Тамыз айының алғашқы жексенбісі Көлік қызметкерлері күні. Осы кәсіби мереке қарсаңында жүргізушілер мен көлік қызметі саласында еңбек етіп жатқан жандарды іздейтініміз белгілі ғой. Ал ондай азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірі – «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі Мақсат Сейітов.
Ел ауызекі «Қазақмыс Серивис» атап кеткен сервистік компанияның негізгі міндеті «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніштерде жұмыс істеп жатқан тау-кен техникаларын жөндеу және бөлшек саймандармен қамтамасыз ету. Яғни, бір сөзбен айтар болсақ, кеніштердегі тау-кен техникаларына сервистік қызмет көрсету.
Былай қарағанда бұл жұмыстың аса қиындығы жоқ сияқты. «Тәйірі, бөлшек-саймандар мен қажетті құралдарды жеткізіп бергенде тұрған не бар дейсің», деп ойларымыз әбден мүмкін. Иә, солайы екені де рас. Бірақ, сол құрылғылар кеніштерге уақытылы жетпей жатса, не болмаса әкелген бөлшек-сайманың ауысып кетіп жатса кенішке қаншама қаржы шығын келетіні, қаншама уақыттың жоғалатыны, қаншама жанар-жағар майдың босқа жағылатыны айтпаса да түсінікті. Ендеше сол құрылғыларды жеткізіп тұратын жүргізушінің ептілігі, қырағылығы һәм іске жауапкершілікпен қарайтыны үлкен рөл атқарады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мақсат Сейтов сондай жандардың санатында. Ол уақытпен еш санасуда білмейтін жан. «Кеніште техника тоқтады, дереу мынадай сайман керек» деген хабар жетісімен жолға шығады. Іздеген сайманы қоймадан табылса жақсы. Кейде, қоймадан табылмаған керекті бөлшек сонау жақтағы «Жомарт» кенішінен шығып жатады. Мезгіл түн бе, күндіз бе, ауа райы қолайлы ма, қолайсыз ба. Оған қарап жататын уақыт жоқ. Мақсат жолға шығады…
«Бұл не қылған тынымсыз жан. Робот па?» дейтін шығарсыз. Жоқ, робот емес. Бірақ жұмысына мығым, ісіне адал, жауапкершілігі зор азамат. Ол бала жасынан соған үйренген. Өзі туып, өскен Шиелінің «Бәйгеқұм» совхозы бақша өсірумен айналысатын. Әке-шешесі осы совхозда бақша егіп, өнім жинайтын. Мақсат та еңбек жолын осы «Бәйгеқұмда» жүргізуші болып бастады.
– 1981 жылы онжылдықты бітірген соң ата-анама көмекші боламын деп машина рөліне отырдым. Ол кезде мектептің жоғары сыныбында оқитын балаларға машина, трактор жүргізуді оқытатын. Мектеп бітіргенде аттестатпен бірге жүргізушілік куәлік те беретін. Соның пайдасын мен көрдім. Мектеп қабырғасынан шығысымен совхоз басшылар ескі «ГАЗ-52» машинасын беріп, «осыны жөнде де мін деді». Жөндедім де міндім. Бақшадан қауын, қарбыз, көкөніс тиеп алып, оны совхоз орталығындағы қабылдау пунктіне тасыдым. Күн, түн демей жүрдім. Мұным совхоз басшыларына ұнады білем, кейін маған «ЗиЛ-130» машинасын берді. Ел «көкқасқа» атап кеткен үлкен жүк көлігі тақымыма тигенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалғандай болды, – деп еске алады Мақсат бүгінде өзінің жүргізушілік жолдарын.
Сол 1981 жылдан 1994 жылға дейін Мақсат «Бәйгеқұм» совхозында еңбек етті. Кеңес үкіметі құлап, кеше Одақтың талай өңірін көкөніспен ала қарбызбен, иісі бұрқыраған қауынымен қамтамасыз етіп тұрған совхоздың да шаңырағы шайқала бастады. Ақыры ел «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін күй кешті. Мақсат та елмен бірге өндірісі бар Жезқазған өңіріне келіп, «Қазақмыс» корпорациясына жүргізуші болып жұмысқа ораласты. Әуелі Сәтбаев қаласындағы №3 кен байыту фабрикасында еңбек етті. 2010 жылға дейін осы кәсіпорында жүргізуші болып, жүк тасып, бөлшек саймандар жеткізіп беріп жүрді.
– 2017 жылы «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауыстым. Қазір осы сервистік компанияда еңбек етіп жатырмын. Жұмыстың жауапкершілігі өз алдына, тынымсыздығы тағы бар. Менің міндетім шахтыдағы жерасты техникаларына уақытылы сервистік қызмет көрсету. Бұзылған жағдайда қажетті бөлшек саймандарды дер уақытында жеткізу. Ескісін зауытқа әкеліп, жөндетіп, өңдетіп қайра апарамыз. Біздің жұмыста кесімді, белгілі жұмыс кестесі жоқ. Тәуліктің кез келген уақытында жүре береміз, – дейді Мақаң ағынан жарылып.
… Сонау сексен бірінші жылдан есептегенде Мақсат Сейітовтың машина руліне отырғанына 42 жыл болыпты. Содан бері ол қаншама шақырым жолдарды артта қалдырды. Жұмысын да жауапкершілікпен атқарып, «ол сондай адам екен» деген сөз ерткен жоқ. Еңбек жолдары да жеміссіз емес. Мақтау грамоталарын да алып жүрді. Сый-сияпаттары өз алдына бір төбе. Жалпы, Мақаң туралы айтар әңгіме әлі көп.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.