Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай шахматтан турнир өткізді. Оған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты құрылымдардың еңбеккерлері қатысып, бақ сынады.
Сәтбаев қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенін екі күн дүбірге бөлеген әуесқой шахматшылардың арасынан жүзден жүйрікті таңдаған ойын тартысты өтті. Ақтық мәреге дейін алдына қара салмай келген үш жеңімпаз турнирдің жүлдегерлері атанды.
Ойын нәтижесінде бірінші орынды Жезқазған кен байыту фабрикасының еңбеккері Таңат Дүйсентегі жеңіп алса, екінші орынды «ТранкоПетралог» ЖШС-нен Ерлік Сейдахметов еншіледі.
Жүлделі үшінші орын Жезқазған мыс қорыту зауытының намысын қорғаған Бейбіт Әжібековке бұйырды. Ұйымдастырушылар атынан жеңімпаздар ақшалай сыйақымен марапатталды. Қатарластарынан оза шапқан әуесқой шахматшылар кәсіподақ ұйымының осындай игі шараларына ризашылықтарын жеткізді.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.