Халықаралық еңбек ұйымы 1989 жылдың 28 сәуірінде канадалық, американдық жұмысшылардың бастауымен өндіріс орындарында қайғылы жағдайға душар болған, жарақаттанған жұмысшы өкілдерін еске алу, олардың әлеуметтік қорғалуын үкімет тарапынан қолдау жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсынысты бүкіл әлемдік ерікті кәсіподақ мақұлдап, қазіргі уақытта барлық елде осы күн айрықша маңызға ие болып келеді.
«Қазақмыс» корпорациясына қарасты құрылымдарда еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникаларын күшейтіп, жарақаттанудың нөлдік деңгейін қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дүниежүзілік Еңбекті қорғау күніне орай Жезқазған өндірістік аймағындағы кәсіпорындарда бірқатар іс-шаралар мен байқаулар өтті. Бұл шараларға өндіріс ошақтарындағы Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мен бастауыш ұйымдары ұйытқы болды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ-ндегі «Кәсіп Қорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Гүлнәзия Тәжібаева өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің бір топ маманын ұйым атынан құттықтап, еңбекті қорғаудағы еңбектеріне алғыс білдірді. Гүлнәзия Қабыкенқызы өндіріс орындарындағы қоғамдық инспекторлардың жұмысына ерекше тоқтала келіп, оларға жаңа үлгідегі куәліктерді табыстады. Сала мамандары марапатқа ие болды.
Еңбекті қорғау күніне «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-нің Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымы табыспен жетті. Өндірістік қауіпсіздікке айрықша үлес қосқан еңбеккерлер мен қоғамдық инспекторлар «КәсіпҚорған» кәсіподағы тарапынан құрметке кенелді. Зауыт директоры Дүйсенғали Байғуатов, кәсіподақ төрағасы Ардақ Мұқажанқызы салтанатты жиында қауіпсіздік сақшыларына ақ жарма тілектерін арнап, марапаттады.
Жылдағы дәстүрге сай «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС-нің кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева еңбекті қорғауда сүбелі үлесі бар еңбеккерлерді ұлықтауды ұмытпады. Тау-кен, шахта жабдықтары зауыты мен Жезқазған сервис кәсіпорнындағы үздіктерді үкілеген Мәриямкүл Өмірбекқызы қоғамдық инспекторлар мен жекелеген қызметкерлерге басшылық атынан алғыс жариялап, кәсіподақтың сый-құрметін көрсетті.
Дүниежүзілік деңгейде аталып өтілетін күн ретінде 28 сәуірдің өндіріс орындары үшін маңызы айрықша. Осыны ескерген Шығыс, Оңтүстік, Батыс, Жыланды кеніштеріндегі кәсіподақ комитеті еңбеккерлердің еңбегін ескеріп, абыройларын асқақтатты. Осы тұста айта кетейік, Шығыс Жезқазған кенішінде өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бағыты бойынша кеніш еңбеккерлерінің арасында шеберлік байқауы өтті.
«ЖезқазғанТранко» ЖШС кәсіподақ ұйымы қауіпсіздік саласындағы үздіктерді марапаттаудан бөлек, еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған жұмысшылардың балалары арасындағы сурет салу байқауының қорытындысы шығарылды. Комитет төрағасы Елдос Әбікенов марапаттау салтанатында жас суретшілердің таудай талабына табыс тілеп, сый-сияпат тапсырды.
Мерекеге орай ұйымдастырылған сурет салу байқауының жеңімпаздары Нұрқазған кенішінде де өтіп, ұжым еңбеккерлерінің балалары кәсіподақтың марапатына ие болды. Кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев, кәсіподақ комитеті Айбын Арынғазинов өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімі ұжымына алғыс жариялап, мамандарын марапаттады.
Атаулы күнде «Транко Экспресс» ЖШС-ндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті «ПЛАТ» кәсіпорны жұмысшыларының арасында шеберлік байқауын ұйымдастырды. Тесттік жүйеде білімдері мен дағдыларын сынаған кәсіпорын еңбеккерлерінің арасынан үздік шыққандарды комитет төрағасы Әсел Жанжігітова марапаттап, алғыс хат пен ақшалай сыйақы табыстады.
Табыс кілті қауіп-қатерсіз еңбекте екендігін жақсы бағамдайтын «Қазақмыс» еңбеккерлері мерекеде осылайша марапатталды.
Бағдат АЙТӨРЕ.