Қарсақбайдан басталған қарапайым қадамы Үлкен Жезқазғанға ұласқан ғұлама ғалым, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа қатысты бедерлі белгі, өткен-кеткенді қозғауға «тамызыққа» жарайтын жәдігер Ұлытау – Жезқазған жағында жеткілікті. Ендігі әңгіме соның бір парасына байланысты.
Қаныштан қалған «көз»
Бес бөлмеге белгілі бір жүйемен жауһар жәдігерлер жайғасқан тарихи ғимаратты ел осылай әспеттейді. Өте орынды! Өйткені, онда басы артық дүние жоқ, тіпті Қаныштың түймесін қадаған тебенге дейін, «тіл бітсе» талай сырды жайып салар түрі бар. Онда 3 мыңға жуық жәдігер сақталған.
1928 жылы салынған екі пәтерлі еңселі үйдің бір басында 1941 жылға дейін отбасымен Қаныш Имантайұлы тұрды, екіншісінде геологиялық кеңсе орналасты. Академиктің 70 жылдығына орай мемориалдық музейге айналған ол – жиі жолың түссе де жалықтырмайтын, рухыңды көтеріп, жан-дүниеңді жаңғыртатын айырықша әлем.
Академиктің өмірбаянын өрнектейтін жәдігер жинақталған бұрынғы «қонақ бөлме» Қаныштың тұңғышы Қанисаның естелігі негізінде, 1940 жылғы үлгімен қайта қалпына келтірілген. Өте қарапайым. Ел «голландка» атап кеткен темір пешті осы шаңырақта жатып оқыған бала біткен тақтақылып пайдаланған.
«Пештің қабырғасын тақта қылатынбыз. Мизюля (Қаныштың қызы Мейіз – авт.) сабақтан келген соң Мария Васильевна (ұстазы – авт.) болып, мектепте оқығанын маған үйрететін» деп, бөлесі Л. Милеева (Таисияның сіңілісі Марияның қызы – авт.) еске түсіреді. Жеті жасында нағашысы Қаныш қолына алған Кемал Ақышев та мектепті Қарсақбайда бітірген.
Қазір «минераллогиялық кабинетке» айналған бір кездегі «жатын бөлмеге» керемет коллекция қойылған. Жезқазғанның мысы мен мырышы, Байқоңырдың көмірі, Ақтастың сутасы (хрусталь), Жездінің марганеці, Балқаштың бариты бірден көзге түседі. Ал, жоспарлаушы, жабдықтаушы, есепш іотырған, батыл болжам жасалып, бүкіл аймақ тағдыры шешілген аядай бөлме бүгінде Қарсақбай тарихына арналған.
«Қазақтың Қанышы» атанған академиктің жеке мүлкі геологтар кезінде «камералька» атаған, жұмысты жүйеге келтіріп, минерал өңдеген бөлмеге жинақталған. Киім-кешегіне қарап-ақ иесінің қандай талғампаз болғанын байқау қиынемес. Ол темекі тартпаған, насыбай атқан: шақшасы сол қалпы сақталған. Жолға шыққанда қалдырмайтын көне шабаданы да осында.
Өзгермегені – «қызмет кабинеті».Үйдің бұл басы геологиялық кеңсе болған кезде де Қанекең осында отырған. Қабырғада – көлемді геологиялық карта. Бір бұрышты ала жұмыс столы жайғасқан. Қасында – сызба столы. 100 жылдығы тойланғанда ғұлама ғалым 1929-1941 жылдары тұтынған жиһаз, кітап сөресі музейге қойылған.
Сызба столы
Соғыс «бағын ашқан» кеніш
Қаныштың Жездіге қатысы қарастырылғанда, алдымен Ұлы Отан соғысының бастапқы кезінде болат қалқанның (бронь) беріктігін нығайтатын шикізат қоры жау қолында қалып, қысқа мерзімде марганец кен орны қатарға қалай қосылғаны ойға оралады. Шынтуайтында, оның тамыры тым тереңде жатыр. Соғыс – соның салдары ғана!
М. Төрекелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіндегі Қаныштың 1936 жылғы 3 ақпандағы қолжазбасының түпнұсқасы мен 1942 жылы қаңтарда жоғары жаққа жазғанхатының көшірмесі көп жәйттан сыр шертеді. Қолдағы құжатқа қарасақ, жас ғалымның жіті назары Қарсақбайдан «қозы көш» жердегі Жезді жүлгесіне бірден түскені байқалады.
Қолжазбаның түпнұсқасы (ақпан, 1936ж.)
«Нарсай» мен «Найзатастың» маңайындағы қойнауға бұрғы бойлатып, отызыншы жылдың аяғына дейін-ақ марганецтің қоры барын анықтайды. Ол кезде оған сұраныс кемшіндігінен кен көмбесіне көңіл аударылмай, бар күш мыс кенін іздестіруді ұлғайту мен оның қорын анықтауға жұмсалады. Соған қарамастан, қаражат үнемдеудің көзін тапқан Қаныш «Найзатас» шоқысын шолып шығады.
1936 жылғы 3 ақпандағы қолжазбада ол геологиялық-барлау жұмысын жүргізудің жай-жапсарын «жіліктеп» жеткізіп, қайжерге қандай бұрғылау қондырғысын қою мен қанша тереңдікте ұңғыма өту керектігін, тіпті тәсілін көрсетеді. «Үлкен Жезді» өзенінің осы бір аңғарында жатқан марганецтің қоры түбі бір кәдеге жарайтынын қалтқысыз түйсінген сыңайлы.
Соғыс басталған жылы тамызда болат қалқан жасауға қажетті шикізат қоры – Никополь бассейні жау қолында қалды, қарашада Қаптауындағы Чиатура кен орнына тартылған шойынжол істен шықты. Марганец мәселесі күнтәртібіне өте өткір қойылды. Сол сәтте Жездідегі кен қорын анықтауға қатысты қым-қиғаш күрес қала йжүргені 1942 жылы қаңтарда КСРО ХКК Геология ісі жөніндегі комитет басшысы И. Малышевқа жазған хата көрініс тапқан.
И.Малышевқа жазған хаттың көшірмесі (қаңтар, 1942ж.)
«Құпия» деп белгі соғылған, машинкаға басылған 9 беттік хабарламада 1941 жылы желтоқсанда басталған, бірақ бір ай бойы түбегейлі шешімін таппаған кен қорын анықтау мәселесі орынсыз тығырыққа тірелгенін тілгетиек етеді. Аумақтық қор комиссиясының күмәнді шешіміне күдікті сейілтетін нақты айғақ, жан-жақты дәлелмен жауап береді.
Марганец жолындағы бұл «мылтықсыз майдан» қалай аяқталғаны, Жездінің тағдыры қалай шешілгені тарихтан белгілі: кеніш бір ай бір аптада өңдеу кәсіпорнына шикізат жөнелтті. Ұлы Отан соғысы кезінде Одақта өндірілген марганецтің оннан жеті бөлігінен астамы Жездінің үлесіне тиді…
Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттердітүсірген автор.
ҚАРСАҚБАЙ – ЖЕЗДІ.