Қаныш Имантайұлына қатысты жауһар жәдігерлер желісімен жасаған саяхатты Жезқазған тарихи-археологиялық музейі мен Сәтбаев қаласындағы академиктің есімін иеленген мектеп музейінде көрген-білгенді көпшілік назарына ұсынумен аяқтағанды жөн санадық. Әрине, бәрін бірдей қамтыдық деп айта алмаймыз. Бұл тақырып алда әлі талай мақалаға арқау болары анық.
Бармақтай бағалы «Тас»
Ол – Қаныш Имантайұлы өз қолымен жазған сипаттамасы қоса сақталған «Гранат» минералы. Бармақтың басындай ғана, бірақ, баға жетпес қымбат қазынаға айналған осы бір бурылтас Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде көрнекті жерге қойылған. Ғұлама ғалымның қолтаңбасы мен қымбат жәдігер басқаға бұйырмай, мұнда қаңғалақтап қалай келген?
2018 жылы қыркүйектің басында Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог, ғалым Антонина Сергеевна Ермолаевамен «Жанына археологияны серік еткен» атты кездесу өтеді. Сол кездесу кезінде құрметті қонақ музей қорына Қаныш Имантайұлының қолтаңбасы бар бір жапырақ қағаз бен «Гранат» минералын береді.
«Мұндай сирек жәдігерді сақтап, жұртшылықтың игілігіне айналдыруға бұл тарихи-археологиялық музей әбден лайық!» деген Антонина Сергеевна жәдігер жүріп өткен жолдың тарихын да тілге тиек етеді. Оны кезінде Қаныш Сәтбаев археолог Кемел Ақышевке беріпті. Ол ұлы Әлішерге аманаттаған. Ал, Әлішер оны Антонина Ермолаеваға ұсынып тұрып: «Жәдігерді сенімді бір музейге тапсырарсыз» деп өтініпті. Сол өтінішті орындаудың орайы осылай келіпті.
Ал, Қаныш Имантайұлының қара-көктүсті, ақжолағы бар, астары сұр түсті матадан тігілген галстугін тарихи-археологиялық музейге Жезқазған қаласының тұрғыны Қарлығаш Сердалинова тапсырыпты. Оны 1983 жылы жасалған қабылдау актісі айғақтайды. Қарлығаштың әкесіне ол галстукті сол үйде қонақта болғанда Қаныш Сәтбаев сыйға тартыпты.
Музейден Қаныш Имантайұлының шағын (өлшемі: 28:18,5см.) дала сөмкесін де көрдік. Қоңыртүсті, іші үш бөліктен тұрады, тойтарма түймесі бар. Сондай-ақ, экспозициядан Қаныш Сәтбаев тапқан минерал: табиғи мыс, халькопирит, борнита, халькозин, малахит, азурит, гиалит, халцедон лайықтыорыналған.
Негізі құнды әрі сирек кездесетін жәдігер мен коллекция жинаудың көзі – экспедиция. Музей қызметкерлері 1979 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы Орталық Қазақстан Археологиялық экспедициясының құрамында өңірде жүргізілген археологиялық қазба жұмысына белсенді қатысып келеді. Аймақ аумағын, ежелгі тұрақ пен қалашы қорнын зерттеу арқылы туған өлкенің тарихы мен мәдениетін айқындайтын мәнді мәлімет жинады. Музей қоры мыс және қола бұйыммен, қыш ыдыс, тағы басқа археологиялық жәдігермен толықты.
Тұғырын тапқан теодолит
Кеншілер шаһарындағы №27 жалпы орта білім беретін мектеп – академиктің есімін иеленген қаладағы қазақ мектептерінің қарашаңырағы саналады. Бұдан жиырма жыл бұрын есігін айқара ашқан «Сәтбаевтану» музейі бүгінде мектеп ұжымының ғана емес, жалпы жұртшылық жиі бас сұғатын киелі орынға айналған. Музейдің басты экспозициясы – академиктің өмірі мен қызметі жайлы алуан дерек шоғырланған, ол тұтынған түрлі сирек зат туралы баяндайтын ғажайып ғалам. Оған екі жүзден астам жәдігер қойылған.
Қарсақбайда болашақ ғалым іргетасын қалаған геологиялық бөлім базасында құрылған Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясын жаңа ғасыр басында қайта құру кезінде Қаныш Сәтбаев күнделікті қызметінде қолданған кен құрамын анықтайтын «Том» теодолит құралы, кен іздегенде пайдаланған «Алмаз» геологиялық компасы, «Феникс-М» есептеу машинкасы осы музейге тапсырылды.
Қаныш Сәтбаев 1931-1934 жылы сызған «Тасқұдық» кен орнының сызбасы – сирек кездесетін жәдігерге жатады. Музей қорындағы құнды жәдігер қатарында бүгінде жер қойнауындағы табиғи байлықтың құрамында кездеспейтін таза мыс кені, хризоколла, кальцит, пирит, барнит, халькоперитсынды тас та бар.
Қорда қыздарының бұрынғы Никольский қаласына әкесінің есімін беру, ескерткіш орнату, кезінде дау-дамай тудырған тегін дұрыс жазу жөніндегі бірнеше хаты сақталған. Сондай-ақ, академик жайында жазылған бір сыпыра еңбек қойылған. Дара дарынның ізінен ерген, оның көзін көріп, бірге еңбек еткен адамдар туралы мағлұмат пен бейнесі «Кен өндірісінің қаһармандары, академиктің ізбасарлары» деген атаумен топтастырылған.
Музейде танымдық тәрбие сағаты, ұлы ғалымды көрген, қызметтес болған адамдармен қызықты кездесу өткізіліп тұрады. Қанекеңнің ізбасары, белгілі геолог В. Штифановпен, сәтбаевтанушы, жазушы Медеу Сәрсекемен, қызы Мейіз және күйеубаласы Т. Әлжановпен, үзеңгілес серігі Халық Темірбаев ақсақалдың зайыбы Айсара апаймен өткізілген керемет кездесу оқушыларды айтарлықтай әсерге бөледі.
«Сәтбаевтану» мұражайы тарих және мәдениет саласының мекемесімен, зерттеуші ғалыммен, ізденімпаз жас буынмен тығыз байланыс орнатқан.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттерді түсірген автор.
ЖЕЗҚАЗҒАН – СӘТБАЕВ.