Металлургтер әулетінің тағы бір белді мүшесі зейнеткерлер аулына ат басын бұрды. Жезқазған мыс қорыту заводының басшылығы мен кәсіпкомы сән-салтанатымен шығарып салды.
Өмірінде мұндай толқымаған шығар?! Айтылған ақжарма тілек пен алғаусыз алғыс тұлабойын шымырлатып, бір сыйқырлы сезімге бөлеп, өткен-кеткенді қас-қағым сәтте есіне түсірді…
– Рашид Біркенұлы, Сіз қашанда бізбен біргесіз! – деген кәсіпорын басшысы Дүйсенғали Байқуатов Алғыс хат пен сыйақы тапсырды.
Рашид Омаров – қарашаңырақ Қарсақбайдың тумасы. Қаратөбенің етегіндегі қашанда қарадомалақтардан босамайтын еспе құмға талай аунады. Жаз шыға қызығы қызатын жастар бағында түнмен таласып жасырынбақ ойнады. №3 орыс орта мектебінде оқыды. Үздіктермен үзеңгілеспесе де, орташалардың қалың ортасынан табылып, белсенділігімен танылды.
Есейіп, ер жеткен бозбала кездесуден түн ортасы ауа қайтып келе жатып металлургиялық заводтың қызыл шамы жылтылдап көкке шаншылған мұнарасына жиі қарайтынды шығарды. «Мен де осында жұмыс істейтін боламын» дейтін көңіл түкпіріндегі түйсігінің таңдауына табан тіреп. Өзіне сенімді еді. Басқаша болуы мүмкін еместей көрінетін.
Әкесі Біркен ұзақ жыл осында ұнтақтаушы болып жұмыс істеп, 1963 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Ағайынды үш ұлдың үлкені Альберт әке жолын жалғастырып, кейін Жезқазған мыс қорыту заводының күкірт қышқылы цехына электрик болып ауысты. Кезек Хамитқа келді. Ол алдымен Қарсақбай металлургиялық заводының, сосын Жезқазған мыс қорыту заводының балқыту цехында электрмен дәнекерлеуші болып істеді.
Алдында осындай даңғыл жол жатқан Рашид соны соқпақ іздеп басын қайдан қатырсын?! Мектеп бітірген жылы-ақ көз тігіп жүрген кәсіпорынға тас қалаушы болып орналасты. Бір жылдан кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды. Қайтып оралғасын заводтың қосалқы буынына емес, киіз қалпақты әке-ағалары ақжалқын алауды ауыздықтап, қызуы бет қаратпайтын балқыма алған негізгі цехқа барды.
1982 жылы Жезқазған мыс қорыту заводының балқыту цехындағы анод бөлімшесіне түсті металл құюшы болып ауысты. Есімі елге танымал мықты металлург Әбдірахман Томпаевтың комсомол-жастар бригадасына қосылды. Әбекең білікті басшы, білгір маман, керемет ұйымдастырушы еді. Бригададағы 25 жігіт бір-бірін қабағынан түсінетін. Жастар ұжымының жұлдызы жоғары жанып, Бүкілодақтық еңбек бәсекесінде бірнеше рет жарыс көшін бастады.
Өзгеріс – өмір заңы. Бригада құрамы жылжыған жылмен жаңарып, басшысы ауысқанымен қазіргі заманауи технологиялық үдерісті мінсіз меңгерген мәрт мамандық иелері берілген тапсырманы тиянақты орындап келеді. Мыс бұлағын ағызған осындай ортада оның отыз жыл өмірі өтті. Өкінбейді! Жезқазғанның саф алтындай сары мысы әлемге аян екенін, сондай деңгейге көтерілуіне өзінің де үлесі барын Рашид Омаров мақтаныш етеді. Еңбек жолы аброймен аяқталғанына «Тәуба!» дейді.
Бүгінде зайыбы Раушан Жезқазған байыту фабрикасында конвейер машинисі болып істейді. Тұңғышы Зарина «Тұран» университетінде оқиды. Ал, Карина – Екатеринбург университетінде, болашақ эколог. «Менің осы қызым оқу бітіріп келгесін көзіміз ашылады. Сәл шыдайық!» деп, кенжесіне қалжыңдайтыны бар…
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.