Халықаралық еңбек ұйымы 2003 жылдан бастап 28 сәуірді «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» деп белгіледі. Содан бері бұл күн халықаралық денгейде аталып келеді. Адамзат дамуында еңбектің ерекше рөлін білгенімізбен, бірақ еңбек ету барысында соның қозғаушы күші адамның өзінің өмірі мен денсаулығына келтірілетін қауіп-қатерлерді ескермей жатамыз.
Еңбек жағдайы мен оны қорғауды жақсарту – қазіргі таңда кез келген мемлекеттің өз азаматтары алдындағы міндеті. Ал бұл жұмыстарды экономика салаларында құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық жағынан кешенді түрде жүргізгенде ғана жүзеге асыру мүмкін. Сондықтан, біздің елімізде еңбек қауіпсіздігі мен қорғау бағытында мемлекеттің бірегей саясатын, басымдықтары мен еңбекті қорғаудағы басқару жүйесінде шешілетін міндеттерді айқындау мақсатында жаңа идеология жасақтау қажеттілігі туындаған соң, мүдделі ұйымдармен қатар кәсіподақтардың белсенді қатысуымен, Қазақстан Республикасында еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды қамтамасыз ету Тұжырымдамасы жасалды.
Қазіргі күні алпауыт кен өндіруші «Қазақмыс» компаниясының басшылығы азаматтарымызға жұмыс орнында лайықты жағдай жасауға баса көңіл бөлуде. Өндірісте жазатайым оқиғалар тәуекелділігін, кәсіби сырқаттарды, өлім жағдайларын төмендетуге, сонымен қатар, жұмысшылардың өмір ұзақтығы мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар өз деңгейінде жүзеге асуда.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың негізгі бағыттары мен басымдықтары болып табылатын еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін дамыту, жұмысшыларды өндірістегі жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесін дамыту, заңнамаларды сақтауда мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және ынталандыру жүйесін жетілдіру сынды міндеттерге «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы да мүдделі тарап ретінде көңіл бөліп келеді. Кәсіподақ алғаш құрылған жылдардан бері еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлардың қызметі жолға қойылды. Бүгінде кен өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарда кәсіподақ комитетінің сенімді өкілдеріне айналған қоғамдық-техникалық инспекторлардың жұмысы жөнінде «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының бас қоғамдық инспекторы Шәкен Жұмабекұлы Кененбаев былайша әңгімелеп берген болатын.
– Өндірісте ауыр жарақат алу жағдайын түбегейлі шешу мен алдын алуда еңбекті қорғау талаптары қатаң ескерілуі қажет. Осыған орай кәсіподақтың қоғамдық инспекторлар қызметіне жүктелген міндет те салмақты. Қоғамдық инспектор еңбек ұжымының арасынан сайланады.
Негізгі талап – іске мығым, өз жұмысынан бөлек, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүре алатын белсенді болуы керек. Жезқазған филиалында қазіргі күні 105 инспектор бар. Бұл жауапкершілігі зор қызметке кірісер алдында инспекторлар арнайы оқудан өтеді. Еңбекті қорғау талаптарының жай-жапсары, атқарылатын жұмыстары турасында бағыт-бағдар беріліп, білімдерін жетілдіреді. Сәтбаев қаласындағы технологиялық колледждің арнайы оқу бөлмесінде дәрістер оқылады. Инспекторлардың жұмысына баса мән беріліп отырғандықтан олар бақылау, тексеру шараларын тиянақты орындауға міндетті.
Өндіріс нысанындағы еңбекті қорғау жағдайын тексеру үшін оларға аптасына бір рет төрт сағаттан уақыт беріледі және инспектор кәсіпорын басшысының рұқсатынсыз өз бетінше тексеріс жұмыстарын жүргізуге құқы жоқ. Қоғамдық инспектор тексеріс шараларын кеніштің техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандармен, бас инженерлермен бірлесе жүргізеді.
Қоғамдық инспекторларға биылғы жылы жаңа үлгідегі куәліктер дайындалды. Онда Еңбек кодексі мен жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы келісім-шарттардан үзінді берілген.
Сонымен қатар, биылғы жылдың қорытындысына сай 28 сәуірде 15 инспекторды марапаттаймыз.
Әр ай сайын инспекторлар атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріп, мәлімдеп отырады. Негізгі міндетінен бөлек, қосымша жауапкершілік арқалаған инспекторлар, соның ішінде бір ай көлемінде туындаған мәселені шешу мен еңбек жағдайын жақсартуға қосқан үлесіне қарай үстемеақы алады. Ондағы мақсат – инспекторларды ынталандыру.
Кәсіподақ ұйымының қоғамдық инспекторларды ынталандыру жөніндегі Ережесіне сай жұмыс жасаған бір топ инспекторлардың есімін атап кеткен жөн. Мысалы, Жезқазған кен байыту фабрикасында Анатолий Бахтин, Алма Әбішева, Гүлнәз Бегаева сынды қоғамдық инспекторларымыз өндірістік қауіпсіздікке барынша үлес қосып келеді. Ал, олардың жұмысына фабрика директоры Мұрат Бөрібаев үнемі қолдау білдіріп отырады.
Былтыр Жезқазған жылу-электр орталығының, Оңтүстік Жезқазған және Батыс кеніштерінің инспекторлары бұл бағытта нәтижелі жұмыс көрсетті, – деп әңгімесін бір қайырған Шәкен Жұмабекұлы кәсіподақтың қоғамдық-техникалық инспекторларының мәртебесінің өсе түскенін тілге тиек етті.
– Инспектор ең біріншіден шыншыл әрі қиын сәтте шешім қабылдай білуі қажет. Жұмыс орнында туындаған мәселелерді дер кезінде басшылыққа жеткізіп, реттеу үшін де табандылықтың болғаны жөн. Мен жоғарыда атап өткен әрбір инспектордан осындай талапшылдықты байқаймын. Байқаймын да іштей қуанамын. Өйткені, қоғамдық инспектордың беделі өсіп, жұмысы оңға басты деген сөз. Қазіргі күні Жезқазған өндірістік аймағындағы кәсіпорын басшылары қоғамдық инспекторлардың жұмысына оң бағаларын беруде.
Қай дәуірде болсын адамзат үшін еңбек дамудың, жетілудің даңғыл жолы болып қала бермек. Сондықтан да еңбекті қорғау – ұлттың болашағын ойлау. Біздің инспекторлар атқарып отырған шаруа болашағымыздың жарқын болу жолындағы қадам. Сондықтан да қоғамдық-техникалық инспекторлардың жұмысы өндірістің қай саласында да маңызға ие бола бермек, – деп сөзін түйіндеді Шәкен Жұмабекұлы.
Өндіріс үдерісі дамыған сайын, қауіпсіздік шараларының да күшейе түстетіні ақиқат. Бір ғана бұлжымас қағида бар. Ол еңбек жағдайын дұрыс қалыптастыра отырып, жарақаттың нөлдік деңгейін қалыптастыру. Біз сөз етіп отырған қоғамдық-техникалық инспекторлар бар ынта-жігерлерін, білімдерін өндірістік қауіпсіздікке бағыттап келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.