлер мен өнеркәсіп өкілдерінің жаңа буынын өсіріп, қалыптастыру керек.
Екіге бөлінбей тұрғанның алдында Білім және ғылым министрлігі алдағы жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білімге бөлінетін гранттар саны 25 мыңға артатынын мәлімдеді. Осылайша биыл 120 мыңнан астам жас түлек тегін техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігіне ие болады. Ал, жаңа облыс болып жатқан біздің өңірдегі ахуал қандай? Техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша мамандар даярлауда Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің әлеуеті мен мүмкіндігі жеткілікті. Тау-кен ісі мен металлургия сласының инженерлерін даярлауда мұнда жақсы негіз қалыптасқан. Кәсіптік білім беретін колледждер де баршылық. Алайда, осы күні жастардың арасында үлкен қалаларға барып оқуға ұмтылу басым болып отыр. Бұл жердегі бір «әттеген-айға» тоқталмасқа болмайды. Астана, Алматы сияқты үлкен жерлерге барып оқуға ниеттенетін жастардың біразымен сөйлесіп, «жергілікті жердегі оқу орнын менсінбегені ме» деген оймен сыр тартып көрген едік. Сондағы байқағанымыз, олардың көпшілігіне қандай оқу орнында оқитындығы маңызды емес. Әйтеуір, үлкен қалада оқысақ болды деген жастық желік пен әсіреқызығушылықтың әсері екенін аңғаруға болады. Осының өзі жастардың ертеңгі нәсібіне айналатын өмірлік кәсібіне жете мән бермей, жеңіл-желпі қарайтынын көрсетсе керек.
Тағы бір түйткіл, қазіргі жастар қабілет-қарымын жете бағалай бермейді. Бір класты бірге бітірген 25 бала болса, түгелдей жоғары оқу орнына жол тартады. Бұрынғы заман кезіндегі, өз басымыздан өткен жетпісінші жылдарын еске алайықшы. Жоғары оқуға іріктеле келе санаулы бала ғана түсетін. Қалғандары техникум, болмаса кәсіптік-техникалық училищеде оқып, өмірден лайықты орнын табатын. Ауылда қалып, өз нәсібін еңбектен іздеушілер де аз болмайтын. Бүгінде бәрі басқаша. Заман өзгерген. Бұрын қалада оқу бітірген соң жастар маман ретінде ауданға, ауылға келетін. Қазір жаппай қалада қалғысы келеді. Оның өзінде мегаполисте. Әрине, жастардың оқып, білім алғаны жақсы. Білімді жастардың еліміздің болашағы екенінде дау жоқ. Дегенмен, «бәрі бірдей тойшы болса, кім қойшы болады» дегенді де ойлап қою керек шығар. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы да жаппай сипат алды деп айта алмаймыз. Ауылда веттехник, зоотехник сияқты жоғары білімді мал мамандары жоққа тән. Біз осы күні ата кәсіптен қол үзіп қалуға айналдық. Соның салдарынан ауыл азып барады. Дипломды жастардың біразының жұмысқа орналаса алмай, әрі-сәрі жағдайда қалуының сырын да осыдан іздеу керек сияқты.
Өз қабілет-қарымын дұрыс бағамдап, болашақ кәсібін қарапайым мамандықтармен байланыстырғысы келген жастарға осы күні кәсіби білім беретін оқу орындарының есігі айқара ашық. Жезқазған қаласындағы сондай оқу орындарының бірі Тау-кен металлургиялық колледжі деп аталады. Токарлық іс, электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, автомобиль жөндеу слесарі, кран машинисі сияқты техникалық мамандықтар бойынша даярлайды. Биыл 105 бала бітірсе, алдағы оқу жылына 150 бала қабылдамақшы. Директордың орынбасары Жаухар Тұрсынованың айтуынша, колледж «Қазақмыс» корпорациясымен меморандум жасасқан. Сол бойынша бітірген түлектер корпорация кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылады. Оқу тегін, ай сайын 21787 теңге шәкіртақы, жылына екі рет каникул кезінде жолақысы төленеді. Сондай-ақ, оқушылар күніне бір рет ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жезқазған технология және сервис колледжі студенттеріне де тура осындай жағдай қарастырылған. Онда 6 мамандық бойынша 256 бала оқыса, биыл 92 түлек бітіріп шығыпты. Директордың өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Айткүл Әлібаева кейінгі уақытта шаштараз өнері, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету мамандықтарына сұраныс артып отырғанын айтады. Теміржолдың жылжымалы құрамына техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеу және слесарлық мамандықтары бойынша да оқытылады. Биыл жоспар бойынша колледжге оқуға 140 бала қабылдау көзделіп отыр екен. Бұл жағдайлар бұрынғыға қарағанда жастардың кәсіби-техникалық мамандық алуға біршама бетбұрыс жасай бастағанын аңғартқандай болды.
Кәсіби білім алуға оң көзқарас болғаны, әрине, жақсы. Осы жастар арасынан кейін техникалық білімдерін жетілдіріп, өндіріске техникалық жаңалық енгізетін, күрделі технологияны меңгеретін мамандардың шықпасына кім кепіл?! Жалпы, оқушының ізденіске түсіп, өзін-өзі дамытуына ерте бастан мүмкіндік берудің маңызы зор. Техникалық білім алуға қызығушылық мектептен басталуға тиіс. Біздің мектептерде қазір жаппай робот техникасы деген бар. Басқа қызығушылықтар кемшін. Ертеде физика пәнінің өзінен балаларды әртүрлі тәжірибелік жұмыстарға тарту жақсы жолға қойылатын. Ынталыларды радио торабының жұмысын меңгертумен қатар радиоқабылдағыш құрастыруға дейінгі істерге баулитын оқытушылар болушы еді. Негізі жастарға дұрыс бағдар жасасақ, қолдарынан бәрі келеді. Мәселен, осыдан 7-8 жылдай бұрын Томскіде өткен робот техникасын жасау жөніндегі жарыста Қарағанды облысының оқушылары ерекше көзге түсіп, губернатор кубогына ие болған еді. Олардың арасында Жезқазғандағы бұрынғы қазақ-түрік лицейінің командасы да болды.
Осы жерде тағы да академик Асқар Жұмаділдаевтың айтқандарына құлақ асар болсақ: «Құрғақ теорияның керегі жоқ. Бізге керегі компьютер жасай алатын, машина құрастыра алатын, яғни басымен жұмыс істей алатын адам керек», – дейді. Сондықтан бүгінгі жастар жаңа технология ағымына ілесіп, инновациялық жобаларды өмірге әкелу жолында талпынғандары жөн. Қазір адамдардың цифрлық технологиядағы сауаттылығы да артып келеді. Робот жасаумен қатар, басқа да жаңа техникалық жобалармен шұғылданып жүрген жастар да бар. Тек осы бағыттағы істердің аясын кеңейтіп, нақты қолдау білдіру жағы кемшін соғуда. Ізденсек, орайын тапсақ технократқа айналу қазақ үшін де жат емес.
Амандық РАХҰЛЫ.