Ұлытау облысы әкімінің белсенді жастарға арналған «Ұлытау ұланы» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Бұл – жастарды қолдау және олардың жетістігін дәріптеу бағытындағы маңызды жоба. Салтанатты рәсімнің басты мақсаты — жастардың білімге, еңбекке, шығармашылыққа және азаматтық белсенділікке деген талпынысын қолдау.
Марапат облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, өз еңбегімен өңір дамуына үлес қосқан жастарды ынталандыру мақсатында қолға алынған. Салтанатты жиынға мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдің дарынды, белсенді жастары қатысты.
– Жастар – ел болашағының айнасы. Сіздердің жетістіктеріңіз өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына серпін береді, – деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров құттықтау сөзінде.
Байқауға 50-ден астам өтінім қабылданды. Қазылар алқасы сегіз аталым бойынша жеңімпазды анықтады. Атап айтқанда: Нұргүл Ахатқызы «Жас саясаткер», Инабат Мұханбедиярқызы «Жылдың жас көшбасшысы», Гүлім Аймағамбетова «Үздік жас кәсіпкер», Ардақ Жарқынбеков «Үздік жас өнерпаз», Бекжан Қабжанов «Жылдың спорт жұлдызы», Айнара Нұрғазиева «Жас ерікті – қоғам жанашыры», Назерке Сапарбек «Жас медиакөшбасшы», Жігер Еділбаев «Жылдың үздік жас еңбеккері» аталымдарына ие болды.
Жүлдегерлерге диплом, арнайы статуэтка және ақшалай сыйлық табысталды.
Өз тілшіміз.

