Қали СӘРСЕНБАЙ, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы:
Қазақ баспасөзінің абызы Шерхан Мұртазаның «шекпенінен» шығып, бүгінде сол ізді сәтті жалғастырып жүргендер қатарында Қали Сәрсенбайдың алатын орны бөлек. Бірнеше газеттің бағын ашқан басшылық қызметі өз алдына, қарымды қаламгер қашанда байыпты, байсалды мінезімен сөз сабақтап, ой өрбіткенде, әсерлі әңгіме тигін ағытқанда жалықпай тыңдай бергің келеді. Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов оған: «Сенің жазуыңда культура бар» деп тегін айтпаса керек, «мәдениетті, дегдар адам кім?» десең, бірден Қалекеңнің кесек тұлғасы көз алдыңа келеді.
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Қали Қошқарұлына бірнеше сауал қоюдың сәті түскен еді.
«Тарихты тобыр емес, тұлға жасайды»
– Әңгіменінің әлқисасын ғұмырын қоғамның шерін тарқатуға арнаған Шерхан Мұртазадан бастасақ. Шер-ағаңның бір өзі бір мектеп, тіпті университет екені белгілі. Бірақ, бұдан «Шерханмен шектелу, соған ұқсап қалу керек» деген түсінік тумаса керек…
– Ел ертеде пайғамбарларға, әулиелерге сенген, соған табынған. Қазір пайғамбар да, әулие де жоқ. Бірақ, тұлға бар. Халық оған пайғамбардай, әулиедей табынбайды, бірақ құрметтейді. Сондай құрметке ие тұлғаның бірі – Шерхан Мұртаза. «Арлан біреу, қасқыр көп» демекші, Шер-ағаң шынында дара, ақпараттың арланы болды. Өзгенің еңбегін жоққа шығарғандық емес, онда шын мәнінде өзгешелік көп еді. Ол ешқашан жасанды сөйлеп, жасанды жазып, жасанды тірлікпен айналысып көрген емес. Бір жол жазса да шырайын шығарып шындықты жазды. Бізді де соған үйретті. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Бөкейханов айтқандай, онда көп әріптесінде жоқ, ешқашан құбылмайтын мінез бар еді. Буырқанған бураның көз жасын көрген баяғының батырындай еді.
Кейде «Бүгінгі баспасөзде тұлға бар ма, жоқ па?» деген сауал қойылып қалады. Біз айтамыз, тұлға, ең алдымен, халық мойындаған адам. Ол екі сөйлемейді, ел көкейіндегі сөзді айтады, парасат-пайымы, білім-білігі асып-тасқан, жұртты адастырмайды, алға бастайды. Әрине, жұртқа танылып, биікке шығып алып, түске дейін айтқаны, түстен кейінгісімен қабыспайтын, бірақ, тоқтамай сайрайтын «тұлғалар» да бар. Бұлар керек болса, шындықтың өзінің басын шыр айналдырып жібереді. Халыққа керек шындықты жазуда алдына жан салмаған адам – Шерхан Мұртаза.
Ел аман болса талай тұлға өмірге келер. Бірақ, олар Шерхан бола алмайды, Шерхан қайталанбайды. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен атамыз айтпақшы, екі Шерхан тумайды. Тұлғаны уақыт туғызады. Бірақ, сол тұлғаның бәрі Шер-ағадай елге тұтқа бола бермейді. Егер Шер-ағаның кітабын, ой-толғанысын, көзқарасын күй тілімен кестелесек, алпыс екі тамырлы «Ақжелеңді» де, тоқсан тоғыз тараулы «Қосбасарды» да содан табар едіңіз. Шындық туралы шертпелерді тыңдар едіңіз.
2002 жылы Таразда, Жуалыда Шерағаңның 80 жылдығы дүркіреп өтті. Сол тойдың алдында «Алматы ақшамына» мынадай бір түйір ой жазып едік:
«Той дүркіреп өтетініне еш күмәнім жоқ. Алайда, сол тойдан түйер тағылымды айтсайшы. Менің ойымша, бұдан былай Шерхан Мұртазаның туған күнінде Бас редакторлардың республикалық кеңесі өтсе деймін. Кезінде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазып едік. Бұл Бас редакторлардың бір шер тарқататын, ақылдасатын, кеңесетін жиыны болып, дәстүрге айналса, қанеки? Өтетін жері Тараз қаласы болса».
«Редакторлардың редакторы» туралы айтылған осы ойды Тараздағы Баласағұн Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында «Шерағаңның шекпенінен шыққан» шәкіртінің бірі, көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы өз сөзінде жұртшылық есіне салды. Құлақ асатын пенде болса, сол ойымыз әлі де күшінде.
– Тұлға туралы айтып қалдыңыз. Өзіңіз осы тақырыпқа талай қалам тербедіңіз. Бұл екінің бірінің оң жамбасына келе беретін оңай шаруа еместігін мойындау керек…
– Тарихты тобыр емес, тұлға жасайды. Шүкір, қазақ одан кенде емес. Қай басылымда қызмет атқарсам да, алдымен тұлғаға арналған айдар ашумен айналыстым. Бұл тақырып неге тартты? Бәлкім, белгілі адамның өміріне арналған ғұмырбаяндық кітапты көбірек оқығаным себеп болған шығар. Айтпағым, Ақселеу Сейдімбек ағамыз – тарихты тұлға арқылы зерттеуді алғаш қолға алған қаламгердің бірі және бірегейі.
Тарихты бірыңғай бесжылдық арқылы танып-білген біз үшін бұл тым тосын тәсіл еді. Тұлға өмірін оқыған адам тарихты өз-өзінен біледі. Қарап отырсақ, әлем тарихының өзі тұлғалар өмірінен тұрады. Наполеонсыз Францияны, Черчилльсіз Ұлыбританияны елестету мүмкін бе? Сол секілді Алаш ардақтылары да қалың тарихтың қомақты әрі маңызды бөлігін жасап кетті. Бәрінің анасы бір мезгілде толғатқандай бір заманда топ-тобымен туа қалған олардың әрқайсысы ұлтына жанқиярлықпен қызмет етті.
Еліне жанқиярлықпен еңбек еткені өз алдына, олар ұлты үшін ғазиз басын бәске тіккен жанкешті тағдыр иесі болды. Мағжан ақын бола тұра педагогикадан, жазушы Жүсіпбек психологиядан, ал қайраткер Халел қазақ тілінде медицинаны жіліктеп кітап жазды. Кезінде ұлтты көтеру үшін қажеттілік болған да шығар, бірақ басқа салада жүріп, мұншама терең, сауатты, жан-жақты еңбек жазу үшін телегей-теңіз ілім-білім керек. Міне, олар осындай еді.
Қазақ адамды сөзінен таниды. «Мынаның сөзі ірі екен» дейді. Сөз ұстаған адам елді де ұстайды. Қазақ көпті сөзбен бастаған, сөзбен ұйытқан. Сондықтан, шешендік өнер керемет дамыған. Қазір сөздің де қадір-қасиеті кетіп тұрған заман ғой. Бүгінгі жастар өте сауатты, көп біледі, бірнеше тілді меңгерген. Оған таласа алмайсың. Бірақ, сол білімін өз тілінде жеткізуге шорқақ. Орыс, ағылшын тілінде сайрап тұр, ал, қазақша жеріне жеткізіп айта алмайды. Бұрын «Шешендік өнер» деген болды. Қазір сол ЖОО-да жоқ.
Біз тұлғаға үнемі оралып отыруымыз қажет. Неге екені белгісіз, тұлға туралы мерейтой кезінде ғана айтылады, жазылады. Әсіресе, басылымдар тұлғатану туралы ұдайы жазуы керек. Тұлғаны жазу арқылы ұрпақтың танымдық деңгейін тәрбиелейміз. Тұлға – бағыт беруші. Тұлғатану – ұлттың болмыс-бітімі. Сондықтан қазір рухани қажеттілік өтелмей жатқан кезде тұлғаға көп мән беру керек.
Шынтуайтында, өткенді, тұлғасын ұмытқан қоғамның ілгері жылжуы екіталай.
– Деңгей – қоғамдағы құндылық өлшемі. Басқа салаға бас ауыртпай-ақ қояйық, осы рухани, мәдени деңгейіміз қандай деп ойлайсыз?
– Өскен-өнген, өркениетті елде есік көзінде отырған кезекшіге дейін тұлғасын тап басып таниды. Бұл ненің жемісі? Бәрі де салыстыру арқылы сараланады ғой. Қазіргі лауазымды басшының кейбірі анекдотпен күн көріп жүр. Өйткені, деңгейі сол. Миллиондар көретін аудиторияға тойдың әндері шығып кетті. Теледидар тойхана іспетті. Той-томалақтың әншісіне «құбылыс» деп баға беру түкке тұрмайды. Той мен ойдың әншісін айыра алмайтын жағдайға жеттік. Ермек Серкебаев өмірден өтті, ал ол шырқаған «Япурайды» енді кім айтады? Қандай ән, қандай картина! Тұнып тұрған амбиция! Парижге қашып, ақыры сонда көз жұмған ұлы композитор Сергей Рахманинов алғаш «Япурайды» тыңдағанда: «Мына әнді шығарған халықты мен қайтсем де көруім керек!» депті.
Көрді ме, көрмеді ме, бір құдай біледі, бірақ сол «Япурай» қайда қазір? Бүгінде болар-болмас дауысы бар, керісінше кеудесі аяққаптай, шоу бизнесті шебер меңгерген, жасы отыздың о жақ-бұ жағында болса да «халқым» деп сөйлейтін той-томалақтың әншісін әспеттейтініміз сонша, теледидар мен сайтты ашып қалсаң, не дейді? «Бәленше халыққа келіншегін көрсетті!» дейді. Қазір күнде бір жұлдыз туады. Жақановтар жайына қалды. «Өткен өмірім туралы кино түсіріп жатырмын» дейді жап-жас бір «жұлдыз». Өмірі енді басталған ол қандай өмір туралы айтып отыр? Міне, осындай сұмдық тоқтаусыз жалғасып жатыр. Рухани індет қой!. Ауру адамды емдеуге болар, ал, бұл дерттің бетін қайтару енді оңайға соқпайды.
«Басылым мақсатты жұмыс істеуі керек»
– Он бес жыл «Алматы ақшамы» газетінің тізгінін ұстадыңыз. Мазмұны, сапасы жағынан кейбір республикалық газетпен бәсекелесе алатын басылым деңгейіне көтердіңіз…
– Әуелден газетті элиталық басылымға айналдыру мақсатын алға қойдық. Қыңыр емес, қоңыр газет жасау көкейде тұрды. Марқұм Әшекең, Әшірбек Сығай Астанада жүріп «Жарық жұлдыздар» жобасын жүргізіп, «аптасына біреуін жазып қояйын, жұмысқа аласың ба мені?» деп, риясыз күлімсіреп, газет тіршілігімен етене араласа бастады. Сонау Мүсілім Магомаев, Эдита Пьеха туралы жазған алтын көмбесінің қақпағын қайта ашып, жалғастыра жазуды жоспарлап жүрген-ді. Меніңше, жұмысқа алатын адамның алдымен жасына емес, басына қарау керек.
Жасы маңызды емес. Қазір жасына қарау деген шықты. Кезінде Қадыр ағаны жұмысқа алып едік, өмірінің соңына дейін ғажап жұмыс істеді. Ағымдағы жұмыс, әртүрлі жиын-шара, қаланың күнделікті тіршілігін қалт жібермей қадағалап отыру негізгі міндетіміз болғанымен, «басылым мақсатты жұмыс істеуі керек» деген қағиданы ұстандым. Газеттің өзіне тән дидары, мазмұны, тұздығы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, газет шығарудың да өнер, мәдениет екенін пайымдай білу қажет.
Кешегі мен бүгінгіні сабақтастыратын – газет. Ұлт өсуі керек, ұлт өсуі үшін басылымның интеллектуалдық деңгейі өсуі керек. Ұлтты өсіретін ұлттық басылым. Дәстүрлі бағыттағы басылымның мақсаты ұлттың ұпайын түгендеп, дұрыс қазақ болуға қатысты әңгімені қағаз бетінен түсірмей айтып отыруы керек деп ойлаймын. Басылымның интеллектуалды деңгейі көтерілсе ғана оқылымды болады. Қазір халық соған сусап отыр. Халықтың рухани сұранысы биіктеп кетті.
– Қазір газетте кез келген тақырыпты ашық жазуға кедергі жоқ па? Он бес жылда Алматыда бірнеше әкім ауысқаны анық. Сонда билік тарапынан қысым болған жоқ па?
– Кедергі жоқ. Маған осы уақытқа дейін «Сен ананы жаз, мынаны жазба» деп ешкім айтпапты. Шындықты айтатын болсам, Қадыр айтпақшы, «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған». Демек, газетте жазам деген дүниені жаздым. Қазір биліктің басылымдары «анандай, мынандай» дейді. Олай емес. Ол – газет оқымайтын адамның сөзі.
– Бір пікіріңізде «бұрын газеттің бетінде тірі сөз болатын, мінез көрінетін» депсіз…
– Ол рас. Жасанды сөйлеуге үйірміз. Ақпараттың тілі – қай тіл? Қазақ тілі емес. Бұл кәдімгі кешегі орыс тілінің қазақыланған ресми түрі. Қазір журналистердің мақаласынан тұшынатын сөз таба бермейсіз. Ілуде біреу кездеседі. Бәрі саяси сарынмен сөйлеп, сол леппен жазады. Кейбіреу әдемі сөйлейді, бірақ жасанды, түк әсері жоқ. Енді біреу шешен көрінеді, бірақ кітәби сөз. Сондықтан, халықтың өз тілімен сөйлеу керек.
Сөз мәдениеті, тілдік қолданыс деген бар. Жазған осы екен деп, біреуді сыбап жатқандай түйрейді. Сөз мәдениеті, ішкі мәдениет журналистикада кемшін. Меніңше, бұл журналисті жеккөрінішті етеді. Көкбеттеніп жазу, зілді сөйлеу – адамның әлсіздігінің, білімсіздігінің белгісі. Соның бәрі жазуынан да көрініп тұрады. Баспасөзден мәдениеттіліктің, зиялылықтың, тектіліктің иісі аңқып тұруы керек. Бекзат журналистикаға оралуымыз қажет. Журналистиканың парасатты, биік өнер екенін ұғынған абзал.
– Бекзат журналистиканы қалыптастыруға қандай кедергі бар? Маман даярлайтын оқу орнының олқылығы ма, әлде интернет журналистикаға ден қойып кеттік пе? Немесе кім көрінген журналист болып жүр ме?
– Бұл – біздің дертіміз. Әрине, газеттің көп болғаны, кітаптың көбірек жарық көргені жақсы. Бірақ сүзгіден өткізу деген бар. Арнайы мекеме осымен айналысып, рейтинг жүргізіп отыру керек. Ұлттық журналистиканың әлсіреп, талантты журналистердің тасада қалатыны сондықтан. Кімнің талантты, кімнің дарынсыз екенін білмейміз. Сан бар, бірақ, сапа жоқ. Қалай десек те, ұлтқа, мемлекетке жаны ашитын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын ұлттық басылымдар. Қоғамға сол басылымдарды үлгі ету керек.
Газетке келген жастардан бірдеңе сұрасаң, «интернетте айтқан ғой» дейді. Өзінің ойы, көзқарасы жоқ. Интернет не айтпайды? Бір тұлға туралы портрет жаса десең, интернеттен мәлімет алып, жаза салады. Баяғыда өз аяғымызбен барып, көзімізбен көріп жазатын едік. Оны тану керек, іздену керек. Баяғыда Сәбира Майқанова апайдан сұхбат алу үшін театрға он рет барғам. Содан кейін «Толғанай» деген эссе жаздым. Қазір дәл солай ізденетін журналистер азайып кетті. Жастар көбіне журналистикаға сән үшін, «жұлдыз» болу үшін, атақ-даңқ үшін келуді мақсат ететін тәрізді. Қысқасы, баспасөзге қолбала ретінде қарау пікірі үстем.
– Жас буын журналистің біразы тікелей тәліміңізді көрді, тұсауын кестіңіз. Идеяның қозғаушы тетігіне айналдыңыз. Журналистер арасында «Шер-ағаңның шекпені» дегендей, «Қалидың қайрағы» деген ұғым қалыптасып келеді…
– Шер-ағаңдай болу қайда-а-а-а… Біз Шер-ағаңнан алғанымызды әлі жетілдіру үстіндеміз. Ғабеңнің (Ғ. Мүсірепов) «Ай мен Күнайғайламай-ақ шығады ғой» деген сөзі бар. Өзі дарынды адам бәрібір жарып шығады. Біздің міндет – соған сеп болу, білгенімізді айту, дұрыс бағыт-бағдар беру, жолға салу.
Бізде апта сайын тәртіп туралы жиналыс болмайды, оны әркімнің санасы шешеді. Біз анда-санда жиналып жақсы әңгімедүкен құрамыз. Сол әңгімеде бәрі айтылады. Сол әңгіме санасында саңылау барға едәуір азық болады. Тілшілерді аралап жүріп әңгімелескенді ұнатамын. Ой, идея, тақырып кейде оқыстан туады. Бас редактор ешқашан өзін бастық сезінбеуі керек. Бастық сезінген адам өзіне өзі ерте үкім шығарады, ой тоқырайды, тез таусылады. Бастысы, рухани тойымсыз адам болсаң, жұмысыңда нәтиже болады.
Қазір менеджер деген кәсіп пайда болды. Кейбір салаға соның маманын емес, мықты ұйымдастырушы, пысықай деп біреуді қоя салады. Саланың маманы әрі кеткенде оның орынбасары болады. Бұл шын мәнінде кадрды қорлаудың бір түрі. Талантты адамды тұқыртудың бір таптырмас тәсілі. Бұрын бас редактор тұлға болатын. Оны ел білетін. Бүгінде олай ойламайтын сияқты. Әркім өз ісімен айналысса елде ілгерілеу болатынын бағамдайтын түр байқала бермейді. Қысқасы, «кім сойса да қасапшы сойса екен» дейтін ақ ешкінің арманын еске алуға тура келіп тұр.
Адам өз кемшілігін де, артықшылығын да іштей біледі. Өзіңді өзің мақтау өліммен тең. Жалпы адамның болмысы қайшылыққа толы. Ішкі қайшылық, ішкі мәдениет – адамның өзін-өзі жетілдіруі үшін, рухани дамуы үшін өте-мөте керек нәрсе. Баспасөз бөспесөзге айналмай, туған мүмкіндікті пайдаланып, тарихқа кеткен есені қайтарудың маңызын көбірек ойласақ, ұлт ұпайы өзінен өзі түгенделеді. Қысқасы, мәдениетінен мән кетіп, руханияты рухсыздыққа бет бұрған елдің топырлатып заң қабылдаудан көзі ашылмайды. Ел ізгілікпен, жүректегі иманмен басқарылған күнде сол көп заң керек болмай қалады.
– Бүгінде байсалды баспасөз, жалаңдаған әлеуметтік желі, «бәрін білетін» блогер, сайрандаған сарыжағал басылым, самсаған сайт қотысып кетті? Осының ортасынан баспасөз өз орнын қалай табады?
– Бұл да бір аламан. Қазір бәсекенің заманы. Кімнің тауары (бұл жерде – ақпарат) сапалы, ұтқыр, өткір – сол өтімді. Ақпарат құралының көптігінде тұрған ештеңе жоқ. Көзі қарақты оқырман өзі таңдап, талғап оқиды, керегін алады, керек емесін күресінге тастайды. Ұлттық баспасөз заманауи, дарынды орта қалыптастырған жағдайда ғана ақпарат кеңістігіндегі өзінің орнын ойып алады. Бәйге атын есті қазақ көкпарға салмайды, оны баптап, күтіп, таң асырып тұрады. Санаулы дәстүрлі басылымды бәйге аты десек, мемлекет оған қамқорлық көрсеткені орынды. Қалғаны, таланттың шаруасы. Ал, ол қамқорлықты сезінбесе, өз обалы өзіне.
– Ағынан ақтарылған ашық әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Өмірдерек
1959 жылы 22 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. 1976 жылы орта мектептi бiтiрiп, сол жылы ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiне түсiп, 1981 жылы журналист мамандығын алып шықты.
Еңбек жолын «Лениншiл жас» газетiнде («Жас Алаш») корректор болып бастап, 1987 жылға дейiн тiлшi, аға тiлшi болып iстедi.
1987-1988 ж.ж. – «Өркен – Горизонт» газетiнде жауапты хатшы,
1988-1990 ж.ж. – Алматы облыстық «Жетiсу» газетiнде жауапты хатшының орынбасары,
1990-1995 ж.ж. – «Егемен Қазақстанда» тiлшi, аға тiлшi, бөлiм меңгерушісі,
1995-1997 ж.ж. – «Парасат» журналы Бас редакторының орынбасары,
1997-2005 ж.ж. – «Жас Алаш» газетi Бас редакторының бiрiншi орын-
басары.
2005-2021 ж.ж. – «Алматы ақшамы» газетiнiң Бас редакторы.
2021 жылғы 1 ақпаннан «Ана тілі» газетінің Бас редакторы.
ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лау-
реаты, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Құрмет» (2006 ж.),
«Парасат» (2018 ж.) ордендерi иегерi, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Журналистер одағы сыйлығының
лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Өнер-өмiр», «Сендердi сағынғанда», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Абыз-аңыз», «Шер-шындық» атты кiтаптардың авторы.