12 сәуір – қазақ халқының данышпан перзенті, ұлы ғалым, киелі Жезқазған–Ұлытау аймағының өркендеп–дамуына негіз қалаған даңқты геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. Бұл күнді кенді өңір халқы аса бір серпіліспен, зор қуанышпен атап өтуді мәңгі дәстүрге айналдырған.
Міне, бұл жолы да қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындары ұлы тұлғаның ескерткіші алдында жиналып, Қаныш бабасына құрмет көрсетті. Қос қаланың билік, корпорация және жұртшылық өкілдері сөз алып, жүрекжарды лебіздерін арнады. Жезқазған қаласында Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының артистері Қаныш Сәтбаевтың кенді өңірге алғаш келген сәтінен көрініс сахналады. Жұртшылық ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Айта кету керек, Томск технология институтының түлегі Қаныш Сәтбаев осыдан тура 95 жыл бұрын 11 мамыр күні Қарсақбайға алғаш атбасын тіреген болатын.